Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды

Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды

Бүгінде мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қазалыда аудан бойынша төрт мыңға жуық ерекше қамқорлықты қажет ететіндер есепке алынған. Оның ішінде І топтағылар – 239, ІІ топтағы – 1299, ІІІ топтағы – 1285 болса, 16 жасқа дейінгі мүгедек бала – 444-тің үстінде. Жақында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс секторында болып, аталған саладағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстық.

Оңалтудағы оң бағыт
“Мүгедектерді жеке оңалту” бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту шаралары орындалуда. Және де білім беру мен олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасау кезең-кезеңімен атқарылуда.
Мүгедектерге берілетін протездік-ортопе­диялық, сурдотехникалық, тифло­тех­­никалық, арнаулы жүріп-тұру, міндетті гигиеналық құралдар және ересектер мен балаларға санаторий-курорттық сауықтыру, оңалту орталығына емделуге жолдамалар жылда беріледі. Оған тапсырылатын құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Қазалы аудандық бөлімшесі арқылы жүргізіледі. Қажетті құралдарды алу өтінішімен қоса жеке басын куәландыратын және тұрақты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы құжаттың, мүгедектікті белгілеу туралы анықтаманың, сонымен бірге мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының көшірмелерін (ИПР) тапсыруы керек.
– Медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясы мүгедектерге дәрігердің белгілеген диагнозына сүйеніп, жеке оңалту бағдарламасына протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, арнаулы жүріп-тұру және міндетті гигиеналық құралдарды, пайдалану мерзімдерін көрсетіп береді.
Ал мүгедектігі бар, бірақ жеке оңалту бағдарламасын алмаған мүгедектер емдеуші дәрігері арқылы сырқат түрімен медициналық-әлеуметтік сараптама қоры­тын­­дысын үшін жолдама алуы тиіс. Сосын ғана оңалту парағына сай жұмыс жүргізіледі. Инсульт алғаннан кейін бір жылдан соң егде жастағы азаматтардың мүгедектерді оңалту орталығына баруға мүмкіндігі бар, – дейді мүдектермен жұмыс секторының меңгерушісі Өмірбек Кетебай.
Оның мәлімдеуінше, биыл жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 34 мүгедек Қызылордадағы Талсуат елді мекенінде орналасқан “Мүгедектерге арналған оңалту орталығы” мемлекеттік мекемесіне жіберілген. Санаториялы-курорттық емделуге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бекіткен кестесі бойынша Сарыағаш ауданындағы “Салма Караван” шипажайына 86 жолдама бөлінген. Соның 50-і мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тапсырылған.
Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджет қаржысы жеке оңалту парағына сәйкес “Гигиеналық құралдар” тоқсан сайын таратылуда. Оның ішінде жөргек (памперс), сіңіргіш жаймалар, иісті бейтараптандырғыш, сіңіргіш ұнтақ, теріні тазартқыш, қорғаныш крем, санитарлы құрылғысы бар кресло орындық, ванна мен дәретханаға арналған ұстағыш пен катетер, тағы басқалары таратылды.
Жүріп-тұруы қиын азаматтарға “Про­тезді-ортопедиялық құралдар”: таяқ, бал­дақ, үлкендер мен балалар жетек арбасы, жейде, шұлық, колготки киюге, түйме тағуға, қақпақ ашуға, белсенді және ыдыс ұстағыш құрылғылар таратылды. Есту мен көру қабілеті нашар жандарға да қоршаған ортаға бейімдейтін көмекші құралдар үлестірілді. Атап айтқанда, сурдотехникалық жабдықтар: мәтіндік хабарламасы және хабарды қабылдау қызметі бар ұялы телефон, көп функционалды дабылды жүйелер, дұрыс естімейтіндерге арналған сағаттар, веб камерасы бар ноутбук, есту аппараты берілді. Тифлотехникалық: сөз шығаратын термометр мен тонометр, ине сабақтағыш, диктафонды телефон, соқырларға арналған сағат, плеер, зағиптар таяғы, кешенді ноутбук, оқу машинасы ұсынылды. Және ересектер мен балаларға арналған бөлмелік және серуендік арнаулы жүріп-тұру құралдары табысталды.
Сондай-ақ жұмыс іздеуші 13 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылды. Үш жабырқаулы жанға шағын несие берілді. Қысқа мерзімдік кәсіпкерлік оқытуға 12 адам, оның ішінде кәсіптік оқуға 3-еуі, “Бас­тау бизнес” бойынша 9-ы жіберілді.

Кедергісіз орта қалыптастырылуда
Қимыл-қозғалысы шектеулі арбамен жүретіндердің әлеуметтік, көлік және рекреациялық инфрақұрылым нысандарына кедергісіз енуді қамтамасыз ету мақсатында 181 нысанға түгендеу жүргізілді. Бұл нысандардың ішінен қазіргі кезде 165 бейімдеуге жататын мекеме мен кәсіпорындардың тізімі нақтыланды. Яғни мемлекеттік стандартқа сәйкес пандустар және қабылдауға келгендерге бөлім қызметкерлерін шақыру үшін арнайы тетік орнатылып, кедергісіз орта қалыптастырылды.
Мамандардың қатысуымен ауданда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі жанындағы «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы» үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді. Қолда бар дерек бойынша, ауданда мүгедектердің қолжетімділігіне бейімделген 175 ғимарат пен кәсіпорын паспортталып, Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасы порталына мәліметтері енгізіліп отыр.

Бар жақсылық – балаға
Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесіне облыстық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі арқылы берілген жеке оңалту парағымен 140 мүгедек балаға үйден әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олардың әрқайсысына айқындау және бағалау қорытындысына және баланың қабілетіне қарай жеке жоспар жасалады. Бұл бойынша әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-меди­циналық, әлеу­­меттік-психологиялық, әлеу­мет­тік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеу­меттік-еңбек, әлеуметтік-эконо­микалық және әлеуметтік-құқықтық қызмет­­тер түрі көрсетіледі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Зәмзагүл Садуақасованың айтуынша, балаларды тасымалдауға бөлімшеде арнайы шағын автобус бекітілген. Әлеуметтік қызметкерлер ата-анасының тапсырысына сәйкес оларды Әйтеке би кентіндегі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне, Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттар тапсыру үшін, ата-анасымен ілесіп, аудандық емханаға, ауруханаға барады.
– Әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандардың облыстық меди­ци­налық әлеуметтік сараптамадан өту кезінде құжаттарын дайындауға және психологиялық-медициналық педаго­гикалық кеңес беру мекемесіне үйден оқуына байланысты комиссиядан өтуіне көмек береді. Ал атаулы күндері әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіледі. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр мешітінде «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы өткізіліп, 20 мүмкіндігі шектеулі балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 отбасындағы аналарды құттықтап, сый-сияпат жасалды. Наурыз мерекесінде орталық алаңда кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып, 100 балдырғанға қайырымдылық дастарқаны ұйымдастырылды.
Аудандық психологиялық-медицина­лық-педагогикалық консультация мекеме­сі­нің ұйымдастыруымен үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін балалар арасында «Ән мен күй халық қазынасы» атты ән байқауы өткізілді. Оған 5 бала қатысып, өз өнерлерін көрсетті, – дейді З.Садуақасова.
Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеп, оларға қолдау көрсету бөлімнің басты назарында болмақ. Жалпы әлеуеті әлсіз топқа әлеуметтік қорғау саласы мамандары қамқорлықты күшейтіп, оларға қолдан келген жағдайды жасауға күш сала береді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

15 қыркүйек 2019 ж. 2 654 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 52

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 59

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 43

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930