Қазақстан жолдарында 72 электрон табло орнатылды

Қазақстанда жолдарға 70 мың тонна тұз және 170 мың текше метр қиыршық тас әзірленді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлап отыр.
Компанияның мәліметінше, қыс мезгілінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін республика бойынша 70 мың тонна техникалық тұз, 113 мың текше метр құм, 170 мың текше метр қиыршық тас қалдығы және 1,3 мың тонна химиялық реагент дайындалды. Биыл 29 жаңа ангар, құм сақтайтын 60 шатыр және 24 модульдік ғимарат салынған.
Қар басу қаупі бар 2200 шақырым жол учаскесі анықталды. Бұл бағыттарда қауіптің алдын алу мақсатында 70 мың уақытша ағаш қалқандар орнатылып, қар қоршаулары жасалды, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифиңде.
Жол пайдаланушыларына тәулік бойы 1403 байланыс орталығы қызмет көрсетеді. Бұл нөмір арқылы республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар жолдағы жағдай туралы өзекті мәліметтер Яндекс Карта, 2Гис және Indrive қолданбасында қолжетімді.
Қарқынды қозғалысқа ие автомагистральдарда ауа райының қолайсыздығына байланысты жылдамдық режимінің өзгеруі туралы жүргізушілерді ескерту үшін 72 айнымалы ақпараттық табло мен белгілер орнатылған.
		











