Талантымен танылған тігінші
«Шеберлінің қолы – алтын» деп дана халқымыз айтқандай қайта жаңғырып, жастар тәрбиесіне арқау болған халық қолөнері бұл күнде ерекше сұранысқа ие. Кешегі ата-баба мұралары қазіргі кезде қолға алынып, жүректерден орын алуда.
Қазақ қолөнерінің тамаша туындыларын жасаудың қарапайым технологиясын бұл күндері тұрмысқа қайта енгізіп, өсіп келе жатқан жасөспірімнің қызығушылығын арттырып, шеберлігін дамытуға үлес қосып жүргендер арамызда баршылық. Солардың қатарына Жанқожа батыр ауылында тұратын Ләйла Жұмағалиды қосуға әбден болады. Ол №24 “Жауқазын” бөбекжай балабақшасында тәрбиеші қызметін атқара жүріп тігіншілік өнерін дамытып отыруды естен шығармады.
Ләйланың айтуынша, ісмерлік қабілет анасы арқылы дарыған. Ес білгелі ол кісі тігін машинасымен тұрмыстық бұйымдарды бүтіндеп, үй ішін жайнатып қоятын. Оның шеберлігіне қызыға қарап, кейін өзіне қуыршақ тігіп алады. Сонда Ләйла 9 жаста еді. Бесінші сыныпта еңбек сабағына халат тігіп әкелген оған пән мұғалімі таңғалған. Сөйтіп алғашқы күнделікке қойылған бестігі де есінде. Осының барлығы дарынды қызды шабыттандырып, тігін ісін дамытуға жол ашады.
Қазір Ләйла Аязбайқызы кез келген тапсырысты орындауға әркез дайын тұрады. Шебер қолымен қыз жасауы, шымылдырық, себет, той табақ, құрақ көрпе, түрлі үлгідегі көйлектер мен би костюмдері дайындалып, иесіне уақытылы табысталады.
– Маған көбіне ауыл адамдары тапсырыс береді. Мәселен, той табаққа арнап оюланған қоржын тігіп беремін. Оны көргендер ұнатып, келесі жолы өздері маған жолығады. Осылайша Әйтеке би кентінен де келетін тұрақты тұтынушыларым бар. Кейбірі топқа 20 балаға киім тігіп беруді сұрайды. Біреулері өздеріне шақтап киім пішіп беруімді қалайды. Келген тұтынушыларға өзінің дене бітіміне қарай қай үлгі жарасатынын айтып, қажетті материалдың қандай түрін алу керектігіне кеңес беремін.
Тігін тігу – жаным қалап, ұнататын хоббиім. Мамандығым балалармен тығыз байланыста болғандықтан оларға көрнекілікке фетр матасынан сумка, бесік, қол арба тігіп беремін, – дейді ісмер.
Ләйла Жұмағалидың отағасы Ертас Сұлтанбаев та өнерден құр алақан емес. Той-томалақты басқарып, асабалық қызмет атқарады екен. Мұндайда Ләйла тойдың әрін кіргізетін аркалар мен гүлдерді өзі тігіп дайындайды. Сондай-ақ той жүргізетін өнерпаздардың киімін тігеді. Тұтынушылар оның еңбегін бағалап, әркез алғыс айтудан жалыққан емес. Соның арқасы болар он саусағынан өнері тамған шебердің ауылдастары арасында абыройы асқақ.
Айта кетсек, біздің кейіпкеріміз аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған “Талантыңмен таңқалдыр” аудандық байқауында 1 минутта көйлек тігіп шыққаны үшін үшінші орынды иеленген. Бүгінде отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған бақытты жан.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ