Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Биік болып жүріңдер бұл өмірде

Биік болып жүріңдер бұл өмірде

Көнекөз қарттар – тірі тарих. Өткен кезеңде өңірдің өркендеуіне қатысты өрелі істердің басы- қасында болғандардың көкірегі сайрап тұр. Олар бүгінгі күннің де болмысын пайым таразысына салып, қоғамдық ойға мейлінше үн қосып отыруға құштар. Халыққа рухани тәрбие беруде де ақсақалдардың ықпалы айрықша.
Сыр өңірінде әсіресе Қазалыда көреген көсемдігімен, тілмәр шешендігімен, арыстандай айбатымен, жолбарыстай қайратымен көпшілікке өнеге болып, атағы елге жайылған азаматтарымыз жетерлік. Марқұм шежіреші-шешен ағаларымыз Өмірзақ Ахметов пен Тілеп Қорабаевтардың алдына бара қалсақ ата-тегімізді балапан санағандай таратып, бабаларымыздың арасындағы ел есінде сақталғандарының аты-жөнін жаңылмастан жатқа айтатын. Көкіректерінде тәрбиелік маңызы зор әңгімелер қоры көп болатын.
Қазақ үлкендерін ерекше қадірлеген, аталы сөзін ұйып тыңдап, батасына бас иіп, алдын кесіп өтпеген, сөзін бөлмеген. Айтқан уәжіне құлақ асқан.
Құдайға шүкір, қазір өркендеген заманда өмір сүріп жатырмыз. Бабаларымыздың түсіне де кірмеген көптеген жақсы жағдайларға қол жеткіздік. Алайда олардың салып кеткен сара жолдарының жоғалған тұстары да бой көрсетіп жатқаны жасырын емес.
Өмір болған соң ел ішінде бас жарылып, көз шықпағанымен, жаға жыртысып, сөз таластыра¬тын жағдайлар кездесіп тұратыны шындық. Ежелгі қазақтың салт-дәстүрі елді бірлік пен адал еңбекке жетелейтін тұнып тұрған тағылым мен тәрбие ғой. Онда қазіргідей полиция, прокуратура, сот сияқты органдар болмаған. Туындаған кез келген дау-дамайды қазылар, ру ақсақалдары, әулет үлкендері шешіп отырған. Олардың шешімдері талқылануға жатпаған, заңмен пара-пар болған.
Жақында телеарнадан ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов елімізде өткен бір жыл ішінде 1 миллионнан астам азаматтардан түкке тұрғысыз майда-шүйде даулы арыздар түскендігін, бұрынғы жылдары олардың саны 200 мыңнан аспағандығын тілге тиек етті. Бұдан елімізде басынан сөз асырмайтын, ымыраға, бітімгершілікке келмейтін даукестердің қатары жылдан-жылға көбейіп бара жатқанын аңғардым. Әрине көңілге көлеңке түсірерлік жайт.
Біз көпті көрген, ел басқарған азаматтармен қызметтес болған аға, апа сыйлаған өкілденбіз. Алдыңғы буынның маңдай тері мен еселі еңбегін көзімізбен көріп өстік. Оларға қандай сый жасаса да артықшылық етпейді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші ауданымыздың белгілі азаматы Мнәжадин Өтеев бастаған кәсіпкерлер жомарттық жасап қарияларға «Ардагерлер үйін» салып бергенін білеміз.
Бүгінгі күні аудан ардагерлері осы жайлы орында апта сайын бас қосып, әр түрлі тақырыпта әңгіме- сұхбат өткізуді әдетке айналдырған. Олардың мақсаты бабалар салып берген сара жолдан адаспай, салт-дәстүрімізді жоғалтпай, ұрпағымыздың санасы¬на рухани азық беру.
Жақында «Ардагерлер үйінде» болып зейнеткерлікті бастан өткізіп жатқан, мезгілінде ел басқарған, әртүрлі салада басшылық жасаған, от ауызды орақ тілді ағаларымыз бен қарапайым жұмысшы болған аға-апаларымды, құрдастарымды кездестіріп қуанып қалдым.
Мен барған сәтте мақтаншақтық, мансапқорлық тақырыбында қызық пікірталас болып жатты. Атам қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген даналық тұжырым бар. Әркім өз пікірін ортаға салып жатты, тақырыптан ауытқығандар да кездесті.
Жалпы мақтаншақтық туралы көп айтуға болады, өте терең тақырып. Меніңше мақтауға лайықты адамды ғана дәріптеу керек. Кейбір кеудемсоқтар мақтанғанды, мақтатқанды жақсы көреді.
Ұлы Абай «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден озамын деген күншілдікті білдіреді», – дейді.
Мойындауымыз керек бұл күндері той тойлау, тіпті өлік жайлау барысында да мақтан өріс алған, санаға сыймайтын, жаға ұстатар жайлардың, ысырапшылдықтардың куәсі болып жүрміз. Ауқатты топтардың іс-әрекеттерін қайталауға тырысып, халықтың әлжуаз топтары да банк жағалап несие алып, қарызданып қауғаланып жатады.
Бір сөзбен айтқанда аудан ардагерлерінің бағыт- бағдары дұрыс. Мақаламды жергілікті ақын Жетіскен Мәкеналының жыр жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім.
Ардагерлер!
Ауылдың жарықтары,
Сендер барда шаңырақ тарықпады.
Ойлайтыны заманның тыныштығы,
Ойлайтыны қашан да халық қамы.
Ардагерлер!
О, менің мығымдарым,
Аласармай тұрсыншы тұғырларың.
Биік болып жүріңдер бұл өмірде,
Аңыз болып қалсыншы ғұмырларың.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.

09 ақпан 2018 ж. 1 624 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930