Ат ұстаған Ақансері
Бүгінде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдаланып, жеке кәсібін дамытып жүргендер аз емес. Сондай жанның бірі – Ақансері Шаймов. Ол «Құлагер» шаруа қожалығын басқарады. Оның иелігіне қарасты 300 гектар аумақты алып жатқан жерінде 500 бас қой мен ешкі және 70 бас сиыр, сондай-ақ, 150 жылқы мен 30 бас түйе жайылып жүр. Дүз даланың берекесі саналатын төрт түлікті бағып, өсіруде туыстары мен жолдастары қол ұшын береді. Екі адамды жұмыспен қамтып, оларға уақытылы жалақысын төлейді. Зейнетақы қорына тиесілі жарнапұлын аударып тұрады.
Ақансері Өмірзақұлы – жоғары білімді заңгер. Содан да болар, әрбір құжаттың дұрыс жүргізілуін өзі қадағалайды. Он төрт жыл бұрын әкесінің айтуымен Қарақалпақстаннан көшіп келген Ақаң Қызылордада «NSSKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры қызметінде болады. Кейін Майлыбас ауылдық округіне қоныстанады. Мұнда мал өсіріп, баптайды. Осы күні ата кәсіпті ұқыпты дөңгелетіп, абырой биігінен көрінуде. Тек өз ісімен айналысып ғана қоймай, ауылдағы қоғамдық шараларға да белсене араласады. №100 мектеп жанындағы құрамында 9 адамы бар «Қамқоршылық» кеңесінің төрағасы. Басты міндеті – әлеуметтік жағдайы төмен жандарға демеушілік жасауды ұйымдастыру. Көпке үлгі кәсіпкер мұндай дәрежеге ата-ананың тілеуі мен жан жарының қолдауы жеткізгендігін мақтанышпен айтады.
«Әкем Өмірзақ 1932 жылы Абай ауылында туылған. Кеңес үкіметінің ызғарына іліккен ол қудалауға ұшырап, Қарақалпақстанға өтіп кетуге мәжбүр болған. Ол орман шаруашылығында қызмет етті. Уақыт өте дүкенде сатушы болып жұмыс істеді. Әке аманатымен елге оралып, оның қалауымен Қазалы қой кеңшарына тұрақтадық. Отбасында 11 ағайындымыз, 7 ұл мен 4 қыз, бәрі де кәсіппен айналысады. Қазір Астана, Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларында тұрады. Майлыбаста өзіммен бірге әпкем Нәзира мен ағам Тұрмағамбет бар. Ағам бәйгеге жылқы дайындайтындықтан, атбегілікті қолға алған. Менімен бірге шаруа қожалығын жүргізеді», – дейді кәсіпкер.
А.Шаймов жаз мезгілінде ғана 5-6 бие сауып, қымызын сатады екен. Шөптің тапшылығына орай қыс, күз, көктемде тоқтатып қояды. Әзір 4 түйеден шұбат өндіріп, тұтынушыларға өткізіп отыр. Зайыбы Мәриям екеуі Дінмұхамед, Ақбала, Руслан, Ибраһим есімді балаларын тәрбиелеуде.
«Енді әке-шешем осында жерленгендіктен ешқайда көшпей, ауылды гүлдендіруге барынша атсалысуға әркез дайынмын. Алдағы уақытта асыл тұқымды ешкі алу ойда бар. Себебі, оның сүті адам ағзасына бірден-бір ем», – дейді Ақансері.
Осылайша істің көзін тапқан фермер мемлекетке қол қусырмай шаруашылығын маңдай тер еңбектің күшімен көркейтіп, ауыл экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуда.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА