Қиянатқа қарсы тұрған

Әкем 1906 жылы дүниеге келіп, өз бетінше арабша сауаттанып, көзі ашық, көңілі ояу азамат ретінде «Жаңажол» ауылында жастар ұйымының жетекшісі, қойма меңгерушілігін атқарған. 1930 жылдың тамыз айында күдікті ретінде ұсталып, айдалып бара жатқанда ауылдастары босатып алып қалады. Ауылға келіп қоймадағы астықты тұрғындарға таратып беріп, өкіметтің астамшылығына бойсұнбайды. «Дүзубай ағашы» деген жердегі баскөтеруде Кеңес үкіметінің мұздай қаруланған әскери кавалериясына қарапайым шоқпар, кетпеннің сабымен қарсы шыққан топтың құрамында болады. Көтеріліс жеңіліспен аяқталған соң қуғындау күшейіп, әкем 1930 жылы күзде Қиыр Шығысқа Ресей Федерациясының Магадан облысы, Анадырь ауданы, Гижига қаласына жер аударылады. (Ел ішінде сондықтан «Магадан ата» аталып кеткен). Сондағы алтын қазатын кеншілер бригадасында адам төзгісіз ауыр жұмысқа жегіліп, етінің тірілігі арқасында кеншілер бригадирлігіне көтеріліп, орысша сауаттылығымен ұшқыштар курсын бітіріп, самолет жүргізген. Сенімді серік, адал дос тапқан. Менің есімде қалғаны Кеңес Үкіметіндегі Министрлер алқасында Суслов деген кісімен достық қарым-қатынаста болып, 80-жылдарға дейін арнайы хаттар келіп тұратын. Отыз жылға жуық ғұмырын айдауда өткізген әкем сол жақта отбасылы болған көрінеді. Кейін 1957 жылы 27 жылдан кейін туған жерге оралған. Ауылдас ағайындардың айтуы бойынша, Сырдарияның бойында Әлсейіт көпірінің тұсында ел болып күтіп алып, батырға балап, ақбоз атқа мінгізіп құрмет көрсеткен екен. Сол халықтың ішінен екі жанары суалған, зағип анасын құшағына алыпты. Елді аралап, халықпен кездесіп мауқын басады. 1959 жылы біржола елге келеді. «Сүйегім туған жерімде қалсын деп келдім» деп айтатын. Соғыстан кейін әлі есін жия қоймаған, жарты құрсақ жерлестерінің қарнын тойғызып, Карл Маркс совхозы (қазіргі Бекарыстан би ауылында) ауданда тұңғыш рет наубайхана ашып, қызмет жасайды. Сол жылы менің анам Назирамен отау көтеріп ағаларым, кейін сүт кенжесі болып мен дүниеге келген екенмін. Отбасылық шаттық та ұзаққа бармай, құдайдың қалауы ма, әлде пендесін тағы сынайын деген бе, анам дүние салып, қарттық шағында әкем 5 баланы бағып-өсірді.
Біз жас болдық. Үкіметтің салқыны тиер деген қауіптен бе, әкем басынан өткен жайларды көп айта бермейтін. Кейбір жақын достары келгенде ғана ашылып, әңгіменің тиегі ағытылатын. Балаларға ең адал иті туралы, онымен бірге тайгада жүрген жерінде аюмен бетпе-бет кездескенін, иттің өзіне араша түскенін қызықты етіп айтатын. Бөлмесінде жұмыс үстелі, ондағы ретімен тұратын қағаздары, төсегінің бас жағында (біз үшін түсініксіз) бұғының терісінен тіккен тоны болатын. Жалпы әкем сауатты, құжаттарға мығым, өте таза, ұқыпты, ісмер адам еді. Киімдерін (китель, жейде, бас киім, аяқ киімдерін) өзі тігіп киетін. Үйде үлкен ішік, аяқ киім, бас киімнің қалыптары тұратын. Әкем қайтыс болғасын талан-таражға түсті. Тіпті құжаттары, газет қиындылары, жиған-тергендері өртеніп кетті, осыған қатты өкінеміз.
Әкемнің дауысы зор, сөзі нық, кез келген ортада шешендігімен айналасын баурап алатын. Орысша өте сауаттылығына сәйкес «Правда», «Огонек» атты газет-журналды қалт жібермей оқып, жинақтап қоятын.
Туған тілімізге ерекше құрметпен қарайтын. Жырақта жүріп, туған жер мен ана тілдің қадірін білгендіктен шығар орысша араластырып сөйлеген адамды жақтырмайтын. Кемшілігін бетіне айтып тастайтын.
Әкем 1985 жылы 79 жасында дүниеден өтті. 1989 жылы ақталып, жазықсыз жазаланғандардың тізіміне енді.
Мен кезінде «Халық жауы» атанған, жазықсыз жазаланып, жастық шағын жат жерде қиындықта өткізген, «Магаданның қызымын».
Менің әкем мен оның замандастары Тәуелсіздік шапағаты арқасында азаттықты қалап, қиянатқа қарсылық көрсеткен ерлер екенін дәлелдеді. Сіздердің ерліктеріңіз бен есімдеріңіз ел-жұрттың жадында мәңгілік сақталады.
Мафруза ТИКЕЕВА