Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемелді істер кезеңі

Кемелді істер кезеңі

Жаңа ғасырға аяқ басқан елдің әл-ауқаты әлдеқайда жақсарды. Айтарлықтай өзгерістер орын алды. Саяси жаңғырды, экономикасына қан жүгіріп, әлеуеті артты. Ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясат бекем болды. Әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделі артты. Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Газеттің бүгінгі санында «Жылнамалар жаңғырығы» айдарында Тәуелсіздіктің 11 жылы, яғни 2002 жылға тоқталамыз.
Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан бұл жыл Президент пәрменімен «Денсаулық жылы» болып жарияланды. Ұрпақ келешегі, ұлт денсаулығына алаңдауға боларлық жағдай осы тұста қалыптасты.

Денсаулық жылындағы даму
Жасыратыны жоқ, сол кездегі денсаулық сақтау саласының деңгейі көңіл қуантарлықтай болмады. Мәселен, деректерге сүйенсек, тұрғындардың орта жасы 64-ке тең еді. Бұл ТМД елдерi арасында ең төменгi көрсеткiш болып табылатыны дәлел бола алады. Оған қоса мемлекетте туберкулез ауруы, есiрткiқұмарлық, ана мен жалпы өлiмнiң көптiгi, бала туудың кемуi, медициналық көмекке қол жеткiзудiң қиындығы үлкен мәселеге айналды. Алайда дер кезінде қолға алынған түбегейлі шаралардың нәтижесінде мiндеттер жүйелі орындалды. Ал бұл ұлт болашағы үшін атқарылған кемел істердің бастауы еді. Осы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде тегін медициналық көмектің кеңеюіне жол ашатын денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бастама кейінгі жылдары да жемісін беріп отырды.
Сыртқы саясаттың жетістіктері де айтарлықтай оқиға ретінде орнықты. Ықылым заманнан қатар орныққан көршілес елдермен, оның ішінде, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық тіресіп, тең дәрежеде сөйлесіп, ықпалдастықтың ырғағын тең деңгейде ұстай алдық. Нәтижесінде халықаралық аренада елдің салмақты бағыты, өзіндік ұстанған жолы, ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге келтірген ел екені танылып үлгерді.

Елдегі екінші құрылтай
Тәуелсіздіктен бергі 2002 жылға дейінгі кезеңде атқарылған жүйелі жұмыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан азат, өз тізгіні өз қолында, әлемдік қауымдастықтың тең құқылы әріптесі ретінде таныла білді. Халықаралық саясатта ғана емес, экономикалық бағытта да сапалы дамуға қол жеткізді. Еуропа Одағы мен АҚШ жылдың басында Қазақстанды нарықтық экономикалы ел ретінде мойындады. Елдің экономикалық даму перспективаларына назар аударылып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлдыраған кәсіпорындар мен ұйымдарға көмектің негізгі бағыттары да жүзеге аса бастады.
Бұл жылдың тағы бір ерекшелігі, киелі Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Онда «Бүгінгі күн жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастардың төрт жүзге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері ата жұрт деп алып ұшқан алыстағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болуда. Қуаныштарыңыз құтты болсын, бауырлар! Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», – деді Дүниежүзі қазақтары құрылтайының ашылуында тебірене сөз сөйлеген Президент Н.Назарбаев.

Келешек үшін келелі кездесу
Егемендік еншілегеннен кейін Мемлекет басшысының өзге елге сапары бір сәтте тоқтаған емес. Бір жылдың өзінде ел болашағы үшін әлемнің алпауыт елдерімен сауатты қатынасып, тығыз байланыс орнатты. Осы жылдың наурыз айында Президент Н.Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары болды. Онда Елбасы аталмыш ел Президенті Кочерил Раман Нараянмен, Премьер-министр А.Б.Ваджпаимен кездесті. Сапар шеңберінде Мемлекет басшысы Делиде Абай атындағы көшеннің ашылу салтанатына қатысты. Бұл жыл сәуір айында Алматы қаласында бірінші Еуразиялық медиафорумыменде көптің есінде қалды. Оңтүстік астанада өткен шараға жетекші саясаткерлер, экономистер мен саясаттанушылар да жиналды. Құрлықаралық басқосуға әлемнің 30 елінен келген жетекші ақпараттық агенттіктердің 200-ге жуық журналисі қатысты. Олар Еуропа, Азия және Америка ақпараттық кеңістігінің көшбасшылары еді. Форумның негізгі мақсаты – әлемдік медиа қауымдастығындағы көшбасшылар мен сарапшыларды біріктіру болып табылды. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған оқиғадан кейінгі Шығыс пен Батыс арасында орын алған айырмашылықтарды жою үшін журналистердің кәсіби диалогы жүрді. Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының саяси, мәдени және әлеуметтік рөлі айқындалып, мемлекеттің баспа және электронды БАҚ-тарды идеологиялық құрал ретінде пайдалануы қарастырылды.
Бұл кезеңде Вашингтон Қазақстанға нарықтық экономикалы мемлекет мәртебесін беру туралы мәліметті хабарлады. Ал мұндай мәртебе беру елімізге инвесторларды тартуға мол мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл республикамыздың халықаралық имиджін көтеруге зор септігі тиеді.
Мамыр айында Мәскеуде Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің кездесуі болды. Келіссөз барысында екі елдің экономикалық қарым-қатынасына байланысты мәселелердің үлкен ауқымы қаралып, шешім қабылданды. Солардың ішінде Каспийдің Ресей мен Қазақстанға қатысты солтүстік бөлігінің табанындағы көмірсутегі шикізатын пайдаланудың мәселесі айрықша маңызды. Бұл құжатты Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий жағалауындағы мемлекеттердің бәрі негізге алуға болатын бағыт» деп атады. Осылайша, 1998 жылдан бері екі елдің арасындағы өзекті мәселеге айналған теңіздің солтүстік бөлігіндегі түбін қалай пайдалану керектігі енді айқын шешім тапты.
2002 жылы тағы бір есте қаларлық жағдай – күз айында Ежелгі Тараз қаласының көптен күткен 2000 жылдық мерейтойы өтеді. Мереке ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Көп ұзамай Астана төрінде, сулы жасыл-желекті бульвар орталығынан шыңына алтын шарды көтерген күміс түсті жарқыраған мұнара – Бәйтерек монументі бой көтерді. Биіктігі 97 метр болатын ғимарат көкке ұмтылған Астананың символына айналды. Мемлекет басшысы жасаған сызбанұсқаның жобасы негізінде тұрғызылған монумент халықаралық байқауда ТМД елдеріндегі 2002 жылдың ең үздік нысаны ретінде алтын медальға лайық деп танылды.

Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ

12 мамыр 2021 ж. 593 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031