Қазалыда 3 млрдтан астам қаржыға 42 жоба іске асырылып жатыр
Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілуде.
Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ апару, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салу, ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылатын болады.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданының мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы жарияланған 33, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған 9 жобаның жеңімпаздары анықталған. Жарияланған жобалардың жеңімпаздарының барлығы да Қазалы ауданының кәсіпкерлері. Бұл жергілікті кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау десек те болады.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсатын – жұмыссыздардың санын азайту. Осыған байланысты қолға алынған жобаларда аудан бойынша 436 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жұмыспен қамтылған азаматтардың жалақысы 85 мың теңгеден болады.
"Қазалы" ақпарат