Өткенге неге бейжай қараймыз?

Бала күнімде бізге үлкен нағашы әжемізді көру бақыты бұйырды. Сексеннен асқан ол кісі, естуімше, елге абыройлы, би кісінің қызы екен. Әжеміздің күміс ер-тұрманы, белдігін көрдік. Алтын әшекейлерінен тәркілеу кезінде қол үзіп қалғанғанға ұқсайды. Сол кісінің қазіргі өлшеммен алғанда әрбірі ту бие тұратын асыл тастары бар жасыл, ақ, көгілдір көзі бар алқа, сырға, моншақ, білезіктері болды. Мені қызықтыратын тұмар тәрізді күміс затты әжем ерекше ықыласпен қолға алатын. Сырға дейін десем, құлаққа асынар жері жоқ, ал қарсы ілгек пе десем, ілмегі бөлек, кулон да емес. Кейін білдім, ол тіс тазалайтын құрал екен. Сол әжем тоқсанға таяп өмірден өтсе де, тістері түгел кетті. Осы күні табиғи таза, денсаулыққа пайдалы металдан жасалған бұйым кейуана тісін дұрыс сақталуына көмегі тиді ме екен деген ойда қаламын.
Әжем дүниеден озарда сандығында «байлығының» бірі де қаламғанын білдік. Мектеп жасындағы әпкем оқу ордасындағы үйірмеге мүше болып, ескі бұйымдардың барлығын сонда апарып бергенін, ұстазы кейін оларды қайтармағынын айтып отыратын.
Жақында аудандық орталықтандырылған кітапхана кітап фестивалін ұйымдастырды. Шарада көрме ұйымдастырғандардың бірі, Жанкент ауылының кітапханашысы Несібелі Нұрадин сөредегі заттарды тарихи орыннан табылған жәдігерлер деп таныстырды.
Олардың сақталу жайын сұрағанымда, жыларман болған кітапханашы көңілдегі ойын жайып салды. «Бұрын ұзақ уақыт ауылдық кітапханада біздің тарихи мекеннен табылған заттар жинақталған орын болды. Шағын музей деуге келеді. Бір жылдары сол бұйымдар мектеп меншігіне бірілуі керек деген тапсырма келіп, бәрі сонда көшірілді. Нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз. Барлық заттар тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Ұрпағымызға қолымыздағы құндылыты сақтай алмай отырып, туған жер тарихы туралы қалай әңгіме айтпақпыз», – дейді ол.
Осыдан үш жыл бұрын Ү.Түктібаев ауылындағы мектепке бардық. Мектеп директоры Қуандық Қожалепесов ауылға жақын маңдағы ертедегі Күйікқала орнынан табылған жәдірлер жинақталған орынды көрсетті. Үлкен қала, аудандардың бірнеше мұражайын тамашаласам да, шағын ауылдағы «тірі тарихты» көріп, әсерленбеу мүмкін емес еді.
Мектеп басшысынан қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттар жайын сұрағанымызда, мектепте мұражай бөлмесін жасақтауға мүмкіндік жоқтығын алға тартты.
«Тарих қашан да қымбат. Бұл асылдардың бағасының қандай екенін бәріміз білеміз. Десек те «дәліздегі мұражай» біздің мақтан тұтар тұсымыз емес. Бұрын оған арнайы бөлме бөлінген, қазір ол жоқ. Бір кездері мектеп медбикесінің екі бөлмесі болуы керек деген ұйғарым шығып, музейді амалсыз босатып бердік. Оған қоса, ғимарат балабақша үшін пайдаланылып отырғандықтан, орын жетіспейді. Сонымен бұл бұйымдарды қорғау да оңайға соғып отырған жоқ», – деді Қуандық Қожалепесов.
Интернационалист-жауынгер, майданда шейіт болған, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сәндібек Инабатовтың туып-өскен үйінде болдық. Алдын ала тиісті орындарға хабарласып алған мекенжай бойынша жарты сағат кент орталығындағы Амангелді батыр көшесін айналдық. Сонда елі үшін жанын құрбан еткен ерге лайықты құрмет көрсетіп, ең болмаса, кішкентай тақтайшаға «Бұл үйде «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, интернационалист-жауынгер, батыр жерлесіміз Сәндібек Инабатов тұрған» дегенді жаздырып қою ешкімнің есіне келмегеніне ренжідік. Осындай тілдей тақтадағы тілімдей сөз жас ұрпақтың туған жерін сүюіне, өзінің өмірлік бағытын отансүйгіштікке баулуына көп көмегін тигізер еді. Өкініштісі, батыр атымен аталатын көшеден де мұндай белгіні, болмаса атауды көрмедік. Мұнан кейін қазіргі мектеп оқушыларынан: «Сәндібек Инабатов кім?» деген сұрағымызға жауап ала алмауымыздың бір сыры өзімізде жатқанын бағамдай бермейміз.
Жоғарыдағы жағдайлардың әрбірінің өзіндік келтірер кедергісі, қиындығы бар. Осыдан рухани құндылық, өлке тарихынан гөрі жұлдыздармен бірге түскен суретін, олардан алған қолтаңбасын артық бағамтайтын буынның көбеюіне жол ашылады. Өткенсіз бүгіннің жоғын ескерсек, туған жерді, оған қатысты дүниелерді қадірлеуді әрбір адам оған деген өз бойындағы жанашырлықтан бастаса, бірлігіміз мығым, дамуымыз қарыштай түсері сөзсіз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА