Электронды емтихан алаңы пайдалануға беріледі
Әрбір салада атқарылған іс сараланып, алға жоспар межеленетін күн алыс емес. Себебі, жылжабар уақыт жақын. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де биыл ауқымды шараларға мұрындық болды. Әсіресе, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қолға алынған жұмыс көп.
– Мұрат Байғабылұлы, ауданның қайнап жатқан тіршілігіне ара-тұра өң беруге атсалысатын бөлімді басқару зор жауапкершілікті талап етеді. Сіздерге бір емес, бірнеше сала жүктелген. Қалай үйлестіресіздер?
– Иә, әрине осындай жүктемесі салмақты жүйені жүйелеу мықты күш-жігер мен біліктілікке келіп тоғысады. Қарымың мен ептілігің жетсе, өзіңді кез келген жағдайға шыңдауға болады. Көпшілік біздің бөлімді ештеңе атқармай жатыр деп ойлайды. Бірақ біреу білер, біреу білмес менің қарамағымдағылар өз ісінің нағыз жауынгерлері десем болады. Бөлімде 5 мемлекеттік қызметкер, 8 әдіскер түрлі саланы қамтиды. Күнделікті сәт сайын берілген тапсырмаларды орындап, тиісті обьектілерді аралап үлгеруге ыңғайланған. Олар автомобиль жолдары, жолаушылар тасымалы, коммуналдық қызметтер саласы және тұрғын үй қатынастары бойынша жұмыстарды жүзеге асырады. Мәселен, қазір ауданда 106 көпқабатты тұрғын үй тізімде тұр. Оның ішінде, 2 мен 3, 4 пен 5 қабатты үйлер бар. КНС насосты станциялары 9,2 шақырым қашықтықты құрайтын кәріз жүйесі жұмыс істеуде. Дегенмен, қолданыстағы кәріз жүйесінің ескіруіне орай оны қайта жаңғырту жоспары енгізілді.
Сонымен қатар, Қазалы қаласы мен Әйтеке би аралығында кәріз жүйесін жаңадан жүргізу үшін 5 КНС салу жобасы әзірленуде. Осы мақсатты істер алдағы уақытта іске асады деген ниеттеміз.
– Жалпы, бізде әркез жиі қозғалатын жол мәселесі ғой. Әсілінде барлығымызда ойық шұңқырсыз тегіс жерлермен жүргенді қалаймыз. Осы күрмеулі істі шешуге мүмкіндік жоқ па?
– Ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендердің 405 шақырымды құрайтын 455 көше жол тораптары бар.
Өткен жылы 50 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің 40 көшесін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылға жалпы ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 9 жол мен 1 көпір құрылысын жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаржы құйылды.
Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа бірқатар жол құрылыс жұмыстары атқарылды.
Атап айтқанда, Бозкөл мен Кәукей елді мекендерінің арасындағы автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аталған жолға көлдің ұлтаны өте жақын болғандықтан, жолдың негізгі қабаты күшейтілді. Оған топырақ, бутвый тас және геотекстиль төселді. Сондай-ақ, қиыршық тас қабаты толықтай жайылып, 26 шақырымға қара шебін және асфальт қабаты құйылды.
Қазіргі таңда жол жиегін бекіту және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Аталған нысан 2023 жылға өтпелі болып табылады.
«Басықара-Абай» 20 шақырым автомобиль жолын жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мемлекеттік қабылдау жүргізілуде.
«Қожабакы-Бекарыстан би» автомобиль жолын түзеу жұмыстары атқарылды. Осы жолдың 18 шақырымына қиыршық тас төселіп, 3 шақырымына асфальт қабаты жайылды. Жоба сметалық құжатында көрсетілген жұмыстар толық аяқталды.
«Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолын және жоғарыда атап өткен жолдарды орташа жөндеуді «СтройМодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жолдың бұзылған учаскелері 4000 м² қалпына келтіріліп, 17 шақырымға асфальт қабаты тапталды.
«Бекарыстан-Майдакөл», «Кожабакы-Бекарыстан би–Майдакол», «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» автомобиль жолы жасалуда. Оны «Нұрас и К» ЖШС-гі атқаруда.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында бөлінген ақша «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын «Жылу-21» ЖШС-гі тарапынан темірбетон көпірінің негізі қаланып, тіреулері және плиталары қойылды. Көпір жиегіндегі қоршаулары орнатылып, асфальт қабаты төселді.
– Қыруар шаруа қолға алыныпты. Енді осы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын қалай күтіп-ұстап отырсыздар?
– Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша Тасарық, Аранды елді мекендерінің қиыршық тасты жолдары қайта тегістелген. Жол жиектері өсімдіктерден тазартылды. Оған қоса аудандық маңыздағы автомобиль жолдарындағы көпір қоршаулары сырланып, жол белгілері қайта жаңартылды.
Жыл сайынғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын-алу мақсатында қажетті жол белгілері мен жол кедергілеріне түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы мақсатта 2022 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сай қаралған қаржыға Әйтеке би кентіне барлығы 162 жол белгісі мен 4, сондай-ақ, Майдакөл, Аранды ауылдық округтеріне 2 жол кедергісі орнатылды.
Биыл 30 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына, елді мекендердегі 16 жаяу жүргінші жолдарына жол жолағы сызылды. Одан бөлек, аудан орталығы Әйтеке би кентіне 6 жерге күн энергиясымен қуат алатын 98 мысық көз қондырғылары орнатылды.
– Бұл істер әлі де жалғасын табады деген үміттеміз...
– Әрине. Жылда атқаратын жұмыстарымызды алдын ала жоспарлап қоямыз. Мәселен, осы жылдың мамыр, маусым айларында облыс әкімдігінде 2023 жылға қаржыландыруға ұсынылатын жобалардың тізімі нақтыланған болатын. Бұл ретте төмендегіше нысандардың жұмысын қаржыландыру бойынша бюджеттік өтінімдер тапсырылды.
Жалпы құны 1259,0 миллион теңгені құрайтын Отгон-Тасарық, Қожабақы-Бозкөл, Мұратбаев ауылына кіре беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және орташа жөндеу діттелді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 елді мекеннің 52 көшесін ретке келтіру жоспарға енді. Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасымен қаржыландыру үшін Қазалы қаласының 15 көшесін қайта жаңғырту көзделді. Облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін Бозкөл елді мекенінің 2 көшесін орташа жөндеу жобасы ұсынылды.
Ағымдағы жылы 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолын Әйтеке би кенті көшелерін қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға жоба сметалық құжаттар әзірленуде. Оның ішінде, «Бекарыстан би – Шөмішкөл», «Бозкөл–Лақалы-Тасарық» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобаларына сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ол 2023 жылға қаржыландыруға жолданды. «Қожабақы – Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу жобасы сараптамаға ұсынылды.
Ал, Әйтеке би кентінің Әйтеке би және Жанқожа Нұрмұхамедұлы көшелерін қайта жаңғырту жобасында көшелерді мүмкіндігінше кеңейту, жарықшамдарды, жол бойындағы инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары қарастырылуда.
– Жөн-ақ жол мұраты жету болса, оған қатысты түйіндер құр уәдемен шектелмей, рет-ретімен шешілуге жазсын. Ал энергетика саласы бойынша жобаларды іске асыру барысы қалай атқарылуда?
– Биыл шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде Қазалы қаласының 10 көшесін жарықтандыруға республикалық бюджеттен қомақты қаржылай қолдау жасалды. Бүгінде 348 жарықшам орнатылып, электр желілері тартылды.
Сонымен қатар, Қазалы қаласы электр желілерін қайта жаңғырту жобасы мердігер мекеме тарапынан жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 16,64 шақырым ұзақтықты қамтитын электр желісі жаңартылатын болады. Әйтеке би кенті мен Түктібаев ауылының электр желілерін қайта жаңғырту жобасы әзірленді.
– Аудандағы ауыз су ахуалы қандай деңгейде?
– Аудандағы 42 елді-мекеннің орталықтандырылған ауыз су құбырына – 30 елді-мекен қосылған, скважина арқылы – 10 елді-мекен, тасымал арқылы – 2 елді-мекен қамтылған.
Халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі қалалық елді-мекенде – 100, ауылдық елді-мекендерде – 93,5 процентті құрайды.
Байқожа топтық су құбырының сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау жобасы бойынша ағымдағы жылға бөлінген ақшаға Нұра топтық су құбырының облыстық ОДСП Арал филиалы арқылы сатып алу конкурстары өткізілді. Нәтижесінде жеңімпаз болып анықталған «Темірстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Көркейту-абаттандыру жұмыстарының қарқыны көңіліңізден шыға ма?
– Енді біз мекен етіп отырған туған жерімізді әсемдеуге барынша күш салудамыз. Қарым-жігерімізге қарай жұмыстар атқардық. Келешекте де қолдан келгенше көгалдандыру шараларын жүзеге асырамыз. Әзірге Әйтеке би кенті 5 кварталдағы 18 пәтерлі 6 жалдамалы тұрғын үйдің, аумағы абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен қарастырылған қаржыға мердігер мекемемен жасалынған шартқа сәйкес жұмысты аяқтау жоспарлануда.
Маңызды жобада балалар, беседка, әткеншекке арналған алаңдар мен көше тренажерлері, субұрқақ және тағы басқа да жұмыс түрлері қарастырылған.
Сондай-ақ, өткен жылы «Автоматтандырылған электронды емтихан алаңын» салуға бөлінген қаржыға құрылыс жұмыстары басталған болатын. Биыл бұл жұмыстарды жалғастыруға облыстық бюджеттен демеу көрсетіліп, нысанды пайдалануға беру көзделуде.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА