Туған елге ештеңе жетпейді
Қазан айында «Сыр медиа» серіктестігінің журналистері Мәскеуге барған болатын. Олар таным мен тәжірибеге толы сапар барысында Ресей астанасындағы маңдайалды оқу орындарында білім алып жатқан қызылордалық студенттермен дидарласты. Арасында қазалылық іні-қарындастар да бар екен. Солардың бірі – Ақерке Жорақызы. Қазалы қаласының тумасы. Замандастары секілді ол да арман қуып, алып қалаға келіпті.
– Ақерке, қай оқу орнында оқып жатсың?
– Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде стандартизация және метрология мамандығы бойынша білім алып жүрмін.
– Қазір нешінші курс?
– Төртінші.
– Бұл оқуға қалай түстің?
– 2015 жылы сәуір айында Қызылорда қаласында Ресей университеттеріне қабылдау емтиханы өтті. Соған қатысып, бағымды сынадым. 25 мамыр күні Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің студенті болғанымды білдім. Шыны керек, қатты қуандым. Өйткені, «Мәскеуде оқимын» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.
Сырдың сары даласындағы қара домалақтарға осындай мүмкіндікті жасаған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа алғыс айтамын. Оқуға түскеннен бері – 4 жыл бойы біз аймақ басшысының қолдауын, шынайы қамқорлығын сезіп келеміз. Жылына екі рет келіп, қызылордалық жастардың басын қосып, сыйлығын беріп, жағдайымызды сұрап кетеді. Ол кісіні көргенде тура әкемізді көргендей қуанамыз. Осы сұхбатымды пайдаланып, тағы да рахмет айтқым келеді.
– Сенің мамандығыңның ерекшелігі неде?
– Бұл мамандықпен кез келген салада қызмет етуге болады. Себебі, барлық заттың өзінің стандарты бар. Бұл мамандық халықаралық компанияларда өте танымал, сондай-ақ, Қазақстанға керек және бізде өте тапшы болып есептеледі. Өйткені, әрбір тауар мен өнім міндетті түрде сертификаттаудан өтуі қажет. Біздің міндетімізге тауардың сапасы мен оның қолданысқа толық жарамдылығына кепілдік беру кіреді.
– Мәскеуге баруға ата-анаңның көзқарасы қалай болды?
– Біз Қазалы қаласында тұрамыз. «Мәскеуге барамын» дегенде, әрине, ата-анам қобалжыды, уайымдады. Жалғыз қызын шалғайға жіберу оңайға соққан жоқ. Теледидардан «Мәскеу» деген сөзді естіген кезде жүректері зырқ етіп отырды. Сол кезде “Москва звонят колокола” деп қосылып бәріміз өлең айтатынбыз (күліп). Сонымен не керек, біз де, ата-анамыз да қорқынышын жеңді.
Бізбен бірге Мәскеуге тоғыз ата-ана келді. Олар бізді жатақханаға орналастырды. Оқу орнымызға метромен барып, бірге қайтып, төрт күн ілесе жүрді. Көшеде, қоғамдық көлікте қалай жүріп-тұруды үйретіп, ауылға қайтты. Менің ата-анам сондай алтын адамдар. Аллаға шүкір, ата-анам қандай жағдайда да балаларының таңдауына шектеу қоймайды. Әрине, дұрыс-бұрысын саралап, өздерінің ойларын, ақылдарын айтады. Мәскеуге емтихан тапсырғанымда да қолдады. Менің Олжас және Әлібек деген екі үлкен ағам бар, олар Мәскеу авиация институтын (МАИ) оқып бітірген. Үшеумізде де бұйыртса, «Московский диплом» болады.
– Халқы он миллионнан асатын алып қаланың өміріне бейімделу қиын болмады ма?
– Кішкентай Қазалыдан бірден Мәскеуге барғанда қалай болады екен деп уайымдайтынмын. Анаммен Мәскеуге келіп, бірінші күні жатақханаға қарай жол тарттық. Қасымызда қызылордалық студенттер, олардың ата-аналары бар. Бәріміз бір автобустамыз. Терезеге қарап отырып, зәулім әрі сәулетті ғимараттарды, Мәскеудің жылдамдығын көріп, анама «Мен сізбен бірге Қазалыға қайтатын шығармын» деген болатынмын. Бірақ үш-төрт күнде достар тауып, үйреніскеннен кейін анама “Жоқ, Мәскеу ұнап жатыр, осында қаламын” деп айтқанмын.
Әлбетте, бастапқыда бәрі оңай болмайды. Үйімді, ата-анамды, достарымды, туған жерді сағынып, елге қайтқым келетін кездер де болды. Жырақта жүріп, қиындықтарға төзіп, үйренісіп кеттім. Бірақ, Мәскеуге бірінші келген уақыттан бері ешқашан да “Не үшін келдім, Қазақстанда қала беруім керек еді” деген ой келмеді. Ешқашан да Мәскеуде оқып, білім алып жүргеніме өкінген емеспін. Менің ойымша, қай жақта жүрсең де солай болады, Қазақстанның ішіндегі қалаларға барғанда да әр адам өзінің үйін, ата-анасын сағынады.
– Мұнда қызылордалық жастар жиі кездесіп тұрасыңдар ма?
– Әрине, туған жерден шет жүрген соң, бір-бірімізді көруге асығамыз. Сабақтан бос кезде кездесіп тұрамыз.
– Мақсатың не?
– Алға қойған мақсаттарым көп. Соның ішінде қазіргі арманым – осы жоғары оқу орнын (бакалавриатты) аман-есен абыроймен бітіріп, ата-анамды, бауырларымды қуанту. Және де ары қарай Мәскеуде немесе басқа шет елде магистратураны оқуды жоспарлап отырмын. Ең маңыздысы – болашақта ата-анама жағдай жасап, көмектесу. Яғни, шет елдерді аралатып, демалдырғым келеді. Уайымсыз рахат өмір сүруін, әрдайым бақытты болуын қалаймын. Менің инабатты, ақылды болып, дұрыс жүріп-тұрғаным да олар үшін қуаныш. Сол үміттің үдесінен шығамын деп сендіргім келеді.
Сонымен қатар, Мәскеуде алған терең білімімді біздің Қазақстанның көркеюіне жұмсауды мақсат етемін. Осы жолда тер төгетін боламын.
– Ақерке, Мәскеуде жүргеніңе төрт жыл болыпты, осы уақытта ойыңа не түйдің?
– Бұл жақта біріншіден, еліме деген патриоттық сезімнің қандай екенін терең түсіндім. Себебі, туған елге ештеңе жетпейді. Екіншіден, үлкен қалада әрбір адам өз-өзін дұрыс ұстап, әрқашан жауапты болып жүру керектігін түйсіндім.
– Әңгімелескеніңе рахмет. Оқуың жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Дәурен ОМАРОВ