Жылы жүрек – жомарттықтың белгісі
Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында ел ішіндегі аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандарға жан-жақты қолдау білдіру керектігін айтып келеді. Осы мәселе төңірегінде біздің ауданымызда да әртүрлі жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн.
Мысалы, 2018 жылға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы Көкшетау қаласындағы «Алмаз», «Тәуелсіздік» және «Зеленый бор» шипажайларына емделуге 80 мүгедек жанға тегін жолдама бөлінген. Бекітілген кестеге сәйкес мамыр айынан бастап аталмыш жандар шипажайларға жіберілуде.
Кезекті жолдамаға ие болған 20 мүмкіндігі шектеулі жан тамыз айының 13-22 аралығында «Зеленый бор» шипажайында қажетті ем-домдарын алып, тынығатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, жуырда Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Т.Бөріқұлақов «Зеленый бор» санаторий-курорттық шипажайына емделуге баратын мүмкіндігі шектеулі 20 адамға бөлімнің «Газель» автокөлігімен Қызылорда қаласына тегін жетуін ұйымдастырып, сәтті сапар тіледі.
Кездесу барысында Талайлы Әмитжанұлы тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандарға алдағы уақытта да көптеген қолдаулардың жасалатынын айтты.
Жалпы, елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат оларды қоғамға тарту үшін тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге, оңалтуға бағытталған.
Осы орайда, Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мақсатты бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Мүгедек жандарға көрсетілетін мұндай қамқорлық жыл сайын жалғасын таба бермек.
Гүлбану АЛТЫНБЕКОВА