Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар – жарқын болашақтың бейнесі

Жастар – жарқын болашақтың бейнесі

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл басқосу – аудан жастарының бір жыл ішіндегі жетістіктерін саралап, алдағы мақсат-міндеттерін айқындайтын маңызды алаң ретінде қалыптасқан. Биылғы «Жастар форумы – 2025» осы дәстүрдің жалғасы әрі жаңа мазмұнмен толыққан шараға айналды. Өйткені, бейсенбіде өткен шарада бұрынғыға ұқсамайтын жаңа леп, тың серпін сезілді. Форумның алғашқы минуттарынан-ақ шараға жиналған жүздеген жастың жанарындағы жігер, талпыныс пен жаңашыл идеялар биылғы басқосудың қай деңгейде өтетінін аңғартқандай.
Шараның алғашқы бөлімі Руханият орталығында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың жастармен еркін форматтағы ашық кездесуінен бастау алды. Алдымен аудан басшысы мен арнайы шақырылған қонақтар жас кәсіпкерлер әзірлеген қолдан бұйымдар көрмесін, кондитерлік өнімдер топтамасын және жасанды интеллект бағытында жасалған жобаларды тамашалады. Жастардың талпынысы мен шығармашылығын көрсеткен бұл көрме форум мазмұнын айшықтап, оған ерекше сән берді.
Кездесуге аудан әкімімен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры, халықаралық және республикалық «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы Әліби Басаров, сондай-ақ жерлесіміз, жас ақын, «Күміс қалам – 2025» республикалық жазба ақындары дуэлінің жеңімпазы Ақжол Түменбай және мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Форум аясындағы бұл басқосу – ауданда түрлі салада көзге түсіп, білімде, өнерде, ғылымда, спортта жетістікке жетіп жүрген жастардың ортақ пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаң болды. Күн тәртібінде әлеуметтік, мәдени және спорттық бастамалар қаралып, алдағы жылға арналған жоспарлар жөнінде ұсыныстар айтылды.
– Жастар – елдің ертеңі. Еліміз ертеден мемлекет келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Осы орайда «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», – деп қазақ зиялыларының арасында жастардың айбаты мен қайратына Мағжан Жұмабаев осылай баға берген еді. Міне, ғасырлар бұрын бабалар айтқан насихат әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпады. Бұл ұлағатты сөз бүгінде әрбір жастың жүрегіне нұр сеуіп, кеудесіне үміт сәулесін ұялатады. Бүгінгі кездесу арқылы сіздердің ой-ниеттеріңізді тыңдап, идеяларыңызды қолдауға дайын екенімізді білдіреміз. Алдағы уақытта да әрбір салада жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырып, сіздермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Басқосу барысында аудан әкімі жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, жаңа идеяларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау жөнінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлмамбетұлы мен арнайы келген қонақтар өз тараптарынан аудан жастарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Шарада жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жасанды Интеллект – болашақ кілті» жобалар байқауында үздік нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңге жолдама алған 10 жасқа аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен бірге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу ақысына 25% және 50% жеңілдік беретін білім сертификаттары тапсырылды. Ал Абай атындағы №90 мектептің 11-сынып оқушысы, университетте 4 жыл бойы тегін оқуға мүмкіндік беретін толық грант иегері Нұржан Меңдуахасқа арнайы грант сертификаты табысталды.
Форумның ресми бөлімі өз мәресіне жеткен соң, шараның мазмұнды жалғасы «Royal Palace» мейрамханасында өрбіді. Мұнда ауданның әлеуметтік, мәдени, спорттық және кәсіпкерлік салаларында белсенділік танытып, түрлі жетістіктерге қол жеткізген жастар бас қосты. Жылы атмосферада өткен жиын жастардың өзара байланысын нығайтып, ортақ мүдде жолында бірігуіне бағытталған маңызды алаң болғаны анық.
Салтанатты сәт барысында әр саланың үздіктерінің еңбегі мен белсенділігі жоғары бағаланып, аймақ басшысы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының, сондай-ақ аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін форум мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Кештің көркін қыздырған танымал әзілкеш Құттыбай Сағындықов жастарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ән мен әзіл, шат күлкі мен шынайы эмоцияға толы сәттер кештің шырайын келтірді. Осылайша, аудан жастарының жетістігін насихаттап, жаңа жылға тың серпін сыйлаған форум ерекше көңіл күй мен жағымды әсерге толы мазмұнда өз мәресіне жетті.
Арайлым ЖҮСІПОВА
06 желтоқсан 2025 ж. 45 0

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 40

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 27

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031