Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 1996 жыл: Азаттықтың алтын сатысы

1996 жыл: Азаттықтың алтын сатысы

Енді ғана егемендігін еншілеген елдің бірден аяққа тұрып кетуі екіталай. Оны тарих тереңіне үңілген жұрт жақсы біледі. Биыл тәуелсіздік туын желбіреткенімізге – 30 жыл. Осы жылдар ішінде ел тарихында елеулі оқиғалар орын алды. Соған сәйкес «Қазалы» газетінде арнайы айдармен азаттық алғаннан бергі жылдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. Бүгін 1996 жылы елде болған елеулі оқиғаларға тоқталамыз.

Қайта жаңғырған құрылым
1996 жыл – Тәуелсіздіктің бесінші жылы. Жаһан картасынан кеше ғана орын алған мемлекет осы жыл ішінде не тындыра алған? Алғашқы бесжылдықта тәуелсіз елдерге қойылатын талаптардың барлығы жүзеге асты. Әлем мемлекеттері Қазақстанды таныды. Халықаралық ықпалдастық артып, дипломатиялық қатынас орнықты.
Бұлардың бәрі осылай өз орнымен қалыптасуы тиіс дүние болар, бәлкім. Дегенмен бесжылдықтағы ең басты жетістігіміз – бейбітшілік пен тұрақтылық. Рас, күні бүгінге дейін жер-жиһанның әрбір ұлты үшін ең басты дүние бейбітшілік пен тұрақтылық екенін ескерсек, егемендікке қолы жеткен Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Өйткені сол кездің өзінде көпұлтты ел болашағына бал ашқандардың барлығы қандай да бір келеңсіздіктің болатынын сенімді болжайтын. Қазақстан қаншама ауыртпалықты басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың мекеніне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ сапалы қаланған осы ұстаным әлі күнге дейін елдің жетістігіне ғана емес, халықаралық қауымдастық қызыға қарайтын үлгілі жолға айналды.
1996 жылға қайта оралсақ, бұл жыл да мемлекеттігіміз үшін ауыз толтырып айтарлықтай оқиғаларға толы болды. Жаңғырған Конституцияның арқасында жаңа тұрпаттағы мемлекеттік құрылым жасақталып, қираған одақтан «мұраға» қалған қалың мәселелерден тазару жұмыстары жалғаса түсті. Өркениеттік дамуға сай қос палаталы кәсіби Парламент өз жұмысын бастап, биліктің басқа тармақтарымен ынтымақтасқан заң шығарушы билік қоғам үшін сапалы құжаттарды қабылдауға кірісті. Осы кездері қабылданған өміршең заңдардың өзі мемлекеттің саяси-экономикалық жаңаруына үлкен сеп болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің тәуелсіз дамуындағы 1996 жылдың еншісіндегі жетістіктің өзі бір төбе.

Халықты қажытқан кезең
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 1996 жылы да еліміздегі ішкі жағдайдың, әсіресе әлеуметтік қамтудың жақсара қоймағанын байқаймыз. Жалақы айлар бойы берілмеді, күнкөрістің төмендеп, Кеңес одағында болмаған жұмыссыздық мәселесі шынымен жағадан алды. Өтпелі кезең халықты қажытты. Әйтсе де, бұқара келешектен күдерін үзбеді.
1996 жылы елде 12 мың шағын, 18,7 мың жекеменшік кәсіпорын, 2 мыңнан астам кооператив жұмыс істеген екен. Ал осы жылдың 1 ақпанында Зейнетақы қорының зейнеткерлерге қарызы 4,7 миллиард теңгені құраған.
Республикада кәсіпорындар мен ұйымдардың 70 процент жалақы төлеуді кешіктіруінің салдарынан еңбекақы жөніндегі жалпы қарыз 31,5 миллиард теңгеге жеткен.
1996 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика емдеу мекемелерінде тіркелген туберкулезбен ауыратын адамдардың саны 45 мыңға жеткен. Сондай-ақ бұл кезде ірі қара малдың туберкулезбен ауруы 4,4 процентті құрады. Республикада жалпы білім беретін 8368 мектеп жұмыс істесе, оның 3328-і қазақ тілінде, 2484-і орыс тілінде сабақ жүргізді. 92 мектепте сабақ неміс, ұйғыр, корей және басқа тілдерде өткізілді. Осы жылы елде 66 жоғары оқу орны жұмыс істесе, мұндағы студенттердің тек 20 процент ғана қазақ тілінде оқытылды.
Сонымен қатар республикада басылатын 1227 газет-журналдың 275-і қазақ тілінде, 497-сі орыс тілінде, 412-сі екі тілде жарық көрген. 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуінде ғана қазақ тілінде хабарлар дайындалыпты.

Сәтті басталған сапар
1996 жылдың тәуелсіз елдегі ішкі дүние осылай болса, халықаралық аренада Қазақстанға қатысы бар шаралар да бірінен соң бірі өтіп жатты. Осы жылы Қазақстанның да араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды. Ұйымның құрылуына сол кезде жұрт күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзінің шынайылығын, қажеттілігін танытты. Ұйымның өңірдегі ғана емес, әлемдегі беделі де айтарлықтай жоғары.
Тәуелсіздіктің бесінші жылы Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың алғашқы баспалдақтары қалана бастады. Экономикалық ынтымақтастықтар негізінде Президент Үндістан, АҚШ, Малайзия, Сингапур, Австралия елдеріне сапар жасап, олардың бәрі де дерлік сәтті өтті. Оның жемісі де кейінгі жылдары біліне бастады. Мәселен, сол жылдың 17-18 қантарында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапар жасады. Одан соң 19 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. ҚР СІМ Алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады.
21 ақпан күні Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Е.Примаков Қазақстанға сапармен келді. Ол ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевпен кездесті. Әңгіме барысында олар екі жақты ынтымақтастық, ТМД шеңберіндегі интеграциялық процестерді және бірқатар халықаралық мәселелені талқылады.
Көктемнің алғашқы айларында, соның ішінде 3 сәуір күні Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары құжатқа дәстүрге сай өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды.
26 сәуірде Тұңғыш Президент аспан асты еліне ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық келісім) қол қойды. Қазақстан үшін бұл құжаттың маңызы аса жоғары болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақтастық принципінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынастарының жаңа кезеңі басталды.
Ертесіне, яғни сәуір күні Алматыда ҚР-ның және Ресей Федерациясының президенттері Каспий бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеру құқығы Қазақстанға берілген, ал Ресей бұл салада барынша жәрдемдеседі деп белгіленген.
Көктемнің соңғы айында егемен елдің ертеңі үшін келелі кездесулер аз болмады. Соның алғашқысы Елбасының Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барғаны. Онда Президенттер жоғарыда айтқан Каспий теңізі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ресейге берілген Байқоңыр
Бұл жылдағы басты жаңалық – Байқоңыр ғарыш айлағының пайдалануға берілуі. Нақтыласақ, 25 мамырда бірінші Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылса, екінші Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісім жүзеге асты.
25-29 мамыр күндері ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Малайзия мен Сингапур мемлекеттеріне ресми сапар шекті. Елбасы Малайзияның Жоғарғы басқарушысы Туанку Джафар Абдул Рахманмен және елдің Премьер-министрі Махатхир Мохамадпен кездесті. Екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық, инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы, сауда келісімі құжаттарға қол қойылды. Артынша Тұңғыш Презтдент Сингапур мемлекетіне барып, ондағы аға министр Ли Куан Юмен және Премьер-министр Гох Чон Тонгпен кездесті.
Осы жылдың тамыз айында Алматыда Орталық Азия Одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Жиын барысында 1996-1998 жылдарға арналған Біртұтас экономикалық кеңістік құру бойынша іс-шара бағдарламасы бекітілді. Қатысушы мемлекеттер шекаралық аумақтарында арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылдады.
Қазақстандықтарға 1996 жылдың тағы да есте ерекше сақталуына себепші болған 30 қыркүйектегі Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының қосылғаны болатын. Сонымен қатар 11-12 қараша күндері Түрікменстанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі жағалаудағы бес мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің бірінші кеңесі өтті. Жыл соңында яғни 3 желтоқсан күні Н.Ә.Назарбаев Лиссабонда өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысып, саммиттің алғашқы күнгі жұмысына төрағалық етті. Сондай-ақ елдің санасында сақталған 16 желтоқсанында Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды.
Айта кетейік, 1996 жылдан бастап Қазақстан Америка құрлығының барлық 35 мемлекетінің басын біріктіретін ірі өңірлік ұйымға тұрақты бақылаушы мемлекет болды.

Абзал ЖОЛТЕРЕК


02 наурыз 2021 ж. 2 629 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930