Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігері – жалынды, адымы – алымды

Жігері – жалынды, адымы – алымды

Қазақ қоғамында жастар әрдайым елдің ертеңі, үміттің тірегі саналған. Егемендік алған алғашқы жылдардан бастап бұл сенім мемлекет саясатының маңызды бағытына айналып, жастардың дамуына жол ашатын заңнамалық негіздер қаланды. Содан бері жастар саясаты біртіндеп жүйеленіп, нақты қадамдармен жүзеге асырыла бастады.
Бүгінде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – елдің стратегиялық мақсаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені әрдайым назарда ұстап, жас ұрпақтың рухани, білімдік және азаматтық тұрғыдан жетілуіне үлкен мән беріп келеді. Президенттің: «Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімді, еңбекқор, әділ және жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Бұл қасиеттерді насихаттау арқылы жеке тұлғаның қасиеті – тұтас ұлттың қасиетіне айналады» деген сөзі әрбір жасқа үлкен сенім жүктеп, жігер береді.
«Жас келсе, іске» деген халқымыздың даналық сөзі бүгінде нақты іспен ұштасып, ел болашағы – ойы озық, білімге құштар, еліне адал жастардың қолында екені күн өткен сайын айқындала түсуде.
Бүгінде ауданда 23 552 жас тіркелген, бұл жалпы халықтың 29,1 пайызын құрайды. Оның ішінде 12 565-і – ер, 10 987-сі – әйелдер. Айта кетерлігі, жастардың 91 пайызы ауылдық елді мекендерде өмір сүреді. Бұл – жастар саясатын шалғай аймақтарда да сапалы жүзеге асыру қажеттігін көрсетеді.
Аудан бюджетінде жастар мәселесіне деген қолдау жылдан-жылға артып келеді. 2025 жылы жастар саясатына 65 миллион 729 мың теңге қарастырылған. Оның 7 миллионы 372 мыңы – түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға жоғары көрсеткіш. Бюджеттік қолдаудың ұлғаюы – жастардың әлеуетін арттыруға, олардың білім, еңбек, шығармашылық және азаматтық бастамаларын дамытуға деген мемлекеттің нақты қамқорлығының көрінісі.
Мемлекеттің кең қолдауының арқасында жастар саласында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта аудандық Жастар ресурстық орталығының қосып отырған үлесі айтарлықтай маңызды. Орталық қызметкерлері әрдайым елге пайдалы істердің басында болып, тәрбиелік, мәдени және әлеуметтік шараларға белсенді ұйымдастырып келеді.
2024 жылдың басынан бері орталық тарапынан отансүйгіштік рухты қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру, патриоттық құндылықтарды насихаттау, жұмыссыздықты азайту, нашақорлық пен құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ лудомания мен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыттарында 180-нен астам іс-шара өткізілді. Оның ішінде 70-ке жуық мәдени шара, 54 спорттық жарыс, 40-тан астам кеңес беру акциясы, NEET санатындағы жастармен 28 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 64 қоғамдық рейд өткізіліп, жалпы 35 435 адам қамтылды. Ендеше, осы шаралардың біразына қысқаша тоқталып өтейін.
Аудан көлемінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында жыл бойы спорттық және мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралар жастардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өзара байланысын нығайтып, бос уақытын пайдалы өткізуге жол ашуда.
Атап айтқанда, дойбы, волейбол, баскетбол, бес асық сияқты ұлттық және бұқаралық спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар дәстүрлі сипат алып, жастар арасында кеңінен қолдау тауып отыр. Мұндай сайыстар жастардың физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, достық пен ынтымақтастық рухын да қалыптастыруға сеп болуда.
Сонымен қатар жастардың саналы көзқарасын қалыптастыру, кәсіби бағдарын айқындау және азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мазмұндағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Жемқорлықсыз қоғам бейнесі» атты ашық диалог алаңы жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаларын насихаттаса, мектептерде өткен «Жұмысшы мамандықтарының жаңа мүмкіндіктері» кездесулері еңбек нарығындағы сұранысқа ие бағыттармен танысуға жол ашты.
Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы, кәсіби дағдыны дамытуға арналған «Жас аспазшы – 2025» байқауы, жас кәсіпкерлерге арналған «Бизнес әлеміне алғашқы қадам» атты кездесу сынды жобалар жастардың жан-жақты дамуына, болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің білім бөлімімен бірлесіп бекітілген салааралық жоспар аясында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу және құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында полиция бөлімімен бірге тұрақты түрде түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты әрекеттердің бірі.
«Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Өткен жылы орталық мамандары 700-ден астам жасқа кеңес беріп, оның 37-сі құқықтық көмек алды. Бұл – біздің жұмыстың нақты жемісі», – дейді Нұрбек Ақпанбетов.
Сонымен қатар жалпы білім беру мекемелерінде тәрбие бағытындағы жүйелі шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, «Заң және қоғам», «Қызға қырық үйден қамқорлық», ерте жүктіліктің алдын алу, интернет алаяқтықтың қаупі секілді өзекті тақырыптарда оқушылармен түсіндіру жұмыстары өткізіліп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Кез келген үйдің керегесі кең, уығы берік болмаса, шаңырағының биіктеуі екіталай. Сол секілді Жастар ресурстық орталығының да жұмысы жүйелі, бағыт-бағдары нақты болмаса, алға басу қиын. Бүгінде орталықтың қызметкерлері мен белсенді жастары түрлі бағыттағы іс-шараларда белсенділік пен ұйымшылдық танытып келеді.
Оның айқын мысалы – Майдакөл ауылындағы жоғалған жасөспірімді іздеу шаралары. Бұл іздестіру жұмыстарына ерікті жастар мен ұйым өкілдері шынайы жанашырлықпен, жауапкершілікпен атсалысып, азаматтық ұстанымдарын нақты іспен дәлелдеді. Қоғамға пайдасын тигізіп, ел сенімінен шығуға ұмтылған жастар – орталық жұмысының тірегі әрі болашағы екені осыдан-ақ көрініп тұр.
Жастар орталығы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастармен мақсатты түрде жұмыс жүргізу екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар орталық тарапынан жүйелі түрде ұйымдастырылып, нақты нәтижелерге бағытталуда.
Аудан бойынша NEET санатына жататын жастар саны – 246 адам. Оның ішінде «Д» санатында – 202, «Е» санатында – 44 жас тіркелген. Жүргізілген адрестік жұмыстар нәтижесінде 31 жастың аудан аумағында тұрақты тұрмайтыны анықталды. Қалған жастар бойынша нақтылау, бағыттау және қолдау шаралары жалғасып жатыр.
– Бүгінде бұл санаттағы жастардың бір бөлігі студент атанып, оқуға қабылданса, енді бірі жұмысқа орналасып, әлеуметтік төлемдер төлеу арқылы белсенді санатқа өткен. Қазіргі басты мақсат – NEET жастарды қолайлы санатқа ауыстырып, оларды тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік белсенділігін арттыру. Бұл – тек санды азайту емес, әр жастың қоғамдағы орнын табуына мүмкіндік бер, – дейді орталық директоры Нұрбек Нысанбекұлы.
Күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелердің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Бұл бағытта да нақты нәтижеге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жастар ресурстық орталығы мен Мансап орталығының өзара үйлесімді жұмысының арқасында көптеген жастың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасалып келеді.
2024 жылы Халықты жұмыспен қамту орталығына 4001 жас жүгінген. Бұл – жастардың жұмысқа орналасуға деген белсенділігінің және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға сенімінің көрінісі. Солардың ішінде 76 жас «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, сертификат иеленсе, 51 жас мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, жеке ісін бастауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 242 жас жастар практикасы бойынша жұмыс тәжірибесін жинауға жолдама алса, 288 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 178 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетуде. Аталған бағдарлама аясында биыл аудан бойынша 68 жас маман тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие иеленсе, 94 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы төленді. Бұл – ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қолдау тетігі.
Сонымен қатар облыстық «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 5 жас баспаналы болып, өз болашағына берік қадам жасады. 2025 жылға арналған қаржыландыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Аудандағы жастармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бірі – әскери қызмет пен пробация есебіндегі жастарды бақылау және қолдау бағытындағы шаралар. Қазіргі таңда аудан бойынша 3932 жас азамат әскери есепте тұр. 2024-2025 жылдар аралығында әскерге шақырылғандар саны – 328 болса, оның 172-сі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Сонымен қатар 44 жас әскери қызметке жарамсыз деп танылса, өкінішке қарай, 205 жас іздеуде тұр. Әскер қатарына шақырылуға жататын жастармен түсіндіру және адрестік жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар пробация есебінде тұрған жастармен де бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 34, ал 2025 жылы 30 жас пробациялық бақылауға алынған. Алайда бұл жастардың басым бөлігі қазіргі таңда білім алуда немесе жұмыспен қамтылған. Бұл – олардың қоғамға қайта бейімделіп, өмірін дұрыс арнаға бұруға ұмтылып жатқанын көрсетеді. Жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әскери және құқықтық тәртіпке деген құрметін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Жастар ресурстық орталығының жұмысы – жүйелілік пен жаңашылдықты ұштастырған нақты қадамдармен ерекшеленеді. Нұрбек Нысанбекұлының жетекшілігімен орталық алдағы уақытта да жастар үшін маңызды бастамаларды қолға алмақ.
Құқықтық сауаттылықты арттыру, спорттық белсенділікті күшейту, еріктілер қозғалысын дамыту, шығармашылық әлеуетті қолдау секілді бастамалар – жастардың жан-жақты дамуына жол ашса, Түркістан қаласына ұйымдастырылатын танымдық сапарлар, TEDx үлгісіндегі «Bir tolqynda» форматындағы кездесулер, әскери-патриоттық «Жас сарбаз» жобасы мен төрт айлық «Жастармен квест» байқауы жастардың белсенділігін арттыруға бағытталады.
Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында «Creative Hub» атты креативті индустрия орталығын ашу көзделуде. Бұл бастама жастарға өз қабілетін танытуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етпек.
Нұрбек Нысанбекұлының айтуынша, жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін 4 миллион теңге көлемінде қаржы қажет. «Бұл қаражат жастардың дамуына арналған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағытталады. Осы арқылы жастардың әлеуетін арттырып, олардың болашаққа сенімін нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Жастарға көрсетілетін қолдау – ел болашағына жасалған ең сенімді инвестиция. Әрбір жас өз мүмкіндігін толық ашып, қоғамның дамуына үлес қосуы үшін барлық жағдайды жасау – біздің басты мақсатымыз» дейді Нұрбек Ақпанбетов.
Қош делік. Жастар – елдің ертеңі, болашақтың баянды болуына бастар басты күш. Ал оларды дұрыс жолға бағыттап, олардың тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы орта құру – келешекті кемел етудің алғышарты. Елдің дамуы мен өркендеуінде жастардың үлесі орасан екені даусыз. Бұл бағытта Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығы да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жас буынның жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да бұл серпінді жұмыс өз жалғасын таба бермек.
Арайлым ЖҮСІПОВА
06 желтоқсан 2025 ж. 33 0

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 39

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 26

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031