Құрылыста қарқын бар
Ауданда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында көптеген мектептер мен балабақшалар күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұған дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары болып жатқан бірнеше білім ошақтары мен бөбекжайлармен танысқан болатынбыз. Сол қатарда аудандық білім бөлімінің «Шағала» балалар сауықтыру орталығы мен Әйтеке би кентіндегі №28 «Ақбота» балабақшасы да бар.
Жалпы 2020 жылға Қазалы ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы негізінде 42 инфрақұрылымдық жобаларға 3,010 млрд теңге қаражат бөлініп, қазірде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқанын айта кету керек. Сонымен қатар жобаларды іске асыру нәтижесінде 860 жұмыс орны құрылып, оның 431-і халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары арқылы тартылған болса, бүгінде 286 адам жұмыспен қамтылған.
Байыбына барып қарасақ білім саласындағы 12 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына барлығы 757,853 миллион теңге бөлініп, қарқынды іс атқарылып жатыр. Әуелде жоспарлағандай 240 жұмыс орны құрылып, 131-і халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы тұрғылықты жерден тартылып, 100 адам қызу шаруаға кірісіп кеткен.
Айта кетейік, аудандық білім бөлімінің «Шағала» балалар сауықтыру орталығы жатын корпустары мен асханасын ағымдағы жөндеу құрылысына республикалық бюджеттен 48,187 миллион теңге бөлінген екен. Мердігер мекеме «Қазалы тұлпары» ЖШС. Ал сауықтыру орталығының құрылысы алдағы уақытта басталады. Оған 19 жұмыс орны құрылып, 10-ы халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы тартылады.
Мұнан бөлек Әйтеке би кентіндегі №28 «Ақбота» балабақшасы ғимаратын ағымдағы жөндеу құрылысына республикалық бюджеттен 26,099 миллион теңге беріліп қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бас мердігер «Данияр 97» ЖШС міндетті қызметтеріне кірісіп те кеткен. Онда 10 жұмыс орны құрылып, оның 5-уі халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы шақырылып, бүгінге дейін 4 адам жұмысқа қабылданып, өз нәпақаларын тауып жүр.
Аудандағы бірқатар мектептер, балабақшалар мен балаларды сауықтыру орталықтары жөндеуден өтіп жатқаны көпті қуантады. Бала – болашағымыз екенін ескере отырып, оқушылардың қауіпсіз жерде білім алғаны басты назарда болғаны дұрыс. Ал жауапты мамандар атқарылып жатқан тиісті құрылыс жұмыстары уақытылы пайдалануға берілетінін айтады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК