Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірін әнмен әрлеген әжелер

Өмірін әнмен әрлеген әжелер


Ауданымызда бірлік пен татулықтың туын көтеріп, өнер атты ұлы өлкеде асыл құндылықтарды дәріптеп жүрген ұжымдар аз емес. Солардың ішінде 2012 жылы Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанынан құрылған «Өнеге» әжелер ансамблінің орны ерекше.
Ансамбльдің басты мақсаты – ұлт руханиятының мәйегі болған халық әндері мен халық композиторларының жауһар туындыларын аудан жұртшылығына кеңінен танытып, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсету. Құрылған сәтінен бастап өнерсүйер қауымның көзайымына айналған бұл ұжым бүгінде 13 жылға жуық уақыт бойы сахна төрінен табылып келеді.
Өнердің ыстық алауын өшірмей, ел ішіне ән мен әуездің нұрын сеуіп жүрген бұл топта өмірін отбасына, ұрпақ тәрбиесіне, еліне арнаған, бүгінде зейнеткерлікке шықса да қоғамнан шет қалмай, елмен етене араласуды мақсат еткен абзал аналар шоғырланған. Әрқайсысының өмір жолы – өнегеге толы, тұтас бір тарих.
Ансамбльдің алдыңғы буынында – мерейтойы аудан көлемінде кеңінен аталып өткен Майра Қазбекқызы. Сондай-ақ Мәдениет саласының үздіктері Ұлжан Ахметова, Бағдагүл Мырзалиева, Гүлнәр Рысмаханова, Бейсенкүл Тәжібаева, Набира Момбекова, білім саласының білікті ұстаздары Бақыт Зарипова, Нағима Қарымсақова, Жадыра Садықова, Гүлшахра Сарбалаева, Роза Елеева сынды әжелер – ансамбльдің алтын қазығы.
Ұжымға әр жылдары кәсіби білікті басшылар жетекшілік етті. Алғашқы көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Гүлнар Төребекова болса, кейін ансамбль тізгінін ҚР Мәдениет министрінің Құрмет грамотасының, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық медалінің иегері, республикаға кеңінен танылған әнші Галия Оспанова ұстады. Қазіргі таңда ансамбльге мәдениет орталығының маманы Гүлнұр Аралбаева жетекшілік жасап келеді.
– «Өнеге» – тек ән орындайтын ұжым емес. Бұл – аналардың жүрегіндегі мейірім мен ұлттық рухтың, ұрпаққа қалдырған өнегенің шырағы. Әрбір ананың сахнадағы қадамы – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Өнеріміз арқылы елге қуаныш сыйласақ, біздің еңбегіміздің ақталғаны. Аналар мектебінен тараған ізгілік пен тәрбиенің өзегін өшірмей, болашаққа жеткізу – басты мақсатымыз. Ақ жаулықты әжелердің үні ешқашан үзілмей, «Өнеге» атауы секілді өнеріміз де ұрпаққа өнеге болып қала берсін деп тілеймін», – дейді ұжым жетекшісі.
«Өнеге» ансамблі өнер жолындағы табандылығының арқасында талай марапатқа ие болды. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» облыстық байқауында бас жүлдеге қол жеткізді.
2021 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы М.Әбуованың Алғыс хатына лайық болды.
2022 жылы облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарованың Алғыс хаты табыс етілді. 2023 жылы Қызылорда қаласының әкімі А.Шаменов ұжым еңбегін жоғары бағалап, I дәрежелі дипломмен марапаттады.
2024 жылы облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы М.Қазбекованың Алғыс хаты ансамбльдің өңір мәдени өміріндегі орнын айқындай түсті. Ал 2025 жылы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай – дара қазақта» атты аудандық Абай оқуларынан Алғыс хат еншіледі.
Аналарымыз тек сахнада ғана емес, тәрбие мен тағылым жолында да алдыңғы қатарда. Биыл облыстық ардагерлер басқармасы ұйымдастырған «Аялы әже» форумына қатысып, кейін осы игі шараны аудан көлемінде жалғастыруы – соның айқын дәлелі. Бұдан бөлек, «Әжелер салған әндер-ай» атты концерттік бағдарламамен аудан мен көрші елді мекендерді аралап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ансамбль репертуары халық әндері, композиторлық туындылар, Құрманғазының «Балбырауын» күйі, Ж.Қадыровтың «Ана мен ескерткіш» монологі, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Қайықта» секілді шығармалармен толыққан.
Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, уақытпен санаспай өнермен өрнек салып келе жатқан «Өнеге» әжелер ансамблі алдағы уақытта да халықтың көңіл төрінен табылары анық. Өнерлері көкке өрлеп, ұрпаққа өнеге бола берсін демекпіз.
Фото: "Өнеге" ансамблінің фото мұрағатынан
Арайлым ЖҮСІПОВА
06 желтоқсан 2025 ж. 31 0

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 36

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 23

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031