Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайынның ынтымағы азаймасын

Ағайынның ынтымағы азаймасын

«Қазалы» газетінің 2019 жылғы 10 желтоқсандағы №96 санында «Көршіңізбен қалайсыз?» атты мақалам жарық көрді. Бір танысым осыған ризашылығын білдіріп, қазіргі туысқандардың сыйластығы туралы жазуымды өтінді.

Бабалардың бар мен жоқты, аш пен тоқты, бастан өткізген тарихына үңілсек, қара басының қамын ойлау секілді ұсақ пендешіліктен алыс жүрген. Керісінше, ол кездегі туысқандар бір-біріне өте қайырымды, жанашыр, сүйеніш болған. Ынтымақты бірлігімен, шуақты мейірімімен ерекшеленген.
Жоқшылық – сол кездегі қоғамға тән құбылыс. Сондықтан негізгі тіршілік көзі – ата кәсіп мал шаруашылығы болғандықтан, байдың да, кедейдің де баласы шаруаға бейім болған.
Туысқандар міндетті түрде қолындағы барымен бөлісуді мұрат тұтқан. Барлығын ру ақсақалдары шешкен. Үлкендерін ерекше қадірлеген, аталы сөзін ұйып тыңдап, батасына бас иіп, алдын кесіп өтпеген. Сөзін бөлмей, айтқан уәжіне құлақ асқан. Ұстанымдары – қанағат қарын тойғызады, барды қадірлеу, ұқсату, адамгершілік қарым-қатынастағы тазалық, адалдық болған.
Біз соғыстан кейінгі жылдары дүниеге келдік. Сонда жарынан айрылып жесір қалған аналарды, әкесіз өскен ағаларды көрдік. Олардың бар арқасүйері – аналары болды.
Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Ер-азаматтар елдің қамын, халқының жанын, қарындасының арын ойлаған. Әрдайым туыстарының болашағы үшін алаңдаған.
Жастық шағымыз аштық болмаса да таршылық кезеңде өтті. Тетелес бауырлар біріміздің киімімізді екіншіміз киіп өстік. Әлі есімде біздің әулетіміздің ұйытқысы, бәйтерегі марқұм Байжігіт атам болды. Біз оны «Ақкөке» деп атайтынбыз. Ағайын-туыстың балалары бір үйдің баласындай сол кісінің ауласында ойнадық. Жер ошақтың басында қайнап тұрған самаурын, қоламтаға көміліп піскен таба нан, қазан жаппай, иісі бұрқыраған сары бауырсақтан дәм татқан сайын балаң жүрегіміз қуанышқа бөленетін. Оның үстіне ақкөкеміздің басымыздан сипап маңдайымыздан иіскеп, арқамыздан қағып, айналып-толғанғаны балалық шағымыздың ең бақытты кезеңі деп ойлаймын.
Ал енді өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі заман туысқандарының кісілік келбеті қандай дәрежеде?
Уақыт тоқтамастан алға жылжып жатыр, адамдар да ілгері адымдап келеді. Жаңа ақпараттық технологиялар жетіліп, тұрғындардың ой-өрісі дамып, ғылым-білімнің биікке көтерілген кезі. Алайда, уақыт қаншалықты адамның адамгершілігін сақтап қалды?
Бүгінде туыстарының қамын жеп жүрген азаматтар аз емес. Бірақ жайқалып өскен қызғалдақтың ішінен арамшөптің табылатынындай, адамдығын ұмытқан туысқандар да бары рас. Бұл – ащы да болса шындық. Өзге жандарды былай қойғанда кейбіреулер туған бауырына да ет-жүрегі елжіреп, езіліп тұрмайды. Сезімдер суалып, бауырмашылық қасиет қуарды. Нарықтық заман өмірімізге өзгеріс енгізбей қоймады. Иә, нарық заңында бәрі есепке тәуелді, қаржының ­басты рөл ойнайтыны, ақша болмаса ештеңе шешілмейтінін көріп жүрміз.
Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Десек те кейбіреулер тек мен алсам, мен ғана ішіп-жесем, өзім байысам деген ниетпен пейілін бұзып алғандай. Кейбір құндылық өзгеріске ұшырап, ашкөздік пен дүниеқұмарлық, қарақан бастың қамын ойлау белең алған. Қазіргілер кім – не береді, соған қарай жақындаса түседі. Бұл әділдікке жата ма? «Мынаның маған көк тиындық пайдасы жоқ» деп өзінің күнкөрісі төмен бауырынан безуге бола ма? Өмірімді соңына дейін сүйген жарыммен бірге өткіземін, «бірге туған болса да, бірге өлмек жоқ» деген ұранмен қатынының қабақ шытқанына бола жақын туысты жаттай көру адамгершілікке тән бе?
Мен орта жасқа келген екі ағайынды жігітті танимын. Біреуі саудамен айналысады, ақша санағанына қарап оның қолы емес, сенің көзің талады. Екіншісі, қарапайым жұмысшы. Осы ағалы-інілі азаматтың амандасқанына, саулық сұрасқанына қарның ашиды. Отбасылары аралас-құраластықты ұмытқан. Біріншісі саудадағы серіктестерімен, күні түсетін адамдарымен қарым-қатынасын үзген емес. «Жақыныңды жат етсең жатқа күлкі боларсың» деген бар. Соңғы кездері өз туыстарын ысырып қойып, «ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» демекші қалталы немесе лауазымды азаматтарға тойын аштырып, өлігін жайлататындар белең ала бастағаны қынжылтады.
Бұл тұрғыда жергілікті ақын, марқұм Жетіскен Мәкенәлі былай жырлаған:
– Жақсылық та боп жатыр жамандық та,
Не жетпейді тірлікте амандыққа.
Жауап іздеп табалмай қиналамын,
– Ағаң қайда? – дегенде тамам жұртқа.

Бірін-бірі кішкентайлар танымайды,
Ойласам маған соның бәрі қайғы.
Не жетпейді, бұл жүрек нені аңсайды,
Неге ғана кеуілдер жарымайды?!
Менің ойымша, атасы бір ағайын-туыстың ынтымақты, тату-тәтті өмір сүргеніне не жетсін!

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері
01 ақпан 2020 ж. 1 114 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031