Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәскеу қазағымды құрметтеуге үйретті

Мәскеу қазағымды құрметтеуге үйретті

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында оқып жатқан Сыр жастары жетерлік. Сол топтың бел ортасында қасиетті Қазалы топырағынан шыққан білімқұмар студенттер де бар. Туған жерден аттанған жалынды жігіттердің бірі – Әділбек Темірбай. Жуырда, 20 миллионға жуық халық тұратын шаһардағы қайнаған тіршілік пен сондағы қызылордалық қыз-жігіттердің жай-күйін аталған жастан сұрап, сыр тартқан едік.
– Әділбек, алдымен өзіңді таныстырып, Мәскеуге қалай барғаныңды айтып өтсең...
– Мен «жер кіндігі» саналатын Байқоңыр қаласының тумасымын. Бірақ, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі «Алтындар ұстаханасы» атанған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде оқыдым. Жалпы, Мәскеуде оқу туралы ең алғаш 9 сыныпта естідім. Біздің мектептен алып қалаға алғашқы лекпен Шолпан Аяп, Жандос Тойбазар сынды аға-әпкелерім аттанған. Сосын, мен де алдыма «қайткен күнде де Мәскеуге оқуға барамын» деп мақсат қойдым. Оған ата-анам, мектептегі ұстаздарым барлық жағынан көмегін аямады. Әрдайым жан-жақты қолдау білдіріп жүрді. Кейін Қызылорда қаласына барып үш пәннен сынақ тапсырдық. Тест 2 кезеңнен тұрды. Мамыр айында тапсырған сынақтың қорытындысы келді. Қазалы ауданынан 3 оқушы оқуға түсіппіз. Мұны естігенде қуанышымда шек болмады. Қазіргі таңда, Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу институтының ІІІ курс студентімін. Осында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алып жатырмын.
– Алып мемлекеттің бас қаласына табаның тигенде қандай сезімде болдың?
– Ең бірінші Мәскеу қаласына келген кезде басқа әлемге тап болғандай сезімде жүрдім. Көрші отырған халық болса да, адамдарының өмірге деген көзқарасы мүлдем басқаша. Бөгдеге деген сыйластығы және мәдениеті өте жоғары. Бір таңғалғаным, басқа мемлекеттерге қарағанда Қазақстан азаматтарын өте қатты құрметтейді екен. Сонысы ерекше ұнады. Мәскеу бізді жатсынған жоқ.
– Ол жақта оқығысы келетін жас түлектер нені білулері керек?
– Алдымен орыс тілін өте жетік меңгерген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, мұнда барлық оқу жүйесі орыс тілінде өтеді. Және осындай алып шаһарға түлектер өзін-өзі рухани жағынан дайындауы қажет. Сонымен қатар, орыстың мәдениеті мен әдебиетін білсе де артықтық етпейді. Грант бұйырып келген талапкерлердің бойында өз-өзіне деген сақтық пен артылған сенімге деген үлкен жауапкершілік болуы тиіс деп есептеймін.
– Мәскеуде қандай қиындықтарға жиі ұшырайсыңдар?
– Маған қатты қиындық туғызған орыс тілін жетік білмеу мәселесі екенін жасырмаймын. Мектепте үйренген орыс тілім бұл жаққа келгенде жеткіліксіз болды. Ойымды ашық түрде жеткізе алмаушылық көп жағдайда кедергі келтірді. Екінші – қымбатшылық. Өздеріңіз білетіндей, Мәскеу Еуропаның ең қымбат астаналарының бірі болып саналады. Қазақстанмен салыстырғанда кейбір азық-түліктер бағасы жоғары. Уақыт өте бұған да үйренісіп кеттік.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жұртшылықты туған жерді құрметтеуге, ел келешегі үшін аянбай тер төгуге үндейтіні белгілі. Жалпы, сыртта жүргенде елге деген сүйіспеншілік, отанға деген сағыныш қалай болады екен?
– Мәскеу мені Қазақстанды, барша қазақты құрметтеуге үйретті. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген нақыл бекер айтылмағанын осында жүріп ұғындық. Болашақта осы алып жатқан білімімді жалғастырып, магистратураға талаптанғым келеді. Мұнан соң ізденісімді Қазақстанның, оның ішінде Қызылорда облысының өсіп-өркендеу жолына жұмсасам деймін. Біздерге осындай үлкен мүмкіндік сыйлаған ата-анам мен ұстаздарыма, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына зор алғыс білдіргім келеді.
– Уақыт бөлгеніңе рахмет!
Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ.

13 қараша 2018 ж. 1 521 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930