Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан өмірімен тыныстаған телеарна

Аудан өмірімен тыныстаған телеарна

Қазалы ауданының өзге өңірлерден айырмашылығы баспасөз басылымдарымен қатар жеке телеарнаның тұрғындарға жедел хабар таратуында. Алғаш жергілікті жаңалықтар легін ұсынған арна жұмысын 1992 жылдың 25 қарашасында КТВ «Комерциялық телевидение» болып бастаған. Сол шақта өзінің алғырлығымен жұртшылықты таңғалдырған Серік Есмаханов “КТВ” директорлығын атқарса, өзінен кейінгі бауыры Эрик Есмаханов бағдарлама директоры болды.
Серік Әбдеменұлы теміржол саласының маманы еді. Дегенмен радио техникасына, телеарна ісіне қызыққан ол, вагон жөндеу депосындағы токарьлық мамандығынан бас тартады. Ақпарат тарату жүйесінен хабары бар достарымен ақылдаса келе Ресейден 100 ваттық телетолқын тарататын құрылғыны алып ауданға орнатады. Оның игі ­бастамасын қоштап, қолдағандар саны артты. Онға жуық адам қызмет еткен коммерциялық телеарна тұрғындарды аудан өмірінің жаңалықтарынан құлағдар етіп, хабарландырулар мен құттықтаулар және шетелдік кинолар көрсетті. Араға үш жыл салып, мамыр айында телеарна “Серік теледидары” атауын алды. Алайда креативті ойы бар, мақсаты биік басшы Серік мезгілсіз дүниеден озып, жұмысы 2009 жылы тоқтап қалды.
Көп ұзамай 2013 жылдың шілде айынан бастап теледидар қайта іске қосылды. Оның басы-қасында жүріп, ашылуына інісі Сабырхан Есмаханов пен марқұмның ортаншы ұлы Эдуард Серікұлы сүбелі үлес қосты. Сабырхан Әбдаменұлы бірауыздан директорлыққа тағайындалып, телеарнаны жүйелі басқаруды өз қолына алды.
Бүгінде “Серік ТВ”-ның таралу ауқымы ұлғайып, аудан орталығы мен бірқатар ауылдық округтегі ағайындар да телебағдарламаны тамашалауға мүмкіндік туып отыр. Күнделікті 9 сағат үздіксіз эфирге шығады. Жаңалықтар топтамасы үш мезгіл сағат 13:00, 19:30, 22:00-де көрсетіледі. Телеарнада «Әкім сағаты», «Прокурор уақыты», «Аптаның алты ауызы», «Арнайы репортаж», «Бақ дарыған шаңырақ» және «Көзбе көз», «Сөзбе сөз», «Сот үкімі», “Иман айнасы” бағдарламасы көрермендер назарына ұсынылуда.
Қазіргі таңда «Серік ТВ» жұмысын жедел ұйымдастыруда бағдарлама директоры ­Дастан Мендибулданың еңбегі зор. Сонымен бірге түсірілген сюжеттерді компьютерде шебер өңдейтін монтажер Дәуренбек Қайруллаев, шығармашылық топқа бағдар беретін режиссер Эдуард Есмаханов, аудан тынысын бейнетаспаға түсіруші Қуаныш Баекешов, телеарна тілшісі Жалғас Ахметов “Серік ТВ” жұмысын жандандыруда аянбай еңбек етеді. Ләззат Наки ішкі есеп-қисап ісімен айналысады. Телеарна ұжымының жемісті еңбектері еленіп, түрлі марапаттаулар мен алғыстарға ие болып жүрген тележурналистердің алар асуы әлі алда, келешекке бағамдаған жоспарлары да бар.
2020 жылы “Серік ТВ” арнасы аналогтан ­цифрлы жүйеге көшті. Енді қазалылықтар “Серік ТВ” телеарнасын үй антеннасы арқылы көре алады. Ал алыс ауылдық округтердегі ағайындар қарапайым сыртқы антенна орнатса 13-ші каналдан тамашалап, аудан жаңалықтарына қанығады. Сонымен қатар жаңадан қосылған арнада жүгіртпе жолы да беріледі. Бірақ көлемі үлкен, көне теледидар пайдаланушылар қосымша антенна орнатуы қажет.
Республика бойынша тек Қазалы ауданында ғана ашылған “Серік ТВ” телеарнасы ұжымына шығармашылық жетістіктер тілейміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
17 наурыз 2020 ж. 696 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930