Ұрпаққа бағыт, білімге мақсат
Қай кезде де, қандай бастамада да әуелі бағыт-бағдар беретін өмірлік ұстаз болатыны заңдылық. Сондықтан да олардың тұлға ретінде қалыптасуға қосар үлесін түйсінгендер кейінгі буынға салмақты өсиет қалдырып отырған.Бүгінгі таңда білім сапасын арттыруда кәсіби құзыреттілігі жоғары, шығармашыл әрі жаңашыл педагогтардың орны ерекше. Солардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қуаныш Сейтқұлұлы бар. Ол ұстаздық қызметте 23 жылдық тәжірибе жинақтап, жас ұрпаққа сапалы білім беруді, ұлттық әдеби мұраны дәріптеуді өзінің басты мақсаты етіп келеді.
Адамның адамшылығы ұстаздан болады. Сондықтан да қазақтың ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин мұғалімді мектептің жүрегіне теңеген. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп дәл айтылған. Осындай ұлы есімді абыроймен арқалап жүрген С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің мұғалімі Қуаныш Жанпейісов оқушыларды заманауи біліммен сусындатып, алтын ұядан түлетуде.
Ұстаздық еңбектің өлшемі тек күнделікті сабақпен шектелмейтіні анық. Қуаныш Сейтқұлұлы өзінің шеберлігін тек тәжірибемен ғана емес, түрлі ғылыми-практикалық іс-шараға белсенді қатысуымен дәлелдейді. Соның нәтижесінде бірқатар марапат пен алғыс хаттарға ие болды.
«Жақсы адам ғана ұстаз бола алады...» облыстық эссе байқауында, «Табысты адамның моделі» аудандық семинарында озық тәжірибесімен бөліскені үшін, республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, шығармашылық ізденісі үшін, «Кәсіподақ – ынтымақтастықтың ұйымы» атты жазба ақындар мүшайрасында танылғаны үшін, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Тілдер күніне орай облыстық және аудандық Алғыс хаттарға ие болды. Сонымен бірге аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің олимпиадасында, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 2025» байқауында жүлделі екінші және үшінші орындарға қол жеткізді. Бұл ұстаздың кәсіби талпынысының, үздіксіз ізденісінің, педагогикалық мәдениетінің жарқын көрінісі.
Ақжарқын жігіт сабақ өткізу әдісін ерекше ету үшін тынбай ізденеді. Оның білімге құштар, талапты шәкірттері түрлі деңгейдегі пәндік олимпиада мен байқауларда үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Ұстаздың дарынды оқушымен жұмыс істеудегі шеберлігінің дәлелі. Солардың арасында Аян Тұрсынқұл 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде екі жыл қатарынан екінші орын алса, 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде жеңімпаз атанды. Аружан Жаңалықова, Фатима Маратқызы мен Фатима Тілеуқабыл және Айлин Жасарал Қ.Бітібаева атындағы олимпиаданың және «Әбіш оқулары» аудандық кезеңінде, «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары, «Жауқазын жүрек» І облыстық шығармашылық алаңында Алғыс хатпен марапатталса, Медина Талғатқызы «Зерде» ғылыми жобалар байқауы, этномәдениеттану секциясында үшінші орынды иеленді. Шәкірттердің осы табыстары ұстаз бен оқушы арасындағы үйлесімді еңбектің нәтижесі.
Осындай білімге құштар шәкірттері әр жылдары яғни 2018-2019 оқу жылында бітірген 20 оқушысы жоғарғы білім сапасын көрсетіп, грант жеңіп алған. Үздік шәкірттері Саяжан Шынтемірова, Гүлназ Сейілхан, Алтынай Сермағамбетова оқу сауаттылығы бойынша қазақ тілі пәнінен 20 балл жинап, мектеп абыройын асқақтатты. Қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған Бибінұр Жақсығұлова Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсті.
Сегіз қырлы, бір сырлы білікті педагог аудандық, облыстық ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Мектептегі баскетбол, волейбол үйірмелерінің белсенді мүшесі. Эстрадамен ән салу байқауының және спорттық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол мұғалімдерге арналған әдебиет және қазақ тілі пәндерінен ұйымдастырылған республикалық NIO олимпиадасынан жүлделі орындарды жеңіп алды. Елеулі еңбегі ескеріліп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ сабақ берген шәкірттері түрлі білім додасына қатысып, үздік шыққан. Атап айтқанда, Ерасыл Омаралы, Жұлдызай Алпысбаева, Ринат Оразбек А.Байтұрсынұлы атындағы ІІІ Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында екінші орынды иемденсе, Нұрәділ Жайнияз жеңіс тұғырынан көрінді. Айдана Айтуған республикалық мәнерлеп оқу сайысынан бас жүлдені қанжығалады. Айна Кәдір, Аида Тағаймұрат, Аяулым Саналы аудандық ғылыми жобалар байқауында және қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиадасынан жүлделі орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар аудандық «Қара сөзім қазағыма қалқан болған» атты Абайдың қарасөздерін оқу шеберлерінің сайысында Аяжан Қостанай үздік шықты. Бұдан бөлек дарынды оқушылары «Ақберен» республикалық ақындық пен шешендік өнер байқауында, «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасында, аудандық «Ілияс оқулары» сайысында жеңімпаз атанды.
Осындай айналасына білім мен тәрбие нәрін сеуіп, адамгершілік нұрын төгетін ұстазға құрмет көрсету кейінгі буын еншісінде. Өз ісіне берілген, жаңашылдықты ұстанатын, жас ұрпаққа сапалы білім мен парасатты тәрбие беруді басты мақсат еткен педагог. Оның еңбегі мен шәкірт жетістіктері – ұрпақ тәрбиесіне қосқан елеулі үлес. Ұстаздың кәсіби шеберлігі, ғылыми-шығармашылық ізденісі мен шәкірттерінің биіктері болашақта талай жетістікке жол ашары сөзсіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













