Даналықтың даңғыл жолы
Ұлылық пен даналықтың шыңы, қазақ ақыл-ойының, тәлімі терең философиясының інжу-маржаны саналатын Абай Құнанбаевтың туғанына биыл – 175 жыл. Қазақ жазба поэзиясының негізін қалаған ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында жыл басынан бері елдің әр қиырында түрлі мәдени-рухани шаралардың шымылдығы ашылды.
Соның бірі өткен жұмада Сарыкөл ауылдық округіне қарасты ақын атымен аталатын Абай ауылында бастау алды. Шара басталмас бұрын қалың жұртының қамын жеп, заманының ащы запыранын өлең етіп құйып, болашағының баспалдағын қара сөзімен қалаған Һәкімнің Алаш баласына айнымас бағыт болғандығын ауылдық клуб өнерпаздары пролог арқылы көрсетті.
Мұнан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев осынау айтулы шараның маңыздылығына тоқталды.
– Абай өлеңдерінде қазақ даласының табиғаты мен шындығы, сезім сыры мен арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Ол талантты ақын ғана емес, композитор, философ, ағартушы болған. Оны қоршаған дүние, болмыс құпиясы көп толғандырған. Дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Пәлсапаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарды ашып көрсетті. Осыларды түйіндей келе «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу» дегенді нық айтты.
Біз спортпен шұғылданып денемізді шынықтырсақ, ғылым-білім өнер үйрену арқылы ой-өрісімізді кеңейтеміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырағы – рухани сусындап, жанды жетілдіру деген тоқтамға келеді.
Ұлы ақынның айтуынша, адам тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, іс-әрекетінде де кемшілік болады. Осыларды берік ұстанған адам ғана өмірде қателікке ұрынбай, жаңсақ баспай ғұмыр кешеді, – деді аудан басшысы.
Мұрат Нәлхожаұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойдың Абай атымен аталатын ауылдан бастауды жөн көргенін, мұнан соң ауданда жаппай өтетінін жеткізді.
Сондай-ақ мерейтой аясында Абай оқулары, ақынның әндерін орындаудан байқау, көркемсөз оқу, зияткерлік сайыс, ақындар айтысы секілді ауқымды шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Осы жылы Мұхтар Әуезовтың «Абай» спектаклі сахналанып, көрермендерге ұсынылмақ.
Салтанатты кеш барысында ауыл өнерпаздары ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Атап айтсақ, «Әдемі-ай» бишілер тобы, «Самал» триосы, «Жанкент» этно-рок ансамбілі кеш көрігін қыздыра түсті.
Мұнан соң Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Байназар Ерқосаев Абай жылына арналған дәстүрлі өнер эстафетасын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назароваға табыстады.
Есет ТАБЫНБАЕВ