Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Серіктің сыршыл әндері

Серіктің сыршыл әндері

Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй. Шындығында да, жақсы ән-күйге елеңдемейтін жан бар ма?! Осындай өнерге біртабан жақын бір досым:
– Республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасында танымал әнші Тамара Асар орындап жүрген «Ренжімеші» әнінің авторы Серік Төлеуов Қазалының төл перзенті, – деді.
Сұрастыра жүріп, жергілікті сазгер жігітті таптық. Серік ұзынша келген, қапсағай денелі, ақсары өңді, сыпайы мінезді азамат екен. Аз-кем таныстықтан кейін одан өнер жолы жайлы білуге ықылас таныттық.
– Мен теміржолшы отбасында дүниеге келдім, – деді Серік. – Әкем – Төлеу Айтжанов көп жыл Қазалы стансасында вокзал бастығы болып қызмет атқарған. Бала кезімнен гитара тартуға құмар болдым. Алмас, Темірбек есімді көрші ағаларымды айналсоқтап жүріп, 7 сыныпта оқығанымда бірнеше ән орындайтын дәрежеге жеттім. Сабақтан келісімен гитара тартамын. 10 сыныпты бітіретін жылы «Жан досым» деген ән шығардым. Сөзін де өзім жаздым. Бұл туындым құрбы-құрдастар арасына тез тарап кетті.
1983 жылдың күзінде Қызылорда политехникумына оқуға түстім. 1984 жылдың мамырында «Мұңаймайық» деген әнім дүниеге келді. Сол жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, Балтық теңізі жағалауында әскери-теңіз флотында Отан алдындағы борышымды өтедім. Армия қатарындағы соңғы жылда ауылға демалысқа келген сапарымда «Ренжімеші» әнін жарыққа шығарудың сәті түсті.
Бұл әнімді 2005 жылдың қаңтарында «Тамаша» айын-сауық қойылымының республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы көрсетілімінде әнші Тамара Асар Қазақстан халқының назарына ұсынды. Бірақ онда авторы кім екендігі айтылмады. Сосын телеарна атына хат жібердім. Алайда маған жауап келмеді.
Теледидар хабарларын бақылап жүрдім. Бірде «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңсәрі» бағдарламасында әнші Тамара Асар сұхбат берді. Онда «Ренжімеші» әнінің авторы табылды, ол – Уәлихан Жаңабаев – деді.
Осыдан кейін «Жас Алаш» газетінің «Ырғақ» қосымшасына хат жолдауымның арқасында «Асарға іздеу саламыз» деген мақалам басылды. Сөйтіп бейнебаяндағы әнді шығарған автор ретінде менің аты-жөнім жария болды.
Таныс азаматтардың көмегі арқылы Тамара Асардың телефонын тауып сөйлестім. Әңгіме барысында менің әнімді түсіргенін жеткізді. Мүмкіндік болса, келешекте шығармашылық байланыста болуға шақырды.
Тағы бір қуанышты жайт – менің «Жан досым» атты әнімді республикаға танылып жүрген әнші Ақылбек Жеменей аудиотаспаға түсірді. Қазір халыққа таратылып кетті.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, әндері республика көлеміне тарай бастаған талантты сазгер Серік Төлеуов бұл күндері Әйтеке би кентінде тұрады. Аудандық балалар музыка мектебінде техникалық қызметкер болып істейтін Серік бос уақытында гитарасын қолына алып, әсерлі әуен іздейді.
Бойына біткен таланты мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде соңғы жылдары бірнеше тартымды әуенді өмірге әкелді. Олардың қатарына Болат Кенжеәлиев, Еділ Нағыметовтың сөзіне жазылған «Қоңыр күз», «Жүрек сыры» және сөзін өзі шығарған «Бақытым – бағым», «Аққу» әндерін қосуға болады.
Қорқыт ата атындағы аудандық балалар музыка мектебінің директоры, Қазақстан Республикасы Композиторлар Одағының мүшесі Сәукен Әліш әріптесі туралы:
– Мен Серікті ұжымдасым және өнер саласындағы серігім ретінде айрықша құрмет тұтамын. Оның сыршыл әндері жүректі баурап, тұңғиық сезім әлеміне жетелейді. Кез келген шығармасын тыңдарманға ұсынарда асықпайды. Сапалы да мазмұнды дүниелерге құштар. Қашанда өнерпазға, шығармашылықты қадірлейтін талантқа осындай қасиет керек-ақ, – деген жүрекжарды лебізін ақтарыла жеткізді.
Өнер аспанында қанатың талмасын, Серік!

Сахи ҚАПАР
18 тамыз 2020 ж. 1 135 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 29

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930