«Жас ұрпақты арманшыл болуға жетелеу керек»
Қасиетті Қазалы топырағының тумасы Бегалы Әйтбембет туған жерден жырақта жүрсе де туып-өскен елмен арадағы байланысты ешқашан үзген емес. Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында тұратын қазалылық азамат, дәрігер, ғалым адамдардан қолдан келген көмегін аяған емес. Оның өскен жері Өркендеу ауылының оңтүстік батысында орналасқан құнды жәдігер – Сырлыбай хан мавзолейін қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетіп, ел-жұртқа ас бергені көптің жадында.
Жуырда қайда жүрсе де туған жердің түтіні түзу шықса деп тілеген медицина ғылымдарының докторы, ғалым, профессор, Профилактикалық медицина академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, жерлесіміз Бегалы Әйтбембетұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бегалы аға, өмірдерегіңізге көз жүгіртсек әке-шешеден жастай қалып, жоқшылық пен жетімдіктің дәмін ерте татқан екенсіз...
– Иә, мен жоқшылық пен жетімдікті көп көріп өскенмін. 1939 жылы Қазалы ауданындағы бұрынғы «Каганович» атындағы колхозда дүниеге келдім. Әкем Әйтбембет соғыс басталған жылы өз өтінішімен Қазалыдағы әскери комиссариаттан майданға аттанып, Украина майданында ұрыс даласында 1944 жылы мерт болды. Ол кезде мен 4 жаста, ал қарындасым Шолпан 2 жастан енді ғана асқан еді. Көп ұзамай анам Бахтылы тұрмыс құрып, қарындасым екеуміз Қатира әжеміздің қарауында қалдық. Ауылда егін егіп, мал бағып, ерте есейдік. 10 жасымнан табыс табуға бейімделдім, шынығып шыңдалдым. Алдыңғы қатарлы колхозшылармен қатар еңбек еттім.
– Медицина саласын дамытуға сүбелі үлес қостыңыз. Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?
– Қожабақы ауылындағы орта мектепті 1957 жылы бітірдім. Әжем сол уақытта қайтыс болды. Келер жылы қарындасым тұрмысқа шығып кетті. Үйімде жалғыз қалдым. Ендігі мақсатым білім алып, халыққа қызмет ету болды. Сол арманмен Семей қаласына келдім. 1958 жылы Семей қаласындағы медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түстім. Білім ала жүріп, 4 курста бастап осы қаладағы №1 емханада дәрігер қызметін атқардым. 1964 жылы Шымкент облысы, Түркістан аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу және профилактика ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке орналастым. Басшылық екі жылдан соң, қазіргі Бәйдібек аудандық ауруханасына бас дәрігер қызметіне жоғарылатты.
1969 жылы Харьков қаласында терапия мамандығы бойынша арнайы дайындықтан өттім. Арманым ғылымға бетбұрыс жасау болатын. 1970 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түстім. 1974 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғадым. Араға он жыл салып Санкт-Петербургтағы Санитарлық-гигиеналық медицина институтында «Фосфор өндірісіндегі улы заттардың әсерінен бауырдың қабынуы» деген тақырыпта докторлық диссертациялық жұмысымды жаздым. Кейін медицина институтында ассистент болдым, бұдан әрі Республикалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, бас дәрігері қызметтерін атқардым. Денсаулық сақтау министрлігінің бас терапевті, Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры, Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, республикалық психиатриялық аурухананың бас дәрігері, республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры бола жүріп, 2003 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі таңда осы орталықтың бас ғылыми қызметкері және құрметті директоры қызметін қоса атқарып келемін.
– Ғалым ретінде бірнеше ғылыми еңбек жаздыңыз. Соларға тоқталсаңыз?
– Иә, «Госпитальдық терапия», «Паталогиялық ғылыми-зерттеу», «Санитарлық гигиена», «Ішкі ағза ауруларының пропедевтикасы», «Гигиена және кәсіби аурулар», «Гигиена және эпидемиология», «Психиатрия», «Психотерапия және наркология» салалары бойынша жұмыс жасап, нәтижесінде 221 ғылыми жұмыс жазылды. Оның 35-і шет елдерде жарық көрді. Сонымен бірге жоғары оқу орындары үшін жарық көрген 3 оқу құралы, 2 монографиям бар. Америка, Франция, Дания, Қытай елдерінде болып, дүниежүзілік деңгейдегі белгілі мамандармен тәжірибе алмастым.
– Сіздің жетекшілігіңізбен 5 ғылым докторы мен көптеген ғылым кандидаттары шықты. Шәкірттеріңіздің бойынан көргіңіз келетін ең басты қасиет қандай?
– Өзіңнің басшылығыңмен қорғалған жұмыстар аса қадірлі көрінеді. Менің шәкірттерім медицина ғылымының әр саласында қызмет атқарып келеді. Әрдайым олармен мақтанамын. Қазіргі уақытта медицина ғылымы, басқа ғылым салаларында да үлкен тоқырау бар. Алайда көпшілігі ұлттық медицина университетінде доцент, профессор болып қызмет атқарады. Бір шәкіртім Елжан Біртанов қазіргі таңда денсаулық сақтау министрі.
Тәрбиемді көрген әрбір шәкіртімнің еңбекқор, сауатты, қашанда адамгершілікті алғашқы орынға қоятын жан болғанын қалаймын.
– Аға, қызметтен туған жер тақырыбына ойыссақ. Өскен өңір дегенде көз алдыңызға қандай көрініс келеді?
– Туған жер, өскен ел, әрине әр адамға ыстық. Мен 7-8 жасымнан еңбекке араластым. Мектепте үздік оқушы болдым. Сол кездегі замандастардың көрген қиындықтары көз алдымда. Халықтың денсаулығы өте төмен болатын. Балалар өлімі жиі кездесетін.
Тұрмыс тіршілік 1950 жылдан бастап жақсара бастады ғой. Кейін, ғалым дәрігер атанып, гигиена және кәсіби аурулар институтына директорлық қызмет атқарғанда Сырдарияның суы тартылып, теңіздің суы азайды емес пе? Міне, осы кезде экологиялық апат болды. Сол тұста мен басқарған ғылыми институттың қызметкерлері оның ішінде менің оқушыларым осы саланы зерттеп, үкіметке көп мағлұматтар бердік.
– Ауылға жиі келесіз бе?
– Екі-үш жылда келіп тұрамын.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында киелі Қазалы жерінде әділдігімен үлкен беделге ие болған тарихи тұлға Сырлыбай Шабақұлының 200 жылдық мерейтойын атап өтуді ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрсіз. Реті келгенде Сырлыбай Шабақұлы туралы айтып өтсеңіз...
– Сырлыбай атамыз 1818 жылы туылып, 1896 жылы дүниеден өткен. Менің әкем Әйтбембет, оның әкесі Нұрман, Нұрман атамның әкесі Сырлыбай. Сырлыбай Шабақұлының өмірі қазақ тарихының азапты, трагедиясы мол кезеңіне сәйкес келеді.
Даңқты бабамыздың тағдыры Хиуа хандығының бектеріне қызмет етуден басталды. Зекеттен жиналған малдары арқылы Хиуа елінде болып, бертін келе бектердің сеніміне кіріп, кейін ханның көмекшісіне дейін көтеріледі. Бұдан әрі қазіргі қарақалпақстанның Шымбай жерінде Хиуаның кіші хандығын құрып хан болып 1854 жылы елге оралып, Жанқожа батыр бастаған ұлт-азаттық күресіне қатысқан.
– Мерейтой аясында қандай шаралар өтеді?
– Бабамызды ұлықтау, ерлігі мен еңбегін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Елдік пен ерлік туын көтерген ерен тұлға» атты ақындар айтысы, кітап көрмелері, спорттық сайыстар, театрланған қойылым өтеді. Қыркүйек айында Өркендеу ауылында «Сырдың сырбаз биі» тақырыбында тарихи танымдық кеш, Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен жыл көлемінде Сырлыбай бабамыздың өмір жолы жайлы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу және студенттер мен мектеп оқушыларына «Сырлыбай туралы сыр» тақырыбында лекция оқу жоспарланып отыр.
– Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз
– Ұрпақты арманшыл болуға жетелеу керек. Оған жету үшін адалдық, шынайлық, төзімділік пен көп еңбек ету ләзім. Жерлестеріме мықты денсаулық, ауызбіршілік тілеймін. Тек тойда жүздесуді жазсын.
– Аға, әсерлі әңгімеңізге рахмет. Бастаған ісіңіз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.