Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тілегі ескерусіз емес

Ел тілегі ескерусіз емес

Апта бойы аудан әкімі Алмасбек Есмаханов шалғайдағы елді мекендерді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен жүздесті. Онда бірқатар мәселелерді талқылап, атқарылып жатқан жұмыстар легі пысықталды.
Алдымен аудан басшысы Ақтан батыр, Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылдарына барып, жұртшылықпен кездесті. Мұндағы тіршілікпен танысып, әлеуметтік нысандардың жай-күйін көрді. Елді мекендерді аралау барысында әрбір ауылдағы күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар мен жолдарды көрді. Бұған қатысты ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларының пікірін тыңдады. Кейбір нысандарға қатысты тиісті құжаттарды әзірлеп, бюджеттік өтінім беруді тапсырды.
Қазір Жанқожа батыр мен Бекарыстан би ауылына кіреберіс жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолдардағы жөндеу жұмыстары жақын күндері толықтай аяқталады. Ал Бекарыстан би ауылында спорт кешені салынып, дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстарын уақытылы, сапалы етіп аяқтап, ауыл халқына пайдалануға беру жөнінде қатаң тапсырма жүктеді. Одан соң Алмасбек Әбілқасымұлы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев және Майдакөл бағытындағы жүргізіліп жатқан магистралды газ жеткізу жұмыстарымен танысып, мердігер мекеменің жауапты өкілдерімен кездесті. Газ жеткізу жұмыстары халықтың көптен күткен қуанышы екенін жеткізген аудан әкімі бұл жұмыстардың да жылдамдығын күшейтіп, ел игілігіне пайдалануға беру керегін айтты.
Алмасбек Есмахановтың келесі сапары Ақжона және Алға ауылдық окургтерінде жалғасты. Алдымен ол ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Қатар жатқан екі ауылдың да тұрғындары ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына риза екенін жеткізіп, аудан басшысы мен барша ел азаматтарының жұмысына сәттілік тіледі. Кездесу барысында Алмасбек Әбілқасымұлы ауданда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар жайында сөз қозғап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесуден соң ауылдық округтерде орналасқан мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені сынды әлеуметтік нысандарға барып, олардың бүгінгі жай-күйіне қанық болды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығын пысықтады. Әлеуметтік нысандарды аралау барысында білім ошақтарындағы асханаларының жай-күйін көріп, мектеп директорларына асханалардағы санитарлық тазалық мәселесіне аса мән беру керегін ескертті. Аудан басшысы Ақжона ауылдық округін аралау барысында ауылда салынып жатқан типтік жобадағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылысын көрді. Бүгінде ондағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Сонымен қатар мердігер мекеме «Намыс-Құрылыс» ЖШС-нің басшысына құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, бірқатар кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіруді тапсырды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың келесі бағыты Басықара, Құмжиек, Жалаңтөс батыр ауылдарына барумен жалғасты. Ол алдымен Басықара ауылына барып, тұрғындарымен кездесіп, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Тұрғындармен кездесуде Алмасбек Әбілқасымұлы ауданда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар жайында сөз қозғап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жанында өткен басқосуда елді мекен жұрты да бірқатар түйткілдерді тілге тиек етті. Мәселен, көпшілік округ ішіндегі жолдарды жөндеу, спорт кешенін салу, су ұңғымасын қазу, дәрігерлік амбулатория, балабақша жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды мәселелерді ортаға салды. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ кейбір мәселелер бойынша алдағы уақытта заңдылыққа сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыс жасалатынын жеткізді.
Тұрғындармен кездесу Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында өтті. Аудан басшысы қос ауылда өткен кездесуде алдағы уақытта аудан халқының игілігі үшін жасалатын жұмыстарды сөз етіп, ауыл халқының ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығын аудан әкімі мұқият тыңдап, барлығына да нақты жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Айта кететін жайт, аудан басшысы халықпен кездесулер барысында ауылдардың мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандарын аралап, қысқы жылу беру маусымына дайындығын қадағалады. Мекеме басшыларына жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына байланысты орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл жұмыс жасап, жылу беру маусымын еш кедергісіз өткізу керегін ескертті. Аудан әкімі округтерге жасаған жұмыс сапарында Басықара ауылындағы Т.Мұсабаев көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары мен Қарашеңгел ауылдық округтеріндегі Жалаңтөс батыр және Ә.Тлеубаев көшелеріне жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме басшысы мен тиісті сала басшыларына жол құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың келесі сапары Ғани Мұратбаев және Абай ауылында жалғасын тапты. Ол ауыл халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен аудан орталығына жақын Ғани Мұратбаев ауылының халқымен дидарласқан аудан әкімі өңірде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жүзеге асырылатын жұмыстар жайында сөз қозғады. Одан соң кезек ұсыныс-пікірлерге келгенде ауыл халқы округ аумағындағы инженерлік-инфрақұрылым жүргізілген аймаққа жол салу, ауылға жаңа мектеп салу сынды мәселелерді көтерді. Аудан басшысы бірінші сауал бойынша ауылдық округтегі инженерлік-инфрақұрылым жүргізілген аймаққа жол салу үшін жоба әзірленгенін, жобаға сәйкес алдағы уақытта тиісті қаржы бөлінген жағдайда жол салу жұмыстары басталатынын айтты. Ал жаңа мектеп салу мәселесіне байланысты облыстық құрылыс басқармасы арқылы ауылдық округке 250 орындық мектеп салу үшін жалпы құны 1,9 миллиард теңгелік жобалық сметасы дайындалып, сараптамадан өткізілгенін, сондай-ақ құрылысты қаржыландыруға ұсынылғанын жекізді.
Одан соң аудан әкімі дарияның арғыбетінде орналасқан Абай ауылына барды. Кездесуде аудан әкімі ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында тарқатты. Ауыл тұрғындары кездесуде ауылішілік көшелерді асфальттау, шабындық және жайылымдық жердің тапшылығы, оны суландыру мәселесі сынды елдік мәселелерді ортаға салды. Алмасбек Әбілқасымұлы бұл ретте келер жылға мүмкіндігінше ауыл ішіндегі бір көшені асфальттау мәселесін қолға алып, шабындық, жайылымдық жер мәселесі бойынша арнайы мамандармен бірлесе жұмыс жасалатынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта ұйымдастырылып жатқан Абай ауылының 85 жылдық мерекесін жоғары деңгейде өткізілуіне тілектестігін білдірді. Аудан әкімі кездесудерден кейін мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарды аралап көріп, нысандардың бу қазандықтарының қысқы жылу беру маусымына дайындығын пысықтады.
Ауыл халқымен жүздескен аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы кездесулерден түскен ұсыныстарды алдағы жұмыс барысында пысықтайтынын жеткізді. Тұрғындар аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысатынын жеткізді. Ал ауыл ақсақалдары елдегі жағдайды жеткізіп, ауызбіршіліктің арқасында елді мекендер күн өткен сайын көркейіп келе жатқанын айтты.

Айнұр ӘЛИ
11 қазан 2025 ж. 23 0

Әлімжеттіктің әлегі

11 қазан 2025 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031