"Омар иіріміндегі" оқиға
Сырдария жағасындағы Бірлік ауылының тумасы болғандықтан, біз өзен бойында өстік. Қыстың күндері мұздың қатқан жиегінде хоккей ойынын ойнасақ, жазда жағалауды жағалап, қызық қуалайтынбыз.
Неге екенін қайдам, қарыс қадым қазсаң, жердің бетіне су шығатын ауыл адамдары ішуге де сол дария суын тұтынатын. Бастауыш сыныпты бітірген шағымда әкемнің жұмыс бабымен біздің үй аудан орталығына қоныстанды. Арада бір-екі жыл өткен соң, отбасылық достарымыз саналатын Қарабек ағаның жанұясы Жамбыл облысынан жазғы каникул кезінде қыдырып келді. Ауылға бару үшін алдымен түсетін орын біздің үй. Әдетте келген адамдарды ауылға апаратын әке-шешемнің жұмысы болып, ауылға сол жолы қонақтармен мен ғана бардым. Оның өзіндік себебі бар-тын. Бұл әулетпен біздің жақындығымыз туыстықтан артық еді. Әкеммен әкесі, анаммен анасы, қызы Әселмен мен, ұлы Арманмен інім дос болатын. Жан досыма санайтын адамым алыстан келгенде анам да көп ойланбай, ертіп жібергені.
«Қарлаң» аталатын қалқымалы көпірден асысымен ауылдың қарасы қылаңдайды. Жеңіл көліктегі үлкендер жағы өткен-кеткенді айтып, демде діттеген жерге жетіп қалдық. Ауылға келіп, жақын деген үйді-үйлерді араладық. Түскі уақыттың кезінде, туыс үйлердің біріне қонаққа бардық па, әлде бұрын тұрған үйімізді көріп, сағынышымызды басқымыз келді ме, әйтеуір балабақшадағы, мектептегі бірге оқыған балаларды тауып алып, өзенге бардық. Жағалауға жақын тұратын Гүлназ, Саян, Алдаберген және басқа да ауыл балаларымен тайыз жерлерге түсіп, ыстығымызды басып алмақ болдық.
—Қарашы, ауыл қандай күшті. Мен қатты сағынамын ғой бұл жақты анда жүргенде, —деп сөз бастаған Әсел әлден уақытта өзінің итше, балықша малти алатын өнері барын мақтанышпен айтты. «Суда туғандар» онан қалсын ба, жарыса жүзді. Әдеттегі бәрінен кеш жүретін дағдыммен, мен де соңдарына ілесіп келемін. Айтқандарындай, жақсы жүзуді меңгерген екен. Ссырттай қызығып қарап тұрғанымда, қыздар орта жолда қайта кері жүзе бастады. Оның сырын бір-біріне айтқан болуы керек, аралықта аз жер болса да, мен естімедім бе, әлде назар салмадым ба, ол жағын білмеймін. Бір кезде күтпеген жайт орын алды.
Соңғы жағында келе жатқан мені терең иірім орап алды. Әлі есімде, сырты құммен оранған 4-5 адам сиятын құйын секілді орам тереңдікке қарай тарта түсті. Әлгі құмды лай денеңе су тигізбейді. Ұйық іші құрғақ. Құмырашылардың лай илеп отыратын құрылғысы сияқты. Төменге қарай құлдилап барамын. Есепке жүйрік адам жылдамдықты өлшей алатын шығар. Бірақ менің бала өрем оған жетпеді. Лезде ештеңе ойлап үлгірмедім. Қорыққанымнан бақырып жылай бердім. Арада 1-2 минут уақыт өткенде тереңдіктен дауыл келіп, жел қысыммен жоғарыға қарай лақтырды. Судың түбіне бойлап кеткен мен лезде жағалау құмының үстіне түстім. Соңыма бұрылып қарасам, су беті теп-тегіс, әлгі жойқын желдің ізі де сезілмейді. Балалар топ болып үрейленіп қарап тұрса, қыздар жағы бірін-бірі құшақтап, жылап жатыр екен. «Оралған» мені көріп таң-тамаша болды. Қорыққаннан ба, денем қалтырап, екпінімді баса алмай тұрмын. Көрген-білгенімді айтайын десем, даусым шықпайды. Досым: «Сені қолтырауын ба, балық па жеп қойған шығар деп қорықтым... Енді ешқашан ажырмауға сөз берейікші...», —дейді ойын үзіп-үзіп. Екеуіміз де ұзақ уақыт жылап тұрдық. Мұнымыз қуаныштың көз жасы болса керек.
Әлгінде қыздардың жүзіп, кері қайтқан жері туралы сөз еткенмін. Гүлназ қасындағы жүзіп жүргендерге ол жерде су иірімі барын айтыпты.
Бұл орыннан қаншама адам, қайық, үлкен кемелер де жұтылып кетіпті. Кейін білдім. Бабам Қосбармақтың әкесі Оспанмен бірге туған Омар атам бір кездері сол жерде тұрмыс кешіпті. Қолөнер шебері болған атамыз қазақылықты ұстап, болатын жайды дөп басатын, көптің құрметіне бөленген қадірменді қария болып өмірден өткен екен. Білетіндер, оның табиғат құбылыстары, өсімдіктер мен жан-жануарлар тілін де түсінетін қасиетке ие болған деседі. Сүйегі де сол маңға жерленсе керек-ті. Жергілікті жұрт иірімді де сол кісінің құрметіне «Омар иірімі» атапты. Онан өзге ұйық пен атаның арасында қандай байланыс барын білетін адамдар бүгін жоқ.
Үйге келген соң да ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Айтпақшы, бұл туралы ата-анамызға ауыз ашпауға уағдаластық. Содан бері арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де ауыл балаларынан басқалар бұл оқиғадан бейхабар. Сол сәтті еске алсам, әжем айтатын «періштесі қаққан» деген тіркес ойыма оралады. Мүмкін, атамның аруағы желеп-жебеді ме екен... Бұл жағы маған беймәлім. Әйтеуір Алла сақтап, отбасыма аман-есен оралдым. Бірге өскен балалар басымыз қосылса, осы жайтты жиі айтамыз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.