Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңдеу өнеркәсібі: өсімге бастайтын бағыт қандай?

Өңдеу өнеркәсібі: өсімге бастайтын бағыт қандай?

Индустрияландыру, салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық субсидиялар арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту мемлекет тарапынан қолдауға ие. «Жасыл» технологиялар мен цифрландыру саланы жаңа деңгейге көтере алады. Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуы елдің экономикалық тәуелсіздігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады. Жақында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады. Биыл өңдеу өнеркәсібінде оң динамика сақталып, 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 триллион теңгеден асып, 5,8 пайызға өскен.
Өңдеу өнеркәсібі — кез келген елдің экономикалық дамуының тірегі. Қазақстан үшін бұл сала шикізаттық тәуелділікті азайтып, әртараптандырылған экономика құруда маңызды рөл атқарады. Мұнда азық-түлік, металлургия, машина жасау, химия, фармацевтика, құрылыс материалдары және тоқыма өндірістері қамтылады.
Өңдеу өнеркәсібінде соңғы жылдары қалыптасқан оң даму динамикасы биыл да өз жалғасын табуда. Он айдың қорытындысы бойынша металлургия +0,7%, машина жасау +11,5%, химия өнеркәсібі +10,9%, сондай-ақ құрылыс материалдар өндірісінде +5,3% оң динамика көрсетті.
САЛАДАҒЫ САПА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның өзекті мәселелері мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешуді көздейтін жаңа міндеттер қойды.
Экономикалық бағыттағы бастамаларға басымдық берілді. Президент елдің даму болашағы үшін аса маңызды салаларды айқындады. Инвестиция тарту ісін жандандыру, екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы бөлуін күшейту, жаңа өндіріс орындарын ашу – осының барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етеді. Жолдауда өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша мән берілді. Алдағы уақытта өнімдерді терең өңдеуге, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті тауар шығаруға ерекше назар аудару қажет. Жаһандық үрдістерге сай сирек кездесетін металлдар мен басқа да стратегиялық шикізат түрлерін игеру, оны терең өңдеу ісін жолға қою елдің жаңа индустриялық қалыбын нығайта түседі. Алдағы жылдары тау-кен және газ-химия саласында жоғары технологиялық кәсіпорындар іске қосылады.
Соңғы жылдардағы өсім көбейгенімен өңдеу өнеркәсібінде жиі кездесетін кедергілер де бар. Мәселен, көп кәсіпорында жабдықтар мен өндірістік желілер 70–80% ескірген. Бұл өнім сапасына, тиімділікке және бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді. Шетелдік және ішкі инвестиция көлемі әлі де жеткіліксіз. Инвесторлар ұзақ мерзімді қауіптерден сақтанады (нарықтың тұрақсыздығы, құқықтық тәуекелдер). Жоғары білікті инженерлер, технологтар және IT мамандар жетіспейді. Кәсіптік-техникалық білім мен өндіріс арасындағы байланыс әлсіз. Көптеген зауыттар дайын шикізатқа немесе импорттық бөлшектерге тәуелді. Көлік-логистика шығындары жоғары, жол және теміржол желілері жеткіліксіз. Ішкі нарықтан сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі шектеулі. Өңделген өнімнің үлесі экспортта аз. Көбіне тек шикізат немесе жартылай дайын өнім шығарылады. Ең бастысы цифрландыру жүйесіндегі олқылықтар басым. Көптеген кәсіпорындарда автоматтандыру, өндірісті басқару жүйелері енбеген. Бұл өнімділік пен сапа жағынан артта қалуға себеп. Бұл мәселе жақында ғана мінберде көтерілді.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Жақында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі бойынша облыс әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаналиновтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысқан болатын. Мәжілістен кейін аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында осы мәселелер талқыланды.
– Ауданда өндірісті цифрландыру бойынша «РЗА-Асыл Түлік» ЖШС-де Еуропаның озық технологиялық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген болса, сағатына 5000 тонна күріш өңдейтін «Рза-Агро» ЖШС-і мен «Жанкент Агро» ЖШС-де шикізатты қабылдау, сұрыптау, кептіру және қаптау кезеңдерінде заманауи электронды басқару жүйелері енгізіліп, өндірістік тиімділік арттырылуда. Бұдан бөлек, «Қазалы» кәмпиті» цехы да өнідірісін автоматтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жалпы өңдеу өнеркәсібін цифрландыру арқылы ауданымыздағы өндірістің көлемі артып, шығындар қысқаруымен қоса, экспорттық әлеуетіміздің жоғарылайтыны сөзсіз. Осыған сәйкес, цифрлық технологияларды енгізіп отырған кәсіпорындармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп, оларды қолдау жолын қарастыру қажет және аудандағы өңдеу өнеркәсібінің көлемін барынша арттырып, жыл қорытындысымен оң көрсеткіштерге жету үшін нақты әрі жедел шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемін барынша арттырып, жыл қорытындысымен оң динамикаға жету үшін аймақ бойынша нақты әрі жедел шаралар қабылдау қолға алынды. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік жоспарын нақтып, қосымша өсім көзін анықтау сала мамандарына жүктелген мәселе. Биылғы 10 айда облыста 328 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 10,7% өсім тіркелген. Экономиканы әртараптандыру аясында жоспарланған 20 жобаның 13-і іске қосылса, қалған 7-уі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 12,9% өсіп, өнім көлемі 2,6 есе артты.
Өңір кәсіпорындары цифрлық және автоматтандырылған технологияларды кеңінен қолдануда. Шыны зауыты өнім жинау мен тасымалдауда жапон роботтарын, ал шыны кесуде италиялық автоматты пайдаланады. Тампонажды цемент зауытының өндірісіне Siemens басқару жүйесі мен интеллектуалды логистика енгізілген. «Мағжан и К» күріш зауыты кореялық толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді.
ТЕХНОЛОГИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕ
2040 жылға қарай Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 40 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті. Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде мұнай өңдеу көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда. 2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Жалпы шет елдердегі өркендеу мен даму көптің қызығушылығын тудыратыны жасырын емес. Шетелдегі өңдеу өнеркәсібі – әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Көптеген дамыған және дамушы елдер дәл осы сала арқылы экономикалық тұрақтылық пен экспорттық әлеуетін қалыптастырған. Германияда машина жасау, автомобиль өндірісі, химия өнеркәсібі – басты бағыттар. BMW, Siemens, Bosch сияқты ірі компаниялар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті. Индустрия 4.0 (ақылды фабрикалар, автоматтандыру) кең тараған. Ал Жапонияда электроника, робототехника, жоғары дәлдіктегі жабдықтар саласы дамыған. Toyota, Sony, Mitsubishi сынды брендтер – әлемдік көшбасшылар. АҚШ-та әуе‑ғарыш, фармацевтика, IT‑технологиямен интеграцияланған өндіріс алдыңғы орында. Өңдеу өнеркәсібі инновациямен және венчурлық инвестициялармен тығыз байланысты.
Дамушы елдердегі тәжірибе қандай? Мәселен, Қытай – әлемдегі ең ірі өңдеу өнеркәсібі бар ел. Төмен құндағы еңбек және мемлекеттік қолдау арқасында «әлем фабрикасы» атанды. Соңғы жылдары жоғары технологиялы өндіріс (жасанды интеллект, микроэлектроника) бағытына бет бұрып жатыр. Оңтүстік Кореяда – кеме жасау, электроника (Samsung, LG), автомобиль жасау (Hyundai, Kia) дамыған. Мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді серіктестік бар.
Оңтүстік Корея тәжірибесі – өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік саясатпен, технологиямен, біліммен және экспортпен байланыстырса, экономиканы тез және тұрақты дамытуға болатынын көрсетеді. Бұл ел қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы елінен жоғары технологиялы индустриалды державаға айналды. Басым бағыт пен қолдаудағы қарқын қандай?
Алдымен мұнда ұзақ мерзімді индустрияландыру бағдарламалары іске асты. Білім мен кадр даярлауға, техникалық колледждер мен университеттер өндіріс сұранысына бейімделген. Экспорт, сыртқы нарық үшін сапалы өнім өндіруді басты мақсаты еткен. Ірі корпорациялар жүйесі (chaebol) – Samsung, Hyundai секілді конгломераттар елдің технологиялық дамуына ықпал жасады.
Қазақстанда өңделіп жатқан өнеркәсіп салалары аз емес. Бізде қара және түсті металдарды өңдеу дамыған. Мыс, алюминий, мырыш, болат өнімдері ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады. Тамақ өнеркәсібі өркендеп, азық-түлік өнімдерінің бір бөлігі экспортқа шығарылады. «СемАЗ», «АгромашХолдинг», «Қазақстан темір жолының» зауыттары жұмыс істейді. Құрылыс материалдары – цемент, кірпіш, гипс, металл құрылымдар өндіріледі. Нарықта «Steppe Cement», «Шымкентцемент» сияқты зауыттар бар. Мұнайдан бензин, дизель, битум, пластмасса секілді өнімдер шығарылады.
Қош. Қазақстан өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің тұрақты артуы, инвестициялық белсенділіктің өсуі, экспорттық көрсеткіштің жақсаруы, импорт алмастыру бағытындағы прогресс және өңірлер мен салалар аралығында теңгерімді даму үрдісі байқалды. Ендігі мақсат – шикізат рөлінен индустрияланған, цифрлық технология негізіндегі экономикаға көшу.
Айнұр ӘЛИ
06 желтоқсан 2025 ж. 37 0

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 37

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 24

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031