Кенттің көркі артып келеді
1960 жылдары біздің бала кезімізде поселкелік кинотеатр қазіргі «Ақтілек» мейрамханасының орны болды. Оның басшысы «дядя Иван» (ұлты грек болуы керек) деген кісі еді. Күнде бос уақытында театрдың айналасына гүл, әртүрлі ағаштар егіп, оны суарып тынымсыз еңбек ететін. Гипстен жасалған мүсіндер айналасында фонтаннан су атқылап жататын. Кешкісін тұрғындар киноға келіп жайлы орындыққа отырып, суретке түсетін. Табиғаты әсем жер келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын.
«Елу жылда – ел жаңа» деген. Кентіміздің қазіргі келбеті тіпті керемет. Жыл санап көлемі ұлғайып, көшелер сәулеттеніп, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Әйтеке би кентінің оңтүстік-шығыс тұсында орын тепкен «Жеңіс» саябағына бара қалсаңыз, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек ерлеріне, қоғам қайраткерлеріне қойылған мүсінді көреміз. Көкке бой созған саялы ағаштар айналаға әсемдік сыйлайды.
Сондай-ақ Қ.Пірімов көшесі бойындағы Жалаңтөс баһадүр кесенесі мен Бегім ана, Асандар көтерілісі құрбандарына арналған ескерткіш пен гүл алаңқайлары, әсіресе, жаз айында айшықты ажарымен көз тартады. 5-ші квартал аумағындағы Жетес би көшесіндегі талапқа сай абаттандырылған алаң да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін көрікті орындардың біріне айналып отыр.
Сонымен бірге Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан жақында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер» алаңы ашылып, Әйтеке би бабаға ескерткіш қойылуы да аудан орталығының көркіне көрік қоса түсті.
Мезгілінде Жетес би ұрпақтарына «Еліңе аянбай еңбек етсең би боласың, санаспай бір-біріңе көмектессең үй боласың» – деген өсиет қалдырған. Олай болса бойымыздағы отаншылдық сезімнен айнымай, туған жердегі жасалып жатқан үлгілі жұмыстарға қолдау көрсетіп, оның көз қарашығындай бүлінбей сақталуына аянбай атсалысуды жадымыздан шығармайық.
Серік БӘЙМЕН,
еңбек ардагері