Өнім сапасы қандай?

Алдымен орталық базар маңында ауылшаруашылық өнімдеріне тексеріс жүргізетін екі лаборатория бар екенін айта кету керек. Бірі ет өнімдерін, екіншісі көкөніс, жеміс-жидектердің сапасын бақылайды.
Мусаев базарында орналасқан “Сұңғат Егізбай” жеке шаруа серіктестігі сонда сатылымға әкелінетін төрт түлік, балық, құс еті мен ет өнімдеріне және сүтке лабораториялық тексеріс орнатқан. Мұндағы мамандар әр күн сайын таңертеңгі уақытта жаңа келіп түскен өнім мен сөредегі заттардың сапасын қадағалайды. Алайда шаруашылық директоры Егізбай Медетбайдың айтуынша, қазіргі күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым келіп түспеген. Бұның себебі мал сою бекетінің талапқа сай жұмыс істеуі мен бақылаудың жүйелігінен болып отыр.
– Кент орталығындағы базардың барлығына ет өнімдері “Сәт” пен “Баубек” мал сою алаңдарынан әкелінеді. Сонымен бірге анықтамалық қағазы қоса тіркеледі. Олар тауарды мұнда жібермес бұрын, малды сою алдында лабораториялық сараптама жүргізеді. Мұнда осы мекеме және мемлекеттік лаборатория сараптаманы нақтылап, қайта тексереді. Содан кейін ғана өнім сапасы анықталады, – дейді мекеме басшысы.
Ал аудандық ветеринария бөлімінің мемлекеттік ветеренар-дәрігері Азамат Қосмамбетов лабороториялық тексеру Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық министрлігінің 2015 жылғы 29 маусымындағы заңнамасына сәйкес 4 міндетті тексеріс реакциясын түсіндіріп берді. “Сарапшылар органолиптикалық әдіс арқылы оның сыртқы көрінісіне баға береді. Қайнату сынамасымен оның сапасын тексерсе, финоз әдісі арқылы малдың басына сараптама жасайды. Сондай-ақ ет өніміндегі радиация мөлшерін анықтайды”, – дейді ішкі сауда қатарындағы сараптама жұмысын бақылаушы маман.
– Шаруашылық мамандары мойынға жүктелген жауапкершілікті жақсы сезінеді. Босаңсуға болмайды. Себебі қаншама халықтың сапалы өнім тұтынуы бізге байланысты. Айта кетерлігі, халық арасында көршісі немесе танысы соғым сойса, содан жіліктеп ет алатындар көп. Оларға сараптама жұмысы жүргізілмейтіндіктен тұтынушыларға рұқсат етілген жерден сауда жасауға кеңес береміз, – дейді Егізбай Медетбай.
Мекемелері бір ғимаратта орналасқанымен “Қызылорда Стандарт Сервис” серіктестігінің атқаратын қызметі бөлек. Мұндағылар жеміс-жидектер мен бақша өнімдерінің сапасын да тексереді. Мекеме маманы Азамат Тұрымбетовтың мәлімдеуінше, өзіне тиесілі өнімдеріне тексеріс жүргізілгенде тек азықтың құрамындағы цитрат мөлшеріне көңіл бөлінеді. Ондағы элементтің нормасы белгіленген межеден аспаса сапалы деген сөз. Арнайы маман оны лабораториялық тәсілмен анықтау қалай жасалатынын көрсетті. Ол үшін көкөністі езіп, сусынын приборға салады. Бұдан бөлек жаңа технология саналатын түсті қағазбен де сараптама жасалды. Нәтижесінде лабораториялық тексеріс жасалған қарбыздың сапасы талапқа сай келетінін көрсетті.
Шаруалар өнімнің тез пісіп, жетілуі үшін химиялық қоспаларды, минералды тыңайтқыштарды шамадан тыс қосуы мүмкін. Сондықтан оның сапасы да тұтыну мөлшеріне дөп келмей жататын жағдайлар орын алады. Жалпы ондай өнімді сатып алғаннан кейін сыртын ағынды сумен жуу керек. Сонда заттағы нитраттың 30 проценті сумен ағып кетеді. Ал көкөніс тұтыну алдында салқындатқышқа салып алған артық болмайды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ