Қуатты қалалар – қуатты аймақтардың негізі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қалаларды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Мемлекет басшысы ауыл-аймақтарды дамыту маңызды міндет болып қала беретінін атап өтіп, қазіргі таңда экономика, білім мен технологияның негізгі орталығы қалалар екенін жеткізді. Шынында да, қаланың өркендеуі тұтас өңірдің дамуына серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамиды, халықтың өмір сүру сапасы артады.
Осыған орай әрбір ірі қаланың орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажет. Жоспарлы жұмыс көлік жүйесін жетілдіруге, инженерлік желілерді жаңартуға, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Жолдауда көтерілген маңызды бағыттардың бірі – қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеу. Бұл технология қалалық ресурстарды тиімді басқаруға, инфрақұрылымның жағдайын бақылауға және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға жол ашады. Цифрландырудың басты мақсаты – заманауи мүмкіндіктерді халықтың игілігіне пайдалану.
Сонымен қатар қалалардың қауіпсіз, таза әрі жайлы болуы – ортақ міндет. Қоғамдық орындарды абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту, көшелердің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарымен үндеседі.
Қаланың дамуы тек жаңа ғимараттар салумен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – тұрғындардың өмір сапасы, қауіпсіздігі және қолайлы ортада өмір сүру мүмкіндігі.
Президент атап өткендей, қарқынды дамыған қала өңір экономикасының өркендеуіне және адами әлеуеттің артуына ықпал етеді. Сондықтан жүйелі жоспарлау, тиімді басқару және заманауи технологияларды енгізу – елдің тұрақты дамуының маңызды кепілі.










