Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан қорғау – қасиетті парыз

Отан қорғау – қасиетті парыз

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Көк байрақты Тәуелсіз Қазақстанның текті ұлдары үшін бұл атаулы датаның орны бөлек. Осыған орай айтулы мереке қарсаңында аудандық Қорғаныс істер бөлімінің басшысы, подполковник Қуат Ысқақовпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Қайырлы күн Қуат Оспанұлы. Әскери салада табаны күректей 20 жыл тер төгіпсіз, осы уақыт ішінде жұмыстан шаршап, өкінген кезіңіз болды ма?

– Мектеп бітірісімен әскери кафедраға оқуға түстім. 1998 жылы қосалқы офицер ретінде оқуымды тәмамдап, артынша Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскерге шақырту алдым. Осылайша өзіме тансық емес әскери өмірге араласып, азаматтық парызымды өтеуді мақсат еттім.
Бұған дейін Қарағанды, Өскемен, Петропавл қалаларында қызметте болдым. Барлық жерде жаңа орта, бөгде адамдар. Олармен жақын араласып, танысып, тез арада тіл табысып кету оңай емес әрине. Десекте өзімді одан әрі шыңдау үшін барлығымен жақсы қарым-қатынаста болып, өзіндік орнымды қалдырып келемін. Әскери өмірде жиырма жыл еңбек етсем де, өкініп, налыған кезім кездескен емес. Керісінше, осы жолды таңдағаныма қуанамын.
– Ендеше есте қалған қуанышты сәттеріңізге тоқталып өтсеңіз...
– Әр сала мамандары бір жетістікке жетсе, еңбегінің жемісін көріп марқайып қалады. Сол секілді меніңде өмірде жүзіме күлкі ұялаған сәттер аз болған жоқ. Тізбектеп айта берсем өте көп. Алайда әскери адамдар үшін ең қуаныштысы әскери шен мен Қазақстан Қарулы күштерінің төс белгісін алған уақыт. Бұл кезде өзіңнің еңбегің еш кетпей, ел үшін елеулі қызмет атқарып жүргеніңді сезініп, іштей шаттыққа бөленесің.
– Жырақта жүрсіз, ауылды жиі сағынасыз ба?
– Әрине. Топырағына аунап, балалық естелігі қалған туып өскен жерін сағынбайтын жан баласы жоқ. Негізі Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Нұра ауылының тумасымын. Отбасым, бауырларым, туған-туыс, достарым сол жақта, жылына бір мәрте еңбек демалысымда барып тұрамын. Дегенмен уақыттың қалай өткенін байқамай, кері қайтуға мәжбүр боласың. Ара-тұра ауылдағылармен ұялы телефон арқылы байланысып, мауқымды басамын. Бірақ барлығы көзбен көргендей болмайды. Бәрінен бұрын анамның айналып-толғанып, басымнан сипағанын қатты аңсаймын.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде жастар әскерге барудан қашқақтайды, осы тұрғыда сіздің пікіріңіз...
– Қазіргі көп жастар әскери борышын өтегісі келмейді. Ертеректе жұртшылық армия қатарында болмаған азаматқа үрке қарайтын. Тіпті қыздар қауымы Отан алдындағы борышын орындамаған жігітті ауру деп одан алшақ жүретін. Шыны керек қазір жастардың көпшілігі «бір жыл уақытты текке өткізгеннен гөрі табыс табайын» деген ойға келетін көрінеді.
Сырт көзге біз жасөспірімдердің денсаулығына қарамастан мәжбүрлеп баруға көндіріп жатқандай боламыз. Анығында олай емес. Олардың денсаулығы бірінші орында. Нақтыласақ жарамсыз азаматтың әскерге барғаны бізге де кері әсерін тигізеді. Кейбіреулер «мені жіберіңізші» деп ашығын айтады. Бірақ тексеруден өткенде денсаулығының жарамайтынына ­байланысты қалып қояды. Қазіргі жастардың неліктен әскерден қашқақтайтыны туралы ештеңе айта алмаймын. Бұл хақында түрлі пікірлер бар. Дегенмен әрбір қазақ баласы Отан алдындағы борышын өтеуге асығуы қажет. Себебі ол оның өмірлік парызы.
– Жастардың көптеп әскерге баруы үшін не істеуіміз қажет?
– Кез келген қазақ баласын мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әскерге баруға дайындау керек. Олардың бойындағы қорқынышын сейілтіп, өмір жолындағы ­басты талаптың бірі екенін түсіндіру қажет. Айта кетсек қазірде 18 жасқа толған баласын бармауға үгіттеп жататын ата-аналарда кездеседі. Егер елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын?! Керісінше ата-ана ұлдарына жастайынан алда үлкен міндет тұрғанын санасына құйып отырғаны дұрыс. Сонда ғана әскер қатарынан табылатын жастар саны арта түседі.
– Елде төтенше жағдай режимі басталмас бұрын әскерге кеткен жастардың халі қалай болып жатыр?
– Жалпы заң бойынша әскерге кеткен әрбір жас он екі ай уақытын толықтай орындауы қажет. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы шыққан соң өтеу уақыты созылды. Өткен жылғы алғаш кеткен азаматтар наурыз айының басында келіп үлгерген болса, шекараға барғандар төтенше жағдай режимі аяқталғанша сол жақта бола тұрады. Ал ондағы қозғалыс, күнделікті тәртіпті тіршілік өзгермей, жалғасын таба береді.
– Бүгінде қазақ елі бастан өткеріп жатқан ахуалға қатысты не айтасыз?
– Президенттің жарлығымен 16 наурыздан ­бастап төтенше жағдай режимі енгізілгелі барлығымыз жұдырықтай жұмылып, тәртіпке бағынып, дертті бірге жеңудің жолын қарастырдық. Мемлекет басшысының соңғы мәлімдемесіне сенсек 11 мамыр күні карантин уақыты тоқтайды.Сабырлылық пен төзімділіктің арқасында бүгінге дейін індеттің ауданда көптеп таралуына жол бермедік. Алдағы уақытта да бұл мәселеге салғырт қарамай, алдын алу шараларын ұмыт қалдырмау қажет.
Орайы келгенде ақ халатты абзал жандар мен ішкі істер қызметіндегі бауырларыма үлкен алғыс айтып, басымды игім келеді. Шыныменде олар аса үлкен құрметке лайық жандар.
– Ізіңізден ерген жастарға айтарыңыз...
– Қазалы ауданында былтырғы жылдың басынан бері қызмет жасап келемін. Осы аз уақыт ішінде талай қызықты күнді бастан өткердім. Көптеген жастармен жүздестім. Көпшілігі намысшыл. Қанша дегенмен талай батыр шыққан өңір ғой. Сондықтан бұл жердің жастары әлсіз болмауы тиіс. Керісінше, әскер қатарында болып, ел үшін алдыңғы шепте жүргені дұрыс.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
05 мамыр 2020 ж. 934 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930