Халыққа қызмет – басты талап

Арал ауданының «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінен осы жылдың 6 айында 614 985 текше метр ауызсу қабылданған. Тұрғындарға 516 670, мекемелерге 83 718 текше метр ауызсу таратты. Магистральды және ішкі су тарату желісі бойында болған ақаулар жөнделіп, қалпына келтірілді. 697 292 теңгені құрайтын жоспарлы жөндеу жұмыстары да атқарылды. Атап айтар болсақ, кент, қала, ауылдық елді мекендер бойынша су тарату бекеттерінің ауласындағы және ішкі су тарату құбырлары бойында орналасқан 312 дана көру құдықтарының іші лайдан тазартылып, ішіндегі ашып-жабу арматураларына, өрт гидранттарына техникалық күтім жасалды. Асфальт жолдың бойында ауыр жүк көліктері үстінен басып өту салдарынан үгітіліп сынып, жарамсыз болған Әйтеке би кентінде 15 дана көру құдықтарының темір-бетон қақпақтары ауыстырылды. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы бойынша жаңадан жүргізілген су құбырлары пайдалануға берілуіне байланысты ескі су құбырлары толығымен ажыратылды. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ішкі су тарату желісі және магистральды су құбырлары бойындағы орналасқан көру құдықтарының ішіндегі 32 дана ашып-жабу арматуралары ауыстырылды. Филиалдың қаражаты есебінен Бекарыстан би елді мекені №7 су көтеру-тарату бекетіне 410 метр және Мұратбаев елді мекені №10 су тарату бекетіне 350 метр темір-бетон қоршауларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

– Барлық ауызсу нысандарының аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 26 нысан бойынша 270 метр аяқсу жүретін арықтар қазылды, 7450 дана тал отырғызылды. Сондай-ақ 3445 шаршы метр жерге жоңышқа тұқымы, 1421 шаршы метр жерге гүл егілді. Қазір кент, қала, ауылдық округтер ауызсумен қамтылған. Бір әттеген-айы тұрғындардың ауызсуды ысырапсыз пайдалануы. Соның салдарынан жаз мезгілдерінде бекітілген мөлшерден 3-4 есе артық су берудеміз. Ауызсуды аяқсу ретінде далаға шашу жұмысшылар еңбегін елемегендік екендігін тұтынушылар ескерсе екен, – дейді Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің басшысы Әділхан Ахмет.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА