Төбеге тұтарың көк байрақ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасы талаптарының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету - еліміздегі барша азаматтардың абыройлы борышы. Осыған орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өткізілді.
Онда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев «Аудан көлемінде Мемлекеттік рәміздердің қолданылуына жүргізілген тексеру қорытындысы туралы» хабарлама жасады.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше, осыған дейін Мемлекеттік рәміздерді стандартқа сәйкес дұрыс қолдану бойынша берілген тапсырмалар оң нәтижесін берген. Елдігімізді танытатын қасиетті белгілер талапқа сай орналасқан, түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Дегенмен, бірқатар мекемелерде кемшіліктердің де орын алғаны байқалды.
Зерделеу жұмысы барысында анықталған негізгі олқылықтар Мемлекеттік Елтаңбалар ескірген, түр-түсі оңа бастаған және стандартқа сай орналастырылмаған.
Мәселен, Бірлік ауылдық округіндегі №102 мектеп директоры мен клуб меңгерушісі бөлмесіндегі мемлекеттік Тудың орналасуы талапқа сай емес. Ауылдық округ әкімінің бөлмесіндегі мемлекеттік Тудың орналасуында да заңдылықтар бұзылған, Ту тұғырдың ұшы сынған. Бірлік ауылдық округі әкімі аппараты кеңсесінің сыртындағы мемлекеттік Елтаңба мүжіліп, бүлінген.
Майдакөл ауылдық округі әкімінің жұмыс бөлмесіндегі мемлекеттік Туы ластанып, тұғыры сынған. Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйі мен Өркендеу ауылындағы №104 мектеп маңдайшасындағы Мемлекеттік Тудың жиегі сетінеген.
Сондай-ақ, «Өркендеу ауылдық округі әкімі аппараты» КММ ғимаратының сыртындағы Елтаңба ескірген, бөлмесіндегі Туы ластанған, тутұғырдың ұшы сынған. “Аққоян” балабақшасының кіре берісіндегі мемлекеттік Тудың орналасуы заң баптарына сай емес.
Өткен жылы мекемелерде мемлекеттік рәміздер бойынша орын алған кемшіліктерге сәйкес жергілікті полиция қызметі тарапынан хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Алайда, аудандық сот арқылы екі хаттаманың күші жойылып, бір дерек бойынша айыппұл төленуде.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі М.Ергешбаев қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібіндегі талқыланған мәселелерге жауапкершілікпен қарап, нақты нәтижелер шығаруды тапсырды.
Сонымен бірге, 2018 жылдың бірінші тоқсанында облысымыздағы Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен насихаттау жайын Астана қаласынан арнайы республикалық инспекциялық топтың тексеретіндігін және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова төрағалық ететін Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияда Қызылорда облысы әкімінің осыған байланысты есебі тыңдалатындығын еске салды.
Сахи ҚАПАР.