Құрақ – қиялдың жемісі
Гүлайнаның шыдамдылық пен ыждаһаттылықты талап ететін құрақ құрауға деген ептілігі жас күнінен байқалатын. Алғашында маталардан қалған қиындылардың басын біріктіріп, жеңіл көрпешелер жасайтын. Уақыт өте келе бар ынта-ықыласын осы өнерге арнады. Құрақ құрау үшін ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алып, олардың түрі, түсі, матасына қарай сұрыптауды меңгерді. Гүлайнаның айтуынша, барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөліп алынады. Содан кейін не бірыңғай барқыттан, немесе бірыңғай жібектен құрақ құрауға кіріседі. Бұл істі бастамас бұрын әрбір түстің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша көніл бөлінеді. Құрақ құрау – қалдық қалдырмау деген сөз. Абай атамыз айтқан бес дұшпанның бірі – ысырап болса, өнердің бұл саласы сол ысырапшылыққа жол бермейді.
Гүлайна – төрт баланың анасы. Жолдасы Қуаныш «Қазалы Жолшы» мекемесінде АБЗ меңгерушісі. Өзі бала күтіміндегі демалысына дейін Ақарыс мекемесінде, Қазалы сервис дайындау орталығында есепші болды.
Сүйікті ісі құрақ құрау кәсібін қолға алған Гүлайна Бержанқызы өткен жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, өнім өндіру саласындағы қызметі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқаны үшін аудан әкімі М.Ергешбаевтың қолынан «Үздік тігін бұйымдарын дайындайтын кәсіпкер» номинациясын алды. Ал өзі оқыған №170 мектеп ұжымы Гүлайна Ерназарованы аталған білім ұясының дайындаған ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға танытатын «100 жаңа есім» жобасына енгізді.
«Құрақтың 200-ден аса түрі бар. Тұтыну қажетіне қарай қалың, жұқа, үлкен, кіші етіп жасаса, дәулетіне сай арзан, қымбат материалдан дайындалады. Бұл өнер маған әжемнен қонған деуге болады. Өз анам Звайда мен екінші анам, яғни енем Қазынагүлдің де үйреткені көп. Кәсіпкерлік негіздерін оқып, білім алдым. Қазір тапсырыспен құрақ тігемін. Ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан қолөнердің бұл түрі қанша жыл өтсе де бізбен бірге жасай береді», – дейді Гүлайна Ерназарова.
Иә, сөзінің жаны бар. Қазақта салт-дәстүр ретінде, құрақ құрап, қыз жасауына міндетті түрде қосады. Ол жас отбасының жеке отбасы екендігін білдіреді екен. Қашанда әдемілік пен сұлулыққа құштар ата-бабамыз ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда махаббат нышаны ретінде «Аққу құрақ» көрпесін апарған.
Қонақжай халқымыз төрге отырған қонағының астына құрақ көрпесін төсеген. Бұл – сыйластықтың белгісі. Дүниедегі әрбір зат майда бөлшектерден құралады. Сол секілді әр үйде құрақтан жасалған бұйымның болуы отбасының берекесі мен ынтымағын құрайды. Тіпті, ел аузында «әжелеріміз ерте кезде балалары өліп тоқтамаған отбасылардың үйін «тіл-көзден аман болсын» деп ырымдап, «қырық құрақ» құрап, баласын соған ораған» деген сөзде бар.
Түсінгеніміздей, құрақ құрау аса шеберлікті, шыдамдылықты қажет ететін қолөнер түрі. Құрақ – қиялдың жемісі. Осындай ұлттық өнерімізді өлтірмей, қолданыста кең тарауына үлес қосып жүрген шебердің кәсібі берекелі болсын дейміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.