Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бас қаладағы ғибратты басқосу

Бас қаладағы ғибратты басқосу

Наурыз мерекесінің алғашқы күні Астана қаласының Әзірет Сұлтан мешітінде ел айта жүретін елеулі оқиға өтті. Астана қаласында тұратын қазалылықтар бабалар рухына арнап арнайы ас берді.
«Өлі разы болмай тірі байымайды» деген ұстанымды халқымыз бағзы заманнан бері сақтап келеді. Сейітқұл ұлдары Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр, Ақайұлы Ақтан батыр, Құрманұлы Басықара батыр және елдің атын шығарған басқа да батыр бабалар мен танымал тұлғалардың, туған өлкенің топырағынан жаралған, пейіштен орын алған жандардың әруақтарына арналған дұғаны Сәдуақас Ғылмани мешітінің наиб-имамы, Қазалының түлегі Әділ қажы оқыды.
Асты ашқан осы игілікті істің ұйымдастырушысы Қаршыға Жұмабаев Наурыз асының атына сай шапағаты тиер ас екеніне тоқталды. Былтыр алғашқы Наурыз асын өткізген кезде жиналған жұрт сауабы мол қайырымдылықты да ойлай жүрейік деп бәтуаласқан екен. Соған орай екі Наурыз арасында қайырымды жандардың көмегі арқасында жәрдем алған мұқтаж адамдардың аты-жөндерін атады. Олардың тізімі, алған жәрдемі туралы ақпарат берілді. Қамқоршысы қайтыс болған отбасыларға, ем-дом үшін берілген жәрдем туралы айтылды. Басқа да қолдау мен қамқорлық көрсеткен жандар үлгі етілді. Мәселен, Қытайдан оқу бітіріп, елге қайтуға қаржыcы болмай қалған баласы үшін анасы жәрдем сұрайды. Міне, сонда сол анаға көмек қолын созған жерлесіміз Ердос Мұхарапұлы деген азамат екен. Жүз алпыс мың теңге қаржысын беріп, қамқорлық көрсеткен Ердосты қалай нағыз ер демеске.
Ем-дом үшін қолдау көрсетілген жандар атынан сөз алған Жадырасын Сәдуақасұлы қиын кезде көмек беретін ағайынның алақанын, бауырдың барын білдіретін Наурыз мерекесіне, жерлестердің жәрдеміне ризашылығын білдірді.
Сөйтіп, Елордада екінші рет өткізіліп отырған игілікті шараның өткен жылғыдан тағы бір ерекшелігі – бұл жолы қазалылықтармен бірге Қармақшы және Арал аудандарынан құрметті қонақ ретінде шақырылғандар да бар екен.
Өзіміздің қазалылықтар дегенде академик Көпмағанбет Елемесов, еңбек ардагері Алмас Әзілханов, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлов және тағы басқа танымал жерлестердің жанынан Астанада оқып жатқан, жұмыс істеп жүрген жастардың көп екенін көріп қуандық. Төретам стансасынан арнайы келген еңбек ардагерлері Дінәлі Тәңірбергенұлы, Тиышбай Шермаханұлы да қазалылықтардың игі істеріне көрші ауылдың ағайындары – қармақшылықтардың да қолдау бере беретіндерін жеткізді.
Сондай-ақ, құрметті қонақтар атынан сөз алған экономика ғылымдарының докторы, Жамбыл облысының құрметті азаматы Алданыш Нұрымов қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан Сыр өңірі ұрпақтарының, Арал мен Қазалыдан шыққан ағайындардың қайда жүрсе де ата-баба дәстүріне деген адалдықтары осындайда көрінетіндерін атап өтті.
Жанқожа батырдың бесінші ұрпағы болып келетін Амангелді Қобыланұлы, Жасарал Көрегеновтер батыр бабаларының ерлігін дәріптеп отырған халыққа риза екендіктерін айтты. Ер ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өткен жылы Қазақстанның Өзбек елімен шектесетін шекара бекетінің біріне Жанқожа батыр есімі берілді. Батыр баба есімін ұлықтау туған өңірімен ғана шектеліп отырған жоқ. Астана қаласына қарайтын «Ильинка» тұрғын алабының бір көшесіне Астана қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен және мәслихатының шешімімен Жанқожа батыр есімі берілген болатын. Осы орайда «Ильинка» тұрғын алабында қазалылық жерлестеріміздің көптеп тұратынын айта кеткіміз келеді. Сондықтан ас беру кезінде осы елді мекеннің тұрғындары батыр атындағы көшенің басталар тұсына немесе Астана қаласының бір саябағы ішінен Жанқожа батырға ескерткіш қою туралы мәселе шешілсе, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, қаржы жағынан көмек көрсететіндерін айтып жатты.
Сыр өңіріне ғана емес, елімізге кеңінен танымал жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов: «Атамекен жер ортақ, батыр баба ер ортақ, данадан қалған сөз ортақ, жақсыны көрер көз ортақ, мақсаты бір жол ортақ, бір жеңнен шығар қол ортақ, жауға қарсы күш ортақ, осындайда бас қос қосқан, ағайынның ісі ортақ», – дей келіп, туған жерден түлеп ұшқан жандардың қайырымды тірліктерін, ағайындық бірліктерін жыр шумақтарымен өрнектеді.
Генерал-майор Әлімжан Ерниязов жырау ағасын іліп әкетіп, қолбасшыға тән мінезбен: «Туған жерім дейтін, өскен елім дейтін, жүректері дүрсілдейтін, бауырлары бүлкілдейтін асыл ағалар мен алтын асық інілер барда Наурызда насихатталатын, туған елдің шежіресіне хатталатын игілікті істердің жалғаса беретінін» ерекше көңілімен, әсерлі тілегімен жеткізді.
Қай уақытта да қазақы ас берудің жарқын үлгісін көрсете білетін қазалылықтар Астана төрінде де жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Үлкен ақсақал, қажы Жұбатқан Әбдікәрімұлының әдемі батасынан кейін, қазалылық келіндер табақ алу үшін кезекке тұрды. Сапта тұрған тәртіпті сарбаздай боп жарасымды тұрған келіндердің бас иіп, сәлем салулары қанға сіңген қасиет, ғибраты мол ғанибет емес деп кім айтады.
Сөйтіп, қыс ызғары кете қоймаған Астанаға жылы шуағын ала келген Наурыз шапағаты – қазалылықтар ұйымдастырған ас үлкен ұйымшылдықпен өтті. Төрт жүзге жуық жиналған адамның басы қосылған асты жүргізе білу де өнер. Осы орайда өзі қаржы саласының қызметкері болса да, шығармашылыққа бір табан жақын, Бозкөл ауылының тумасы, қазір Астана қаласында техникалық экономикалық колледжі директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген Мұса Ахметовтің осы астағы жүргізуші – асабалық еңбегін бөле-жара айтқымыз келеді.
Біз игілікті істің соңында осы Наурыз асының ұйымдастырушысы, туған жердің жа-нашыры, жерлестерінің жетекшісі, ұзақ жылдар бойы Құмжиек кеңшарында абыройлы еңбек еткен еңбек ардагері, қазіргі уақытта Астана қаласының маңындағы «Қосшы» ауылында тұрып жатқан Қаршыға Жұмабаевты әңгімеге тартқан едік.
– Әрине, мұндай үлкен жауапты істі бір адамның ұйымдастыруы мүмкін емес. Сондықтан екі жыл бойы осы қайырымдылық ісінің – Наурыз асының басы-қасында жүрген көмекшілерім – жерлес інілерім Сейілхан Әлмаханов, Оңдасын Тілегенұлы, Әділбек Бөкенбаев, Асқар Бакубаев, Енберген Сахитжан, Маралбек Ешниязов, Бауыржан Оралбаевтардың еңбектерін ерекше атағым келеді. Туған жердің топырағынан нәр алған намысты жігіттер деп осындай інілерді айтуға болады. Астана қаласында тұратын, бірі құрылыста, бірі жеке кәсіпкер, бірі темір жол саласында жүрген олар осындай сауапты істер кезінде қасымнан табылып, көмектерін еш аяған емес. Елдің алғысын алу – ең үлкен құрмет. Оның бәрін жаңа ас үстінде жиналған қауымның ақ тілегінен, шын көңілден білдірген ризашылықтарынан байқадық. Алла жазса, осы ісімізді жалғастыра беру ойымызда бар.
Иә, туған жерді құрметтеу, туған өңірден шыққан ерлердің есімдерін дәріптеу, жәрдемге зәру жандарға көмектесу сияқты игі істердің бәрі рухани жаңғыру екенін Елбасымыз да айтып келеді. Ендеше, туған жерге тағзым ете алатын жандар бар да қандай істі де жандандыруға болады.
Міне, Астана төрінде өткен Наурыз асы – наурыз шапағаты осындай жақсы әсер қалдырды. «Наурыздан наурызға аман есен жеткізсін, осындай ізгілікті іс көбейсін» деп шын қуанып, қимай тарасып жатқан ағайынды көріп, біздің де көңіліміз марқайып қалды. Қазалыға – ауылға барып қайтқандай болдық.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ

27 наурыз 2018 ж. 2 622 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930