Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел көкейіндегі сауалдарға жауап

Ел көкейіндегі сауалдарға жауап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сенбіде informburo.kz сайтына сұхбат берді. Әңгіме барысында еліміздегі өзекті мәселелер қамтылды. Атап айтсақ, Президент ұлттық бірегейлік, бейбіт жиындар, қазақ тілінің келешегі туралы ой қозғады. Осы орайда, оқырманға Мемлекет басшысының сұхбатын ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде ақпараттық кеңістікте орын алып жатқан жайттарды үнемі тыңғылықты бақылайтынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, қоғамды толғандырған сұрақтарға қатысты өз ұстанымын түсіндіруді қажет деп шешкен.
Өз сұхбатында Президент Жамбыл облысына жұмыс сапарымен баратынын, Қордай ауданының қазақтар мен дүнгендер тұратын ауылдарының тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырғанын айта келіп: «Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екеніміз сөзсіз. Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз – әр алуандықтағы бірлік», – деді.
Президент еліміздегі этносаралық келісім түсінігін қайта қарап, Қазақстан аумағын мекендеген бүкіл этнос өкілдері бір тудың астына жиылуының өзектілігін түсіндірді.
«Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әрине Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және солай болып қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Қазақ тілі болашақта шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда елде бейбіт жиындарға қатысты заң жобасы жан-жақты талқыланып жатқаны белгілі. Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Әйтсе де заң жобасын тыңғылықты зерделеген заңгерлер кейбір ережелерді сынға алды. Қ.Тоқаев осыған байланысты өз ұстанымын білдірді.
«Бейбіт жиындар өткізу азаматтарымыздың Конституциямен кепілдік берілген құқығы және жергілікті билік бөлген, бұған қоса қаладан тысқары емес жерлерде өткізе алады. Конституциялық құрылымды бұзуға бағытталған кез келген ұмтылыс, сонымен қатар экстремистік зорлық-зомбылық көріністері заңнамаға сәйкес тоқтатылады. Бұл ел азаматтарының басым бөлігінің мүддесі үшін жасалады. Бұған қоса, бейбіт жиындарды өткізудің тек хабарландыру тәртібін енгізу түбегейлі маңызды деп санаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында бейбіт жиындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін митингке қатысушылардың жоспарланып отырған санын хабарлауы қажеттігін жеткізді. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша маңызды. Сол арқылы ұйымдастырушылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілік алмақ. Алайда заң жобасындағы бейбіт жиындарға қатысушылардың санын 250 адам деп шектеу енгізуді жөнсіз деп санайтынына екпін берді.
Кейінгі кезде қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тақырып – белсенді Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қаза табуы. Бұған қатысты бірқатар өңірде наразылық акциясы өткенді. Қ.Тоқаев аталған мәселеден хабардар екенін, еліміздің әр азаматы ұстанған көзқарасына қарамастан құқығы қорғалатынын атап көрсетті.
«Қоғамдық үлкен резонансқа байланысты бұл іспен тыңғылықты танысып шықтым. Өкінішке қарай белсенді Ағаділ жүрек дерті салдарынан қайтыс болғанын нық сеніммен қуаттай аламын. Басқаша сендіруге тырысу – демек шындыққа қарсы шығу. Қаза тапқан азамат кім болса да, қандай көзқарасты ұстанса да ол ең алдымен адам. Адам өмірі бірегей әрі баға жетпейді. Бәріміз де Алла тағаланың жазмышына мойынсұнамыз. Иманды болсын», – деді Президент.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев сұхбатында Мұхтар Жәкішевке қатысты да пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің сот құзыретіне кіретініне тоқталып, М.Жәкішевтің денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы бірнеше рет жүгінгенінен хабардар екенін атап өтті. 3 наурызда бірінші инстанциядағы сот отырысы өтеді. Қ.Тоқаев сот шешімі әділ болатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Президент қазіргі таңда әлемді дүр сілкінткен коронавирусқа қатысты да пікір білдірді. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, жағдайды бақылауда ұстауға күш салынып жатыр. Алайда ешкім, тіпті дамыған мемлекеттер де вирустың енуіне қарсы қорғанысқа толық кепілдік бере алмайды. Осыны еске салған Қ.Тоқаев дер уақытында қабылданған шаралар оң нәтижесін беріп отырғанын жеткізді.
«Үкіметке азаматтардың денсаулығын қорғау үшін ең батыл, жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды. Коронавирус әлем бойынша өте жоғары жылдамдықпен таралып жатыр. Мұны да ескеру қажет. Егер тенденция осы қалпында қалса, онда көп адам қатысатын шараларды, оның ішінде халықаралық форумдарды басқа уақытқа ауыстыруға немесе бас тартуға тура келеді. Тарих індеттің билік пен азаматтардың батыл әрекеттерінен «қауіптенетінін» көрсетіп отыр. Орта ғасырда оба өзіне адамдар қарсы тұрғаннан кейін қалалардан кейін шегінді. Ал ол кезде тиісті дәрі-дәрмек те болмаған еді. Меніңше, адамзат білімімен және технологиясымен осынау пәледен қорғана алады», – деді Президент.
Естеріңізде болса, өткен айда ЕАЭО елдерінен әкелінген автомашиналарды тіркеу мәселесі туындаған еді. Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осыны шешуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Әлі күнге өзектілігін жоймаған проблемаға тоқталған Мемлекет басшысы Армениядан әкелінген автомашиналарды пайдаланудың тетіктері қарастырылатынын айтты.
«Менің тапсырмаммен Бас прокуратура осы ахуалға құқықтық бағалау жүргізді. Бірқатар мемлекеттік құрылымның қызметіне наразылық бар. Бұған қоса, жекелеген тұлғалар заңнаманы бұза отырып және адамдарды алдап, заңсыз бизнес құрып алған. Армениядан машина әкелу барысындағы алаяқтық әрекет фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. ЕАЭО бойынша кейбір серіктестерімізбен де өзара іс-қимылда бірқатар мәселе бар. Біз олармен бірге алдағы уақытта мұндай проблемалардың қайталануына жол бермеу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкіметке қазақстандық көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып, Армениядан әкелінген автомашиналарды пайдалануды ретке келтіру бойынша қосымша ұйымдастырушылық шараларды әзірлеу тапсырылды», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметіне баға беріп, кеңестің мемлекеттік жүйені реформалау бойынша пайдалы ұсыныстарды түрлендіруге үлес қосқанын атап көрсетті.
«Саяси реформалардың бірінші топтамасының заң шығармашылық процесі басталып кетті. Экономикалық салада ауқымды іс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен реформалардың келесі топтамасы әзірленеді. Мемлекеттік қызметшілерді жұмылдыру арқылы қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Кеңеске мемлекетіміздің құрылысына өз үлесін қосуды қалайтын жаңа адамдар кіргісі келеді. Олар – танымал заңгерлер мен белсенділер. Сондықтан таяу уақытта мен бұған дейін хабарлаған ауыс-түйіс жария етіледі», – деді Президент.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы сұхбаты арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын, елдің мүддесі әрдайым жоғары тұратынын тағы бір аңғартты. Президенттің айтуынша, мемлекеттің бүкіл игілігі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталмақ.
Egemen.kz
03 наурыз 2020 ж. 500 0

19 наурыз – Жаңару күні

19 наурыз 2024 ж. 31

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031