Петропавлда өртеніп кеткен ескі көлік 315 мың теңгеге қабылданды
ӨКМ Операторының Петропавл қаласындағы қабылдау бекетіне сау тамтығы қалмай өртеніп кеткен Ford Mondeo (1993ж. шыққан) жеңіл автокөлігі тапсырылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Көлік жеке тұлғаның атында болған. Жарамсыз техниканы көлік иесі мемлекеттік тіркеуден 2016 жылдың мамыр айында шығарып қойған. Екі жылға жуық кәдеге жарамай жатқан темір қалдық, ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы бойынша бүгін 315 мың теңгенің сертификатына алмастырылды. Енді көлік иесі Қазақстанда жасалған су жаңа автокөлікті сатып алған кезде аталған сертификатты жеңілдік ретінде пайдалана алады. Айта кету керек тапсырылған көлік құралы бағдарлама талабына сай бағаланып отыр. Автокөлік тегіс өртеніп кеткенімен ондағы қосалқы бөлшектері толығымен өз орнында сақталып қалған.
Жеңілдік сертификаты бағдарламасы аясында жеңіл көліктермен қатар жолаушы және жүк көліктері де қабылданады. Санатына байланысты олар 450 мың теңдеген 650 мың теңгеге дейін бағаланады. Және де екі сертификатты біріктіру арқылы жаңа көлік алған кезде жеңілдік көлемін ұлғайтып алуға болады (650+650= 1 300 000 мың тг.).
Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы басталғаннан бері бүгінгі күнге дейін бас-аяғы 56 037 автокөлік тапсырылды. Оның ішінде жеңілдік сертификаты бағдарламасы бойынша 10 435 автокөлік қабылданып отыр. Ал берілген сертификаттар бойынша Қазақстанда құрастырылған 4 645 автокөлік сатып алынды.
Естеріңізге салайық, бұған дейін жоюға қабылданған көліктердің жылына қатысты жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ең көне техника 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңа машиналардың қатарында 2014 жылғы ««LADA Granta» көлігі болды. Сондай-ақ, қабылданған әйгілі көлік маркаларының арасында «Toyota Land Cruiser», «Porsche 924» сияқты темір тұлпарлар жоюға тапсырылған.