Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлімжеттіктің әлегі

Әлімжеттіктің әлегі

Коллажды жасаған: Айнұр Әли
Қазір әлеуметтік желіні парақтасаң болды, көңілге қаяу түсіретін, жүректі ауыртатын жаңалықтар легі толассыз. Бірі – жәбір көрген, екіншісі – соққыға жығылған жасөспірім. Енді бірі – қас-қағым сәтте қайғылы жағдайға тап болған бозбала. Жуырда Жамбыл облысы, Шу ауданында мектеп жасындағы жасөспірім өз қатарласынан қорлық көріп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Ал жақында Қызылорда қаласында 15 жастағы оқушыны өзімен шамалас бала пышақтап, ауыр жарақат салған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Мұндай қасіретті жағдайлар, өкінішке қарай, күн сайын қайталанып барады.
Әлімжеттік – қазіргі қоғамның назардан тыс қалдыруға болмайтын аса өзекті мәселесіне айналды. Әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып жатқан буллинг, күш көрсету, бір-бірін қорлау әрекеттері күннен-күнге өршіп барады. Бұл жағдай – тек тәрбие жүйесінің әлсіздігін емес, сонымен қатар отбасы мен мектеп арасындағы байланыстың әлсірегенін, қоғамдағы ортақ жауапкершіліктің кемігенін аңғартады. Баланы қатыгездікке итермелейтін не? Өз әлсіздігін жасыру ма, әлде ішкі күйзеліс пен қорқынышты сыртқа шығару ма? Осы орайда біз де бейжай қалмай, бұл түйткілдің тамырын тереңірек қозғап, себеп-салдарын саралап көруге тырыстық...

Қазақстандағы ахуал алаңдатады
Юнисеф келтірген деректерге сүйенсек, әлем бойынша 13-15 жас аралығындағы әрбір үшінші бала мектепте буллингтің құрбанына айналған. Олардың көбі физикалық соққыға жығылғанын, қорқытылғанын, мазақталғанын немесе әлеуметтік ортадан шеттетілгенін мойындайды. Бұл тек психологиялық күйзеліске ғана емес, баланың бойында қорқыныш, өзіне деген сенімсіздік, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін ойлар тудыруы мүмкін.
Отандық зерттеулер де бұл мәселенің бізге де таңсық емес екенін көрсетеді. 2020 жылы жүргізілген зерттеуде Қазақстандағы балалардың 63%-ы мектепте кемсітушілік пен қорлықтың куәсі болғанын, 44%-ы – өздері де сондай оқиғаға тап болғанын айтқан. Ал 24% бала басқа оқушыларға әлімжеттік көрсеткенін жасырмаған. Бұл, әр төртінші оқушы басқа балаға әдейі психологиялық немесе физикалық қысым көрсеткен деген сөз.
Тағы бір айта кетерлік жай, интернеттегі кибербуллингке қатысты. UNICEF Қазақстан деректеріне сүйенсек, әрбір бесінші оқушы желіде кемсітуге, қорлауға немесе қудалауға тап болған. Яғни әлімжеттік тек мектеп қабырғасында емес, баланың виртуалды әлеміне де дендеп кіріп кеткен. Дәл осы орайда ойға еріксіз «Себеп қайдан?» деген сауал оралады? Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттердің тамыры тереңде. Біріншіден, бұл – отбасындағы тәрбиенің, екіншіден, мектептегі бақылаудың әлсіздігі. Үшіншіден, әлеуметтік желідегі шектен тыс еркіндік пен жауапкершіліксіз контенттің де әсері мол. Балалар танымал болуды, «лайк» жинауды, «батыр» көрінуді әдетке айналдырған. Өкініштісі де сол, бұл көбіне өзге біреудің тағдырын таптау есебінен жүзеге асуда.

Үйдегі үлгі – түздегі тәртіптің айнасы
«Бала отбасындағы қарым-қатынасты сыртқа көшіріп, соны әлеуметтік ортада қайталайды. Егер үйде дау-дамай, түсініспеушілік, немқұрайлылық болса, ол мектепте де сол мінезді көрсетеді», – дейді педагог-психолог Назым Жетеуова.
Психолог пікірінше, қазіргі замандағы балалар эмоциясын басқаруды үйренбеген.
– Баланың ішкі әлеміне үңілмей, «жақсы оқыса болды» деп қарайтын ата-аналар көп. Ал эмоциялық сауатсыздық – агрессияның бастауы. Бала ашуын сөзбен емес, күшпен білдіреді. Осыдан барып қорқыту, күш көрсету басталады, – дейді маман.

Қазір айналада агрессия көп. Теледидардан да, желіден де ұрыс-керіс, кикілжің, даулы контент көбейді. Үлкендердің мінезі мен сөз мәдениеті де балаға әсер етеді. Мейірім азайған қоғамда бала қайдан жылы болсын?..
Қазалылық ата-ана Жұлдызай Сейітова өз тәжірибесін былай бөлісті:
– Қазір көп ата-ана баласының телефонын қарап, «үнсіз отырса болды» деп ойлайды. Бірақ балаға ең керегі – сөйлесу. Мен әр кеш сайын баламнан «Күнің қалай өтті?» деп сұраймын. Кейде оның айтқан ұсақ әңгімесінің өзінен көңіл-күйін аңғаруға болады.
– Әлімжеттікке жол бермеудің ең бастысы – баламен сенім орнату, – дейді ол.

Аңдаусыз әрекет абырой әкелмейді
Қоғамда әлімжеттікке төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндетінің бірі. Себебі кейде бір сәттік эмоция, балалықпен жасалған аңдаусыз әрекет ертең үлкен өкінішке ұласуы мүмкін.
2023 жылы Қазақстанда «Балалардың құқықтарын қорғау туралы» және «Білім туралы» заңдарға «буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл» жөнінде нақты өзгерістер енгізілді. Енді кез келген оқу орнында буллинг фактісі тіркелсе, мектеп әкімшілігі, яғни директор немесе жауапты педагог дереу құқық қорғау органдарына хабарлауы тиіс. Егер хабарлама жасырылса, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Ал әлімжеттікке барған оқушының ата-анасына айыппұл салынады. Егер бұл әрекет жүйелі түрде қайталанса, іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың бақылауына өтеді. Қажет жағдайда бала есепке алынып, мінез-құлқы бойынша бақылауға алынады.

Жүйелі жұмыс жүргізу маңызды
Егер бала қатыгездікке бейім болса, бұл – отбасы мен қоғамдағы рухани ахуалдың айнадағы көрінісі. Сондықтан мектептегі әлімжеттік тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр.
Қазалылық ұстаз Жадыра Бердішева бұл дерттің алдын алу үшін тәрбие мен мейірімді қоғам деңгейінде күшейту қажет екенін айтады. Оның пікірінше, баланы жазалау емес, түсіну – ең дұрыс тәрбие тәсілі.
– Егер біз балаға дауыс көтерудің орнына, оның ішкі күйін түсінуге тырыссақ, ұрып жазалаудың орнына, сөйлесе білсек, бәрі басқаша болар еді, – дейді ұстаз.
Шынында да, әлімжеттікке барған әр баланың әрекетінің астарында белгілі бір себеп бар. Көп жағдайда ол отбасындағы жылудың, ата-ана мен бала арасындағы сенімнің жетіспеуінен туындайды. Мұндай ортада өскен бала өз орнын табу үшін күш көрсетуге немесе агрессияға жүгінеді. Кейбірі әлеуметтік желідегі «беделді» тұлғалардан қатыгездікті қалыпты мінез деп қабылдайды. Демек, мәселені тек тыйым немесе жаза арқылы шешу мүмкін емес. Ең алдымен баланың жан дүниесін түсініп, оған сенім мен бағыт беру қажет.
Жадыра Бердішеваның айтуынша, әр мектепте психологиялық қолдау орталықтары белсенді жұмыс істеуі тиіс. Баланың мінезіндегі өзгерістерді ерте байқап, дер кезінде көмек көрсету – мұғалім мен психологтың бірлескен ісі болуы керек. Сондай-ақ жасөспірімдер клубтары мен шығармашылық үйірмелерін жандандыру – бос уақытын пайдалы арнаға бұрудың тиімді жолы.
– Қазір балалардың көпшілігі уақытын телефон мен компьютер алдында өткізеді. Сондықтан әлеуметтік желілерде мейірім мен достықты насихаттайтын жобалар қажет. «Әлімжеттікке жол жоқ», «Менің таңдауым – мейірім» сияқты тұрақты бастамалар балалардың сана-сезіміне оң ықпал етеді. Қысқаша айтқанда, әлімжеттікті тоқтатудың басты кілті – мейірім мен тәрбиені күшейту. Қоғамда жақсыны дәріптеу, теріс әрекетті дереу айыптау мәдениеті орныққанда ғана біз ұрпағымызға қауіпсіз әрі ізгі орта қалыптастыра аламыз. Тек жүйелі, ортақ жұмыс қана нәтиже береді, – дейді ұстаз.

Қылмыстың салдары қандай?
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде де балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуге қатысты нақты баптар бар. Мәселен, ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша топ болып немесе күш қолдану арқылы жасалған іс-әрекеттер – қылмыстық жауапкершілікке жатады. Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, 107-бап негізінде 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге алып келуі мүмкін. Егер қасақана әрекет салдарынан жәбірленуші мүгедек болып қалса немесе қаза тапса, бұл аса ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Басқа бір оқушыны әдейі пышақтау, соққыға жығу немесе жүйелі түрде қорқытып ақша алу – бұлардың бәрі бала жасаған болса да, заң аясында қылмыс ретінде қаралады.
Көп ата-ана баласының жасы кіші болғандықтан, жауапкершілікке тартылмайды деп ойлайды. Бірақ Қазақстанда 14 жастан бастап адам кейбір қылмыстар үшін заң алдында жауап береді. Оған дене жарақаты келтіру, ұрлық, бұзақылық, зорлық-зомбылық сынды әрекеттер жатады. Ал 16 жастан бастап толық қылмыстық жауапкершілік күшіне енеді.

Абай бол, балам!
Бүгін біреудің баласына жасаған қысым – ертең өз балаңның басына келуі мүмкін. Сондықтан баламыздың әр әрекетіне сергек қарап, тек жетістікке емес, адамгершілікке, мейірімге, құрметке үйреткен абзал. Заңнан бұрын сана тәрбиелеу қажет. Себебі, әр баланың жасаған ісі болашақ тағдырына жазылып жатқан бет. Ал ол бет қара даққа айналмасын десек, балаға «еркіндік» емес, жол көрсететін бағыт пен жауапкершілік сезімін үйретейік.
Арайлым ЖҮСІПОВА
11 қазан 2025 ж. 29 0

Әлімжеттіктің әлегі

11 қазан 2025 ж. 30

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031