Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл тұқымды түлік артып келеді

Асыл тұқымды түлік артып келеді

Бүгінгі таңда ауданда мал шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келеді. Елбасының ірі қара өнімдерін экспортқа шығару жөнінде берген тапсырмасына сәйкес көптеген игі істер қолға алынуда. Олардан алынатын таза, табиғи өнім халық денсаулығын көтеріп, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосуы тиіс.
Осыған байланысты 22 ақпан күні Мінәжадин Өтеев басшылық ететін «Сыр маржаны» серіктестігі Чех Республикасының Прага қаласынан жеткен асыл тұқымды ірі қара малының алғашқы легін қабылдап алды.
Бұған дейін серіктестік төрағасы Чех еліне іссапармен барып, келісімшарт жасасқан. Соның нәтижесінде наурыз айының басында толығымен тасымалданып болатын 300 мал басының 160-ы Қазалыға әкелінді. Мал шаруашылығымен айналысатындарға етене таныс «Абелдин Анус» асыл тұқымды мүйізді ірі қара алдағы уақытта ет өнімдерін өндіруді ілгерілетуге оң нәтижесін береді.
Шетел асып келген жануардың барлығы аналық сиыр. Болашақта олардан жергілікті жерге төзімді жаңа тұқым алынбақ. Бұл өз кезегінде ет бағытындағы сиырлардың саны мен салмағын арттырады. Сондай-ақ келешек асылдандырылған малды тек серіктестіктің ғана емес, жергілікті халықтың қора-жайларынан көруге болады.
– Мемлекет басшысының тамақ өнімдері сапасын жақсарту бағытындағы тапсырмасы мал шаруашылығымен айналысатындарға соны серпіліс берді. Чех елінен ірі қараларды әкеліп жатқандағы мақсатымыз да осы. Алдағы жылдарда асылдандыру арқылы мал басын ірілендіруді қолға алмақпыз. Сол асылдандырылған бұқаның бірқатары жергілікті тұрғындарға тиімді бағада сатылады. Ал аналықтары мал басын көбейту мен ет өнімін өндіруге пайдаланылады, – деді серіктестік төрағасы М.Сражадинұлы.
«Сыр маржаны» ұжымы келешекте Қызылорда қаласының Талсуат елді мекенінен 15 гектар жер алып, ет кластерін ашуды да жоспарлап отыр. Онда асыл тұқымды ірі қара бордақыланып, шетелге экспортталады. Бұл жөнінде Біріккен Араб Әмірлігінің бизнес өкілдерімен келісімшарт жобасы әзірленіп қойылған. Жақын арада шетелдік компания өкілдері Қазалыға жұмыс сапарымен келеді деп күтілуде.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 ақпан 2019 ж. 1 365 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 85

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 84

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930