Көше мәдениетіне мән берейік
Қазақтың ардақты ақыны Ахмет Байтұрсынов: «Адам баласы үшін өмір сүйіп, қастерлеп өтер басты құндылықтары: туған өскен жерің» демекші, ата-баба аманаттаған құнды мұнараларын бағамдап, бағалай білу, болашаққа өз қалпында жеткізу біздің әрқайсымыздың парызымыз. жұртымыз ақылман ақсақалдардан, елжанды есті ерлерден кенде емес.
Осы жерде кіндік қанымыз тамғаннан кейін үнемі жоқшысы-жанашыры болып жүреміз. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездесе қалса, «Әттеген-ай!» деп жабырқап қалар жайымыз бар.
Соңғы жылдары Әйтеке би кентінің көшелері сырттан келген қонақтарымызға ұялмай көрсетуге жарарлық жағдай жасалып, барынша абаттандырылуда. Аудан орталығының келбеті көршілес аумақтардан артық болмаса кемдігі жоқ.
Кентіміздің көрікті жерлер санатына жататын домбыраның қос ішегіндей Әйтеке би мен Жанқожа батыр атындағы көшелердің бойы адам танымастай қалыпқа енді. Асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, жарықшамдар қойылды. Аталмыш екі көшемен жалғасып жатқан Үмбет би, Қ. Сәтбаев, С. Сейфуллин, Төле би, Р. Бағланова, Желтоқсан көшелерінің аяқсу барған жерлері жаз айларында жасыл желекке бөленіп жаныңа жылылық сыйлайды.
Алайда «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. «Мусаев» базарының оңтүстігіндегі Байтұрсынов, солтүстігінде Біржан сал көшесіне бара қалсаңыз көңілің құлазиды.
Мен жеке автокөлігімді жүргізіп, кейде рөлде көп боламын сонда байқағаным, көше бөлшектерінің біразына бір бағыттық жүру белгілері қойылған. Дегенмен бұлар ешқандай мәселені шешіп тұрған жоқ. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілер, арбадағы мүгедек жандар мен арба итерген кәсіпкерлер көше ортасында қауіпті жағдайда араласып жүр. Бұл жағдайды «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенге теңеген дұрыс шығар.
Сонымен бірге осы көшелер бойында орналасқан тұрғындар жол жиегіндегі кезінде үлкен еңбек күшімен егілген ағаштарды шауып, су жүретін арықтарды тегістеп, бетондап жаз айларында сауда алаңына айналдырып алған. Кейбіреулері «Бұл жерге машина қоюға болмайды» деген белгілерді де қадап тастаған.
«Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» дегендей Қ. Сәтбаев көшесінің біраз бөлігінде тұрғындар өз үйлерінің алдын асфальт жиегіндегі бардюрге дейін темір торлы қоршаумен тұйықтап алған. Ең сорақысы жаяу жүргінші жолына салынған әжетхананы да осы маңнан көруге болады. Осындай келеңсіздіктерден соң жаяу жүргіншілер автокөліктермен қолтықтаса көше ортасымен жүруге мәжбүр.
Жауынды күндері лас сулар адамдардың үстіне шашырап, киімдері бүлініп жүргізушілерге реніштерін білдіріп жатады. Оған қоса бұл жағдайлар адам өміріне қауіп туғызатыны сөзсіз.
Мұнымен қоса өңіріміздің өркендеуіне қатысты өрелі істердің басы-қасында болып, қанды майданда отанын қорғаған аталарымызға соңғы кездері көше атаулары беріліп жатқанын білеміз. Бұл кешегі тарихымызға, тарихты жасаған жасампаз еңбек ерлеріне тағзым деп білген абзал. Алайда «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей көше атауы берілген азаматтың туыстары соңғы кездері көше қиылыстарына бірінен бірі асатын ескерткіш орнату етек алып кетті. Жанынан өткенде көше ортасындағы бейітті елестетеді. Бұған тоқату жасалмаса келешекте көше ортасында кесене салынуы да ғажап емес деп ойлаймын. Осы мақаланы дайындау барысында әлеуметтік желіні бірталай ақтардым, бірақ мұндай келеңсіз дарақылыққа жол берілген өзге өлкені кездестірмедім.
Бір өкініштісі біздің атқамінерлеріміз көшелеріміздің бойымен әрі-бері зырғып жүріп біздің көргендерімізді көрмеді ме, әлде мән бергісі келмеді ме екен?
Сайып келгенде, біздің мақсат – біреуді сөгу немесе жерден алып жерге салу емес, туған жер түлеген үстіне түлей берсе деген тілек қана.
Бұл айтылғандарға ұсақ түйек деп қарамау керек, көше мәдениетіне мән беру – халықтың жағдайын ойлағандық.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері