Абырой биігінен аласармаған азамат

Тағдырдың оған талай сынын көрсетті. Әкесі Рахманберді Жұмағұлов 1941 жылы әскерге шақырылып, алдымен Шығысқа, кейін Батыс майданына жөнелтіледі. Ұзамай 1943 жылы ұрыс даласында хабарсыз кетті делінген қаралы қағаз келеді. Небәрі тоғыз жасында әкесінен айырылған ұлды өмір ерте есейтеді. Соғыс жылдарының ауыртпалығы, жоқшылық пен қиындық бала жүрегіне салмақ салып, ширықтыра түседі. Түске дейін мектепке барып, тұс қайта анасына көмектесіп, мал бағып жүріп, онжылдықты үздік аяқтап, алтын медаль алып шығады. Ізденісі мен білімге құштарлығы оны дәрігер болуға жетелейді.
Карточкамен берілген азын-аулақ ас, жалғыз сиырдың сүтімен күнелтсе де анасы баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп өсіреді. Қыстың көзі қырауда көмір сатып, жазда мал бағып, еңбектен бел жазбай жүріп, ұлының білім алуына жағдай жасады.
Файзрахман алдымен ҚазМУ-ге түсуге талаптанады. Құжаты уақытында тіркелмей қалады. Бірақ оған мойымай, Алматыдағы медицина институтының ректорына жолығып, адал еңбегі мен талпынысының арқасында оқуға қабылданды.
Қайсарлық мектебі
Файзрахман Жұмағұловтың өмір жолындағы кызық та, күрделі кезең студенттік жылдары еді. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық институтына оқуға түскен талапкер 1956 жылы емдеу факультетін ойдағыдай тәмамдайды. Алты жылдық азық білімдар жанға теориялық іліммен бірге төзім мен қайсарлықтың мектебі болады.
Артынан ақша жіберіп тұратын жақыны да жоқ жігіт сол уақыт аралығында туған жері Қазалыға бар-жоғы төрт-ақ рет қана барады. Күнкөріс үшін демалыс кезінде теміржол маңына барып, түрлі қол жұмыстарын атқарып, қаржы тауып, өз қажеттілігін өзі өтейді.
Бірінші курстағы жатақханасы институттың спортзалы болады. Бір бөлмеде қырық төрт студент жатыпты. Бір адамдық төсекке екі студент қатар жатса, сегіз адамға бір ғана тумбочка берілген. Мұндай жағдайда өмір сүрудің қаншалықты қиын болғанын көзге елестетудің өзі ауыр. Кей күндері тек шай мен қара нанға қарап күнелтуге тура келеді.
Жоқшылық жасытпаған жігерлі жан институтты абыроймен аяқтап шығады.
Еңбек жолындағы қадам
Файзрахман Жұмағұловтың еңбек жолы да тағдырлы тарихтан басталады. Әкесі көзі тірісінде: «Баламды оқыт» дегенді нықтап тапсырады. Анасы осы аманаттың жүгін жықпай, ұрпағын білімге жетеледі. Ұлы институтты тәмамдағанда, көз жасын тия алмай кемсеңдеген кейуана: «Аманатың орындалды, әкесі», – деп қуанады.
1956 жылы жас маман ауданның ең үлкен колхозына жолдамамен келіп, ауылдық учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалды. Сондай-ақ ол сол кезде бүкіл аудандағы жалғыз жоғары білімді медицина маманы болады.
Жағдайы жұтаң, тар әрі тартымсыз аурухана, орын тапшылығы жас дәрігердің жауапкершілігін одан әрі күшейте түседі. Елмен ақылдасып, халықты жұмылдырып, асарлатып жаңа аурухана салуға бастамашы болады. Бұл дәрігер еңбегіне халықтың сенімін күшейткен алғашқы қадам еді.
Ақ халатты абзал жан өз ісіне мамандануда тынымсыз тер төгеді. Еңбегін жоғары бағалаған дәрігерді бір жолы сол тұстағы Денсаулық сақтау министрі арнайы келіп, жұмысын қадағалайды. Нәтижесінде оң бағасын береді. Аудандық газеттің редакторы Әлмәмбет Әлішев «Жас дәрігер» атты мақала жариялап, маманның табандылығы мен біліктілігін халыққа танытады.
Мұнан соң облыстық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Қызылорда қаласында қызмет етіп жүрген жылдары досы Сұлтан Амановты үйіне жатқызады. Өзі, әйелі екі баласымен шағын ғана жалдамалы бөлмесінен өзгеге орын беруі – нағыз адамгершіліктің үлгісі еді.
Ф.Жұмағұловтың жемісті еңбегі Тереңөзек ауданындағы қызметімен жалғасады. Ол жерде екі жыл бойы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары жауапты жұмысын атқарады. Осында жүргенде Мәскеуге төрт айлық білімін жетілдіруге бағытталған қысқа мерзімді тәжірибелік оқуға жіберіледі.
Табанды еңбек етіп, үлкен тәжірибеден өткен жоғары маман туған жері Қазалы ауданына бас дәрігер болып жіберіледі. Бұл оның біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне берілген зор баға еді.
Жұмағұловтың Қазалыдағы еңбегі
1962 жылдан бастап ауданның бас дәрігері ретінде үлкен жауапкершілікті мойнына алады. Бұл қызметті ол 1985 жылға дейін, жиырма үш жыл бойы абыроймен атқарады.
Ол қызметке келген кезде аудандық аурухананың жағдайы жақсы емес еді. Ғимараттары ескі, науқастарға арналған орын саны аз, кадр тапшылығы тағы бар. Бір жүз отыз бес төсектік ауруханада он үш дәрігер ғана еңбек етеді. Терапия бөлімінде тіпті бірде-бір дәрігер болмаған. Бас дәрігер науқастарды өзі қабылдап, диагноз қойып, жұмыстың үдерісінің үзілмеуіне үлесін қосады.
Кездескен мәселелерді басшы бірнеше рет жиналыстарда көтеріп, жағдайды жан-жақты талқылап, жоғары жаққа дәлелді құжаттар жіберіп, ахуалдың дұрысталуына көмек сұрайды. Оның жастық жігерімен айтқан сындары кейде өзіне де тиіп жатады. Бірде бас бухгалтердің кеңесімен қосымша қаржы сұрағаны үшін, облыстан арнайы комиссия келіп, аурухананы тексереді. Олар штаттық кестеде артық қызметкерлер бар деген желеумен қарапайым техникалық қызметкерлерден бастап санитарларға дейін қысқартуды талап етеді. Тіпті аурухананың шаруашылығында жүрген қара өгізді де «штаттық артық мүлік» деп жойып, ауданға бөлінген азғантай қаражаттан айыруға тұжырымдама шығарады.
Осындай қиындықтарға қарамастан, Жұмағұлов Қазалы аудандық ауруханасын еңселі мекемеге айналдыруға, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күшін салады.
Жылдар өте келе ол кадр мәселесі біртіндеп шешіле бастайды. Медициналық мамандар даярлайтын оқу орындарымен байланыс орнатып, жас мамандарды ауданға шақырады. Осылайша Қазалыға алғашқы қазақ дәрігерлері келуіне мұрындық болады. Бұрын жетіспей келген терапевт, педиатр, хирург сияқты негізгі салалардың мамандары дайындалады. Бұл – аудан халқы үшін оң өзгеріс еді.
Файзрахман Рахманбердіұлы аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартуға да көп күш салады. Жоғары жақтан қаржы, жабдық сұрап, әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланады. Оның табандылығының арқасында облыста бірінші болып, 1972 жылы стандартқа сай жаңа аурухана бой көтеріп, науқастарға арналған орындар саны артады. Жаңа ота жасау бөлмелері, зертхана, балалар бөлімі ашылады.
Жұмағұлов еңбек еткен жылдары аудандық аурухана тек Қазалы халқына ғана емес, көршілес аудандарға да қызмет көрсететін деңгейге жетеді. Жас дәрігерлерге тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісіп, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасайды. Әсіресе ауылдық жердегі медицина пункттерінің жұмысын жандандырып, әрбір ауылды дәрігермен қамтамасыз етілуін басты назарда ұстайды.
Оның әділдігі мен іскерлігі емделушілер мен әріптестері арасында да үлкен абырой әкеледі. Өз ісінің білгірі қандай қиындық кездессе де, тиімді тетігін тауып, әр науқасқа мейіріммен қарайды. Сондықтан да жұртшылық арасында: «Файзрахман дәрігердің сөзінен де, қолынан да шипа табылады» деген сөз жиі айтылады.
1985 жылы ұзақ жылдық абыройлы еңбегінің нәтижесінде Файзрахман Жұмағұлов құрметті зейнеткерлікке шығады. Бірақ ол өмірінің соңына дейін саланың дамуына, елдің өркендеуіне өз үлесін қосып өтеді.
Үлгілі әулет
Фәкеңнің өмірлік жары Пердегүл азаматын ардақтап, ерін күткен асыл ана, әрі әке орнына жүрген жан болды. Өмірін қызметке арнаған жанды тұрмыстық жағдаймен титықтатпай, бала тәрбиесінде де жауапкершілікті өз мойнына алған.
Бірде балабақша меңгерушісі қызы Индирадан: «Папаң үйде мамаңа көмектесе ме?» – деп сұрағанда, қыз: «Папам үйде тек бәтеңкесінің бауын өзі байлайды, қалғанын мамам істейді», – деп жауап беріпті. Баланың өмірді боямасыз қабылдайтыны бар. Естелікті «Қызымның бұл жауабы – әділ де әділетті баға», – деп Фәкең өзінің «Өмір өрнегі» атты кітабында жазады.
1988 жылы Мурманскіде әскери борышын өтеп жүрген ұлы Қайраттан хат келеді. Мәтінде: «Комсомолдың 70 жылдығына орай, Солтүстік теңіз құрылысшыларында қызмет етіп жүрген сарбаздардың аналарының слеті өтеді. Балаңыз міндетін абыроймен атқарып жүр. Сол себепті Сізді осы слетке шақырамыз» делініпті.
Қыстың қытымыр салқынына қарамай, Пердегүл слетке қатысып, төрде отырып сөз сөйлейді. Оның сөздері радио мен газет беттерінде жарияланып, үлкен қошеметке бөленеді. Тәртіпті қызметі мен жақсы мінез-құлқы үшін Қайратты мерзімінен бірнеше ай бұрын босатып, еліне жібереді.
Міне, осындай әмбебап жарына риза болған Фәкең жарына арнап:
Пердегүл – батыр ана, бақытты ана,
Дейді ғой халқың сені туған дара.
Жүре бер денің сау боп ортамызда,
Немере, шөберелер айналаңда! – деп жүрекжарды тілегін арнаған екен.
Фәкеңнің қызметке бар жан-тәнімен берілуінің басты себебі – осындай асыл жарының қолдауы болса, екінші жағынан екі аяулы анасы – Әлипа мен Алмаш аналардың өнегесі еді.
Жарасты жұптан он екі ұл-қыз дүниеге келеді. Бүгінде олардан 29 немере, 37 шөбере өсіп-өніп отыр. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, қазіргі таңда шет елдерде, Астана, Алматы, Қызылорда, Орал, Петропавл қалаларында еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр.
Ұрпақтары жыл құрғатпай, Қазалыға келіп, ағайын-туысына сәлем беріп, ата-бабаларының рухына құран бағыштап тұрады. Биыл Болат ұлы жары Ләззатпен келсе, былтыр немерелері Салтанат, Аида, Мадина ата-бабасына садақа берген еді. Ал жақында ғана немересі, Солтүстік Қазақтан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп жанына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, қазалылық, дәрігерлер династиясынан шыққан Ғ.Елеуовті ерте келіп, Қазалы ауданының жетістіктерін көріп, Фәкең жұмыс жасаған аудандық ауруханаға барып, үлкендергн сәлем беріп, әңгімелесіп, батасын алып қайтты.
Алғыс алған, арымас
Фәкең өзінің абыройлы болуының бір себебі – жанындағы жақын достары мен шәкірттерінің де ықпалынан екенін айтатын.
Біз – ақылын алып, шекпенінен шыққан шәкірттері үшін Жұмағұлов үлкен үлгі. Шәкірті болып, шекпенінен шықтық. Белгілі медицина қайраткерлері О.Бекетаев, М.Жансейтов, А.Аманов, П.Қадырбаев, Ж.Сапарбаев, Б.Елеуова, А.Сисенов, Н.Мұратбаев С.Берденов, Т.Мүбереков, А.Қадірбаев, Мырзалиевтер, Қ.Ысқақов, Ж.Сүйеубаев, С.Әлиев, Ж.Сембиев, С.Мұстафаев сынды бас дәрігерлер осы Фәкеңнің мектебінен шыққан тұлғалар.
Фәкеңнің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Көптеген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарының иегері. Бірнеше мәрте депутат болып сайланып, съездерге қатысқан. Алматы қаласы мен Алмалы ауданында өткен «Үлгілі отбасы» байқауында да топ жарды.
Биыл ардақты азаматтың өмірден өткеніне де бес жыл толып отыр. Ендігі мақсат – Фәкең есімін мәңгілікке қалдыру. Ол үшін – Әйтеке би кентінде көше атауын беру, аудандық ауруханаға есімін беру, аурухана алдына бюстін орнату мәселелері тұр. Бұл бастамаларды аудан халқы, медицина ардагерлері мен қызметкерлері қолдап, тиісті органдар оң шешім қабылдайды деп сенеміз.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Денсаулық сақтау саласының ардагері,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі