Иесіз иттерге кім ие?
Жақында жақын ағайындарымыз бас қосқан отырыста Әйтеке би кентінде иесіз, қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кеткендігі туралы әңгіме қозғалды. Бірі келіндерін таңертең және жұмыстан қайтарда иттерден қорғап, алып барып, алып қайтатынын ортаға салды. Екіншісі немерелерін мектепке шығарып салып, күтіп алуға баратындарын айтып жатты.
Қазір өзім зейнеткерлер қатарында болғандықтан түрлі шаруаларға байланысты жеке автокөлігіммен көп жүремін. Шынымен де кент көшелерінде топ-тобымен өріп жүрген иттерді көретініміз рас. Соңғы екі жылда соларды аулаумен айналысатындарды өз басым кездестірмедім.
Бұрын бұл мәселеге аса мән бермейтінмін. Алайда, халық қобалжу білдіріп жатқан істің жай-күйін білу мақсатында Қазалы ауданы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының (бұрынғы СЭС) басшысы Гүлсім Имандосовамен хабарласып, осы мәселе жөнінде біраз мағлұматқа қанық болдым.
Оның айтуынша, аудан бойынша 2016 жылы ит, мысық, қарсақ, шибөрі, жарғанат, тышқан және үй жануарларынан барлығы 272, 2017 жылы 264 адам жарақат алып, зардап шеккен. Бұл нақты тіркелгені ғана.
Қолдағы бар мәліметтерге сенсек, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыруға 2016 жылы 5 млн 350 мың теңге, 2017 жылы 5 млн 725 мың теңге мөлшерінде аудан бюджетінен қаржы бөлінген. Ал үстіміздегі жылға бұл мақсатқа 6 млн 69 мың теңге қаралған немесе 2016 жылдан 719 мың теңгеге артық. Жоғарыдағы бөлінген ақшаны құзырлы органдар толықтай игерген.
Берілген ақпар бойынша 2016 жылы 3002 ит, 600 мысық, 2017 жылы 3738 ит, 705 мысық жойылған. Яғни, соңғы екі жылда 6740 ит, 1305 мысық ауланып, алдын алу шаралары жасалған.
«Мемлекеттің қыруар қаражатты бөлгендегі мақсаты – адам өміріне қатер төндіретін қаңғыбас ит-мысықтардың санын азайту емес пе?» деген сұрақ туындайды. Олай болса, неге жануарлардан зардап шеккен адамдардың саны азаймай тұр?
Қаңғыбас ит пен мысықтарды жою үстінде орындалуға тиіс төмендегідей жауапты талаптар бар екен:
– ауланған жануарларды жою, жерлеу, қорымының орнын елді мекеннен қашықтау жерден белгілеу;
– терең құдық қазылып, жойылатын жануарлар толық өртеліп болған соң көміледі;
– қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою комиссиясының құрамы бекітілуі тиіс;
– комиссияның толық құрамының қатысуымен жойылу актісі жасалады.
Бүгінгі таңда бір таңқаларлығы соңғы екі жылда қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою комиссиясына аудандық денсаулық сақтау (СЭС) мекемесінен уәкіл қатыспайтын болыпты. Кезінде осы шаруаға кент әкімінің орынбасары болған Жаңабай Жәкеновтің тікелей өзі білек сыбана араласқанын көзіміз көрді.
Жамандықтың бетін әрмен қылсын, десек те, осыдан 3-4 жыл бұрын кентімізде өкінішті жағдай орын алып, екі жасөспірім оқушы баланы көшедегі қаңғыбас, құтырған иттер талап қайтыс болғаны есімізде.
Құтырған ит жарақатынан дүние салған адамның инфекциялық жұқпалылығы өте жоғары болатындықтан мәйітті дезинфекциялап, целлофанмен мұқият оралып, жерленеді. Жақындарына жууға рұқсат етілмейді.
2016 жылы Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне 1 млн 500 мың теңгеге жуық ақша қаражаты бөлініп, адамдарға қауіп төндіретін дала хайуанаттарының көзін құрту жұмыстары жүргізіліпті. Ал өткен 2017 жылы көк тиын қаржы бөлінбегендіктен бұл бағытта ешқандай іс-әрекет жасалмаған.
Қазір дала төсінде де шибөрілер көбейіп кеткені байқалады. Өйткені, түнгі мезгілде олардың жылаған бала дауысына ұқсас дауысы кент ішінде тұратындарға да естіліп жатады.
Құтыру ауруын тарататын ет қоректі жабайы хайуанаттар: қасқыр, қарсақ, түлкі, шибөрілер екен. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтар ауру аңдармен байланысушы немесе инфекциялық ауру тасымалдаушылар болып табылады.
Құтыру ауруының тарауының ең қарапайым түрі шет аймақтарда тұратындардың иттеріне тамақ құятын ыдыстарына мұқият қарамауынан туындайды. Егер итіңіздің ыдысын немесе кемірген сүйек-саяғын дала тағылары келіп жаласа дұрыс жағдай емес. Себебі ауру қоздырушы вирус хайуанаттардың сілекейінен бөлініп, тарайды. Иттің құтыру белгісі: тынышсызданады, тамақ ішпейді, аузынан сілекей шұбырып, кез келген заттан үрейленеді, үргенде дауысы қарлығып шығады. Тұрғындардың барлық ит-мысықтары тұқымдарына қарамастан әр жыл сайын құтыру ауруына қарсы егілу керек. Алайда бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз.
Адамдарға құтыру ауруы жан-жануарлардан тістеу арқылы сілекеймен қанға беріледі. Сөйтіп, адамдардың жүйке жүйесін қатты зақымдайды. Егер құтыру ауруына күдікті жануар тістеп алса, міндетті түрде дәрігерге көрініп, ауруға қарсы вакцина егу жағын ескерген дұрыс. Ит ретсіз бос жіберіліп, ол біреуді қауып алса, иесіне әкімшілік айыппұл салынады.
Күнделікті өмірде салауатты өмір қалыптастыру үшін тұрмыс қағидаларын қатаң сақтап, ит-мысықтарды күтіп ұстау ережелерін жадымыздан шығармайық, ағайын!
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.