Сіріңкені кім ойлап тапты?
1826 жылы ағылшындық Джон Хокер өзінің жұпыны зертханасында бір нәрсе жасамақ болып, фосфорға басқа да химиялық қоспаларды құйып, таяқшамен араластырып отырады. Бір кезде қолындағы таяғы қорғасын секілді ауырлап, қатып, жұмысты қиындатады. Онсыз да «сіркесі су көтермей» басы қатып отырған химик ашуланып, таяқты жұлып алады да, жер сабай бастайды. Сол кезде жарық-жұрық етіп, ұшқын шығады. Бұған аң-таң қалған Джон, таяқты қайтадан еденге үйкеп көреді. Ұшқын қайта жарқ ете қалады. Жерден жеті қоян тапқандай мәз болып кеткен ол, көшеге атып шығып, жаңалығын жұрттың бәріне айқайлап, жариялай бастайды. Ал, адамдар оған «мынаның есі дұрыс па? Қандай ертегі айтып жүр, өзі?» дегендей үрке қарайды. Бірақ, жұрттың ішінен айлакерлеу біреу ыңғай танытып, айтып жүргені тегін емес екенін сезеді. Оның есімі Сэмьюэл Джонс еді. Ал, тапқыш болса, алқын-жұлқын тәжірибесін жайып салады. Анау оған сатуын өтінеді. Сөйтіп, Джон жаңалығын сатып жібереді. Арзанға алған Сэмьюэл базарға барып, жақсылап жарнамалап, алғашқы сіріңке (шырпы) «атайды» қымбат ақшаға сата бастайды. Бірақ, бұл нәрсе әуелі жұртқа онша ұнамайды. Себебі, ол өте қымбат еді. Екіншіден, тұтатқанда түтіні үйдің ішін ыс қылып, иісі денсаулыққа зиян келтіретін еді.
Сол замандағы швед ғалымы Йохан Лундстром қоғамдағы жаңалықтардан қалыспаймын дейтін қағиданы берік ұстанатын. Сіріңке туралы жаңалықты естіген ол, 1855 жылы Джон тәжірибесін қайта сынамақ болады. Йохан ақ фосфорға қарағанда қызыл фосфордың артықшылығын байқап, таяққа қызыл фосфорды жағады да, фосфордың ұнтағы себілген үйкегішке үйкеп көреді. Бірден тұтанатынын байқайды. Енді оны еденге ұрып, сабалап жатудың қажеті жоқ. Яғни, бүгінгі тілмен айтқанда сіріңке технологиясы дами түседі. Ол оның қатты түтіндеп кетпеуін, денсаулыққа зиян тигізбейтін жағын да қарастырады.
Йохан тәжірибесінен кейін сіріңкені сынап көрген ғалым көбейеді. 1889 жылы әбден екшеленген тәжірибенің арқасында Джошуа Пьюси сіріңкеге қорап ойлап тауып, шығара бастайды. Бір қызығы, шиді үйкейтін күкірт жағы қораптың ішкі жағына салынады да, ол тәжірибе адамдарға біраз қиындық туғызады. Кейін оған бүгінгідей ыңғайлы, шағын қорап жасап, ішіне 50 дана ши салып шығарған «Diamond Match» компаниясы болады. Сосын олар авторлық құқығын қорғап, басқаларға патентпен бере бастайды.
1910 жылы «Diamond Match» компаниясының тауарлары «әлемдегі денсаулыққа пайдалы өнім» деп танылады. 1911 жылы АҚШ президенті Уильям Тафт көпшіліктің алдында компанияның басшыларынан сіріңкенің патентін сатуын сұрайды. Сол жылдың 28-қаңтарында «Diamond Match» авторлық құқығын сатуға келісім береді. Содан бері сіріңке әлемнің барлық мемлекеттерінде шығарылып, күнделікті тұрмыста пайдаланылып келеді.
Гүлдана ЖҰМАХАНОВА.