Мемлекеттік қызмет сапасына мән беріледі
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті.
Онда Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына және қолжетімділігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы талқыланды. Басқосуда департамент басшысы ауданның жергілікті атқарушы органдарымен 2019 жылдың 9 айында 99 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 39 272 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты.
– Мемлекеттік орган арқылы қағаз жүзінде 20 805, мемлекеттік корпорация арқылы 5 218 және электронды үкімет порталы арқылы 13 279 қызмет көрсетілген.
Департамент тарапынан 2019 жылдың 15-16 қазан аралығында аудандағы мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына және қолжетімділігіне мониторинг жүргізілді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына және қолжетімділігіне байланысты мониторингте бірнеше мәселелерді қамтуға мән берілді, – деді Нұрман Бақбергенұлы.
Департамент тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Нұржан Сүлейменов хабарлама жасап, анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев айтылған жайттарға байланысты тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Мәжілісті қорытындылаған мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаев алдағы уақытта мемлекеттік органдарға бірнеше тапсырмаларды орындау қажеттігін ескертті.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат