Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғамға керек болмай қалу – түнгі ұйқыдан айырылудан да қорқынышты

Қоғамға керек болмай қалу – түнгі ұйқыдан айырылудан да қорқынышты

Білікті дәрігер отбасы Жосалы ауданында іссапармен жұмыста жүргенде, 1985 жылы туылған. Он бес күн өткен соң Қазалыға оралған. Бозбала шаққа жеткенде Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке қабылданып, үздік оқыған. Дәрігер өзінің зерек, ізденімпаз болып өсуіне сынып жетекшісі Бақыткүл Жайшылықова мен Мира Байкөбекова, Маржан Оспанова есімді ұстаздардың көмегі көп тигенін айтады. Ал 2004-2010 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінде білім алған.

Қазіргі таңда дәрігер болғысы келмейтін бала кем де кем. Олардың адам өміріне араша тұрып, көңілдерге қуаныш сыйлағысы келетіні бізді де марқайтады. Содан да болар, бүгінде елдегі медицина айтарлықтай деңгейге көтерілді. Ауыл-аймақтардың өзінде білікті мамандар мен тәжірибелі дәрігерлердің саны да, сапасы да артып келеді. Солардың көшін бастап жүрген жас маманның бірі, хирург-уролог Бақытжан Наршабаев деп айтуға әбден болады. Жақында ақ халатты абзал жанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Бақытжан Көбекұлы, дәрігер мамандығына да әркімнің таласы бар. Ал сіздің ақ халатқа құмартуыңызға не түрткі болды?
– Әр үйдегі кішкентай бүлдіршін ата-анаға қарап өседі. Олардың бойындағы қасиеттерді өзіне көшіріп алады. Менің де әкем дәрігер болғандықтан медицина қызметкері атануыма септігін тигізбей қоймады. Анам әкемнің жауапкершілікке толы қызметі, күнделікті жасап жүрген игі-жақсы істері туралы бала кезімізден айтып отыратын.
Түнгі үш-төрттің шамасында үйдегі абыр-сабырдан оянып кетіп, әкемнің шұғыл шақыртумен жұмысқа кетіп бара жатқанын көретінмін. Есік алдында қызметтік көлік күтіп тұрады. Ол кезде ауданда көлік жоқтың қасында болғандықтан, әкемді құрметпен алып кетіп бара жатқандай көрінетін. Мен де ауырып, мазасы қашқан халыққа осылай көмектессем, абыройлы атанамын деп ойладым. Дәрігер болу арманы осы уақытта басталды десем қателесе қоймаспын. Бірақ қызметтік көліктің уақыт жоғалтпас үшін жіберілетінін кейін білдік қой.

– Хирург қызметінің маңызды тұсы – ота жасау. Қолға алғаш пышақ алып, адам жанына араша түскен және ең қиын кез туралы айтып берсеңіз...
– Алғашқы отаны оқуды тәмамдаған соң ауылға интернатурамен келген кезде жасадым. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлердің іс-қимылына қарап, қолымды жаттықтырдым. Біршама тәжірибе жинағаннан кейін науқастанып түскен өзбек ұлты өкілінің соқырішегін алдым. Оқуды аяқтағасын бойымда қателік жасаймын-ау деген қорқыныш түгелімен сейілген еді. Содан да болар алғашқысы сәтті өткесін, кейін күрделі оталар жасауды бір демде меңгеріп алдым.
Осы сәтке дейін отаның оңай түрі болады деп ойламаппын. Солай да. Кез келген операция белгілі бір мөлшерде ауыр саналады. Бірақ, жедел жасалған отаны кабинеттен шыққаннан кейін “жеңіл операция ғой, ойдағыдай өтті” деп айта аламыз. Өте аз мөлшердегі зиянсыз саналатын препараттың өзін кейбір организм қабылдамай, нәтижесінде қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Ал бізге мұндай қателікке жол беруге болмайды.

– Хирург болу үшін дәрігердің бойынан қандай қасиеттер табылу керек?
– Менің ойымша, дәрігерге тән қасиеттер уақыт өте келе қалыптасады. Неге десеңіз, студент кезімде менің де жүрексінетін кездерім жиі болатын. Бірде академиядағы оқытушының: “Қыз бала болсаң түсінер едім, ер жігіт деген атың бар емес пе?” деп кейігенде намыстанатынмын. Бірақ намысқа тырысу бір бөлек те, мамандығыңды түсіну басқаша әңгіме. Себебі сенің қорқып қалғандығыңнан адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін сезініп, жауапкершілік арқалап, эмоцияны тежеу арқылы отаға кірсең жақсы нәтиже болады. Сондай-ақ арыстандай айбат ақ халатты жанның бойынан табылу керек. Бұлай болмаса қобалжуға ерік беріп, қиын жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберуің бек мүмкін. Осыны ұққаннан кейін үйренісіп кеттім десем болады.
Ота жасау бөлмесіне кірген сайын менің ойымда бір-ақ нәрсе тұрады. Ол: “Ота­дан шыққаннан кейін науқастың ағайын-туысына, ата-анасына не айтамын?» – деген сұрақ. Өйткені қазақ бауырмал халық қой. Әрі-беріден соң тойда басы қосылмай қалған болса, қайғы-қиындықта жанынан табыла қояды. Солардың күмән мен үмітке толы жанарын қуанышқа бөлегім келетіні жасырын емес.

– Қазақта “Халық айтса – қалт айтпайды” деген тәмсіл бар. Сізді жергілікті жұртшылық тәжірибелі маман екеніңізден бөлек, науқасқа жақсы қарым-қатынас жасайтыныңызбен мақ­тайды. Әріптестеріңіздің арасында онсыз да жаны қиналып келген адамға қатқыл сөйлейтіндер бар екені жасырын емес. Бұл туралы не айтасыз?
– Ауылға келіп, жұмысқа тұрғанда Қуаныш Әзирұлы есімді бас дәрігер ағам болған. Сол кісі: “Ауруханаға халықпен етене жақын араласып, мұң-мұқтажын түсінетін дәрігер керек. Ауыр сөйлейтін мамандар маған да қажет емес”, – дейтін. Түсінген адамға, бұл көп нәрсені аңғартады. Дәрігердің жылы шырайының өзі науқасты емдейді деген әңгіме ел аузында жүр емес пе? Сондықтан ауруханада кезек күтіп, алдыңа келген адамның ұрыс-айқай іздеп келмейтінін түсінген жөн. Оның үстіне ем-домын жасап, ақыл-кеңесін айтқан дәрігердің жаман атқа қалғанын естіген емеспін.

– Мереке, демалыс күндері, беймезгіл уақытта жұмысқа шақырып қалатынын білеміз. Қызметтегі бұндай күндерден жалықпадыңыз ба?
– Біріншіден, бұл менің мамандық таңдаудан бұрынғы қалауым. Қандай жағдай болмасын адамды қолдан келгенше ауыртпашылықтан арылту. Екіншіден, мені арнайы отаға шақыртқаны менің сұраныстағы маман екенімді көрсетеді. Демек адам жанына араша түсіп, көңіліне қуаныш сыйлау қабілетімде бар екен, мейлі, таңғы сағат үште, төртте, мейлі бесте болса да мен неге жұмысқа қызметтік ынтамен бармауым керек? Керісінше, бұған қуанбасам ренжімеймін. Қоғамға керек болмай қалу – түнгі ұйқыдан айырылудан да қорқынышты көрінеді.
Кейде жаңа медициналық аппараттарды меңгеру үшін үлкен қалаға қысқа мерзімді оқуға барып тұрамын. Сондайда елге оралғанша, асығамын. Отба­сымды сағынатыным өз алдына, ем­ха­наға іздеп келетін қарияларды, олар­дың сенім-ықыласын іздеп тұрамын. Бар­лық науқастың денсаулығына айтатын шағымын байыппен тыңдайтыным сон­дықтан болар.

– Көптеген жастар оқу бітіргесін қалада қалып, мансап қуады. Сізді туған жерге келіп, ел игілігіне еңбек етуге не итермеледі?
– Үйдің үлкендері балаға сенім артатыны анық. Жастайымнан ата-анама қолғанат болып, адал еңбек етіп, көпшіліктің алғысын аламын деген мақсат болды. Ауылға келіп, абырой биігінен көрінсем “осы жігіт кешегі шалдың баласы еді, бүгін жарап тұр” деп ел айтпай ма, деп ойладым. Оған қоса мемлекеттің “Дипломмен ауылға” бағдарламасы да ауылға келген жастардың жағдайын жасап, керегімен қамтамасыз етіп отыр. Мен де жеке баспаналы болдым, басқа да қолдауларды сезіндім. Бүгінгі күні мемлекеттің есебінен білімімді жетілдіріп жүрмін. Өз қаражатыммен барар болсам, өте ауыр болар еді. Сол білімнің арқасында айлап жататын науқастарды жаңа технология көмегімен екі немесе үш күнде емдеп, отбасымен қауыштырып жатырмыз.
Қазіргі таңда үйде алты бірдей дәрігер бар. Әкем, менімен қоса келіншегім де, інім мен келінім, қарындасым да адам жанына арашашы болып жүрміз. Менің алдымда тәтем бар, сол кісі ғана мұғалімдікті таңдаған. Ал анам – жеке кәсіпкер.

– Ауданда қандай аурулар өсім алып барады? Олардың пайда болу себебі мен алдын алудың жолдары жайында білсек...
– Мен урология мамандығын да меңгергенмін. Бұл саладағы ең өзекті мәселе қазіргі таңдағы ер адамдардың белсіздікке ұшырауы болып отыр. Адамзат баласы үшін соңында ізбасар ұрпақ қалмау өте ауыр мәселе екені анық. Сондықтан кәсіби маман ретінде оның көбеюі бізді алаңдатады.
Бұл мәселенің түптамыры аймақтағы экологиялық жағдаймен байланысты болуы мүмкін. Оның зардабы бұдан да басқа аурудың ушығуына, өсіміне әкеліп отыр. Сондай-ақ табиғи өнімнің азайып кетуі де адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Осы тұста тұрғындарға мүмкіндігінше Отандық азық-түлікті пайдалануға кеңес берер едім.
Экологиялық мәселені шешудің тағы бір оңтайлы жолы – ауданымызды жасыл желекпен көмкеру деп білемін. Бұл тұрғыда тиісті тараптардан жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандық аурухана айналасында да ағаш егуді қолға алдық. Ендігі жұмыс оны аяғына дейін жеткізуде болып отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 маусым 2019 ж. 2 326 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930