Мәжіліс депутаты: Бензин тапшылығы тығырығынан шағын мұнай өңдеу зауыттары шығара алады
Шағын мұнай өңдеу зауыттарына квота белгілеп беру керек. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев айтты. 
 Фото: Pexels
Фото: Pexels– Елімізде үш үлкен мұнай өңдейтін зауыт бар. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте соларды қайта жаңарту, жабдықтау, мұнай көлемін арттыру керектігін айтып, тапсырмалар берген болатын. 2025 жылы осы үш зауыт мұнай өңдеу көлемін 17 млн тоннадан 26 млн тоннаға жеткізу керек болатын. Жоспар бар еді. Өкінішке қарай қазіргі таңда ол зауыттардың өңдеу көлемін ондай деңгейге жетізу жоспарлары да жоқ. Содан кейін, неге екенін білмейміз, көктем мен күзде жөндеуге жабылып қалады. Әрине бұл амал жоқтың әрекеті шығар. Бірақ, басқа да тәсілдерді қарастыру қажет, - деді депутат.

Фото: Видеодан скрин
Осы орайда ол елімізде 50-ден астам шағын мұнай өңдеу зауыты бар екеніне назар аудартты.
– Көбі батыста, Қызылорда жақта орналасқан, Таразда да бар. Бірақ шикізаттары жоқ. Олардың ішінде 20-дан астамы нақты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, оларға мұнай квотасы қарастырылмаған, берілмейді. Олар мұнайды жаңа компаниялар жер қойнауын бұрғылап жатқан кезде, мұнай көлемі нақты бетілмеген кезде ғана алады. Егер оларға квота берілсе, зауыттарын жаңғыртып, жабдықтап жұмыс істейтін еді. Мұны өздері де айтып отыр. Олардың қазірдің өзінде Еуро-5, Еуро-6 бензинін шығаруға мүмкіндіктері бар. Дәл қазіргі кезде осы шағын мұнай зауыттары бізді тығырықтан шығарар еді, - деді ол.
Мәжіліс депутаты еліміз жанар-жағармай тапшы кезде Ресейден алатынын, ал қазір көрші елде де ахуал қиын екенін айтады. 
– Күзгі жиын-терім аман-есен өтіп жатыр. Енді көктемгі егістік жұмыстарында жағдай қалай болмақ. Сондықтан қазірден бастап квота белгілеп берсе, шағын мұнай өңдеу зауыттар жанар-жағармай шығаруға дайын. Энергетика министрлігі мұны қатаң бақылауға алуы тиіс, - деді Мұрат Ергешбаев.
[media=]
		













