Қоңырдың мәні
Қоңыр – қазақ тіліндегі ең асыл түстердің бірі. Ол көптеген атаумен сөз тіркестерінде «қоңыр» атауы аса бай лексикалық қорымыздың бір бөлшегі. Белгілі ғалым М.Әуезов бұл түс жөнінде былай дейді: «Бұл сөздердегі нақты мағыналардың саналуандылығы, ылғалға қанған құнарлы топырақ сияқты ортақ басым эмоциялық сырлы астарды бойына сіңіреді. «Қоңырмен қосақтасатын сөздер адамның көру, есту сезімі, тәні мен жаны және парасаты үшін мінсіз сабақтастық құрайды.
Ол жаймашуақ, мамыражай табиғатқа, хас сұлу мен сәйгүлік тұлпардың ғажайыптығына, күміс көмей әншілер мен музыкалық аспаптардың «құлақтан кіріп бойды алатын-тәтті әндері мен әсем күйлерінің» құдіретіне, нағыз кемеңгерлердің этикалық дарындылығына және басқа да адамзатты тамсандыратын әдемілікке қолданылады. Сонымен қатар сағым іспеттес мінсіздік. Оған тағзым етуге болады, бірақ оны адам жасаған жоқ, сондықтан оны ұстап тұру пенденің қолынан келмейді. Бұдан қоңырдан кейін ілесетін сөздердің кіршіксіз мұңлы сарыны туындайды. Ұдайы толғандыратын, мәңгі саф мөлдірлігін сақтайтын осы атасөздің, «мұң» сөзімен тіркесте жиі қолданылатыны барынша табиғи қалыптасқан құбылыс». Қоңыр сөзінің түске қатысты, біршама шартты белгісі: ғайыпқа кетіп бара жатқан өмір сияқты қызыл түстің қара түске қарай ұласуы. Күйзелістер, өздері жасамайтын беймәлім перспективадағы түбегейлі өзгерістер кезеңінде қоңыр сөзі, әрине, мұңлы көңіл-күй нышанындағы мағынаға ие болды, бірақ бұл сөзде сұрапыл жылдарды бағындыруға деген ерік-жігер мен ынта да бар еді. Осындай көңіл-күйге ең алдымен ақындар, ғұлама-ойшылдар мен қоғам қайраткерлері ұйытқы болды. Мамандардың айғақтары бойынша, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы озық қазақ интеллегенциясының арасында «қоңыр» және «жел» сөздеріне ерекше мән берілген. Мұхтар Әуезов өзінің ең алғашқы туындыларын «қоңыр» лақап атымен шығарған. Мағжан Жұмабаевтың бүкіл поэзиясындағы толассыз «жел» бейнесі – тосқауылдарды бұзып-жарып өтетін жойқын күш, нәзік әрі аялап, тербететін татулық пен ырыздықтың дәнін себетін табиғи құбылыс.
Қоңыр үндік бояу, табиғаттың өзі қалыптастырған дыбыс, бояу ерекшелігі. Осыған орай қазақ домбырасының үні, оның болмысы, табиғаттың өзі тудырған бояу. Яғни домбыра мен қобыздың үні, табиғаттағы барлық үндердің үйлесімді бірлігін танытатындықтан басқа аспаптардың үндік қасиеті табиғатымызға тән болған қоңыр үнінен өріс алып, халықтың болмыс-бітім ерекшелігін танытып рухани өрісін қуаттаған. Ертеде ата-баба үнді күшейту үшін «қоңыр күй тартатын болған. Қоңыр күйлер әдетте домбыраның ми нотасының бұрауына түсіріп, бос бұрап тартқанды талап етеді. Себебі, күмбірлеген үн шіңкілдеген дыбыстан емес, төмендеу келген жуан емес ортадағы толқымалы дыбыс сазынан төгіледі. Үн тереңнен қайырылып, күмбір күйдің сазы өзіңе жақын бояуларымен ынта қойғызады.
Ш.Уәлиханов алғаш естелікке алған, есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мынадай бір аңыз бар: «Әлем жаралудан бұрын әуен жаралған екен. Ол бастапқыда ғарышта өмір сүріпті. Бір жолы әуен әлемді шарлап көруді ойлайды. Жер бетіне жақындап, бір жерден аласа екінші жерден биік ұшыпты. Әуенді жердегі барлық халық өзінше естіпті. Қазақ даласына келгенде, әуен тіптен төмендете қалықтап өтсе керек. Сондықтан, қазақ әнге бай, әнші халық екенбіз» деп мақтана айтатын.
Музыка – ұлт өлсе де өлмейтіндей ұлы өнер. Қазақ даласында «әу демейтін қазақ жоқ» екені де рас. Бірақ осының сыртында музыканттар зерттемеген, олар қол сұқпаған көптеген дыбыс бар. Қазақ халқы сол үндердің бәріне ат қойып таңбалапты: сырқырап тұр, шарылдап тұр, ысылдап тұр, барылдап тұр, қырылдап тұр, ызыңдап тұр. Бұл сазгерлер қолданатын дыбыстардан тысқары. Бірақ осы сынды әуезге ат қоюда қазақ жүздеген сөз шығарған екен. Әлде кең табиғатта жүргендіктен жасады ма, әлде бір басқа да жағдай бар ма?! Қазақтың табиғатпен үндескен болмысынан, әндегі әр дыбысқа деген құштарлығынан қоңыр үн қалыптасса керек.
Әлемдік экологияның дыбысқа байланысына бір ғана мысал келтірсек, адам баласы жарық дүниеге жылап келген соң, қалыптасатын мінез-құлқының 70-80 проценті жағымды-жағымсыз үн әсеріне тәуелді. Әр адам баласы жақсылықтың 20, жамандықтың 80 процентін жасауға бейім тұрады екен. Музыкада да таразының бір басы жақсылық болса, екіншісі жамандықты тартады. Адамды музыкада қоңыр дыбыспен емдеуге әрі өте қатты жағымсыз әуен күшімен өлтіруге де болады.
Табиғатта бояу түсінің жеті түрі бар. Мұны жаңбыр жауғаннан кейін пайда болатын кемпірқосақтан көруімізге болады. Бояу мен дыбыс арасында өзара тығыз ұқсастық қалыптасқан. Қоңыр табиғатқа ең жақын үн. Баланың айналдырып ойнайтын ойыншығы оған жаңағы жеті түрлі түсті жеті бөлек қағазға бояп, айналасына жапсырып айналдырғанда, жеті түсті реңнің қосындысы қоңыр бояуды береді екен. Қазақта «қоңырды» баран дейді. Ал «қылаң» деп ақ пен қара түсті айтады.
«Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін..?» деген жолдардан Ақан Құлагерінің баран, яғни қоңыр болғанын байқаймыз.
Құлаққа жайлы, жағымды, ұнамды қоңыр сөзі тұрмысқа, әл-ауқатқа, дыбысқа қатысты айтылады. Адамның рухын, мінез-құлқын бейнелейтін кей жайттарды қоңыр қалыптағы күй дейді.
Қоңыр аба, сазды жайлап,
Сапырып сары қымыз, бие байлап.
Шіліңгір ыстық та емес, суық та емес,
Самал жел, қоңыр салқын тұрған айлап.
Бұл өлеңде қоңыр сөзі ауа райының ыстық та, суық та емес, адамға, тұрмысқа жайлы жағын бейнелеп тұр.
Бүгінгі күнге Қорқыт ата қоңыр үнді қылқобызын ойнағанда емделуге келген сырқат Қорқыттың жүзін көрмеген, есіктің ар жағынан тыңдап-ақ, ауруынан айығып кетеді екен деген аңыз жеткен. Сонда қоңыр саздың адам денсаулығына емдік қасиеті болғаны ғой.
Бабымен, ақырын сөйлеу құлаққа жағымды. Соның барлығы қоңыр деген өлшеммен өлшенбек. Адамға зиян келтірмейтін, жат мінез, оғаш өң бермейтін, дұрыс келіп, адамның көңілінен жақсы орын алатын құбылыстарды қоңыр дейміз. Қазақта қоңыр деген сөз көп нәрсеге – құстар мен жануарлардың да, жансыз нәрселердің де көптеген дыбысына қатысты айтылады.
Ал түркі елдерінің, соның ішінде қазақтың рухани энергетикалық өрісі «қоңыр» деп аталады. Бұл былай қарағанда онша қиын емес те секілді. Ата дәстүрді ұстану, оның шартын сақтау, дамыту, өз ұлтының жоралғысын күнделікті дәстүрде қолдану. Сөйтіп эгрорлық өрісті, яғни қоңырды байыту. Нәтижесінде қоңыр Байқоңырға айналуы мүмкін. Неғұрлым эгрорлық жүйе мықты болса, соғұрлым ұлт ділінің иммундық жүйесі мықты болады. Халықтың ділі жоғары күш иелері, киелерімен тығыз байланыс-бірлікте түзіледі. Елдің ұлт болып ұюына, әр адамның басқа адамға ізгілік тілеуіне шапағатын тигізіп тұратын киелі өріс әрбір ұлтта кездеседі. Қазақ халқында ол киенің атауы – «Қоңыр».
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп-
Қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңырайып жатыр алда жол әлі,
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы,
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоян жонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге... дейді Жұмекен Нәжімеденов «Қоңыр түс» деген жырында.
Дина БӨКЕБАЙ