Ауыл мәдениетінің ауқымы тарылмасын
Қашанда мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы болып табылған. Елімізде мәдениет саласына орасан зор көңіл бөлінуде. Оның бір дәлелі, аудан орталығынан шалғай орналасқан Кәукей ауылында 100 орындық клуб іргетасының қалануы.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бой көтеріп жатқан жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін аса пайдалы екенін айтып, балалардың мәдениетке, білім мен ғылымға деген ынта-ықыласы арта түсуіне септігі мол екенін тілге тиек етті.
Мұнан соң аудан басшысы халықтың қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаттары Ғазиз Әліш, Райымбек Бөлебаевтармен бірге жаңа нысанның іргетасын қалады.
Ауылдық клуб ғимараты екі қабатты болады. Оның жер көлемі – 0,92 гектар, ал ғимарат көлемі 32 де 19 метр болмақ. Онда көрермен, холл, санитарлық бөлмелер, сонымен қатар гардироб, тамбур, әртістік, сахнаға шығатын бөлмелері қамтылған. Қосымша кітапхана, жылыту пункті, қойма, сахна, күзет бөлмесі, директор және мамандар бөлмесі бөлінеді. Клуб алаңына әжетхана, бу қазандығы және арнайы автотұрақ салынады.
– Құрылыс жаңадан салынан саябақтың жанында орналасқан. Себебі алдағы уақытта клуб ауласын суландыру, көгалдандыру жайын есепке алып, таңдалған болатын. Қазіргі таңда жұмыс қызу басталып кетті. Ауыл тұрғындарынан 9 адам жұмыспен қамтылып, оның 2-еуі жұмыспен қамту орталығы арқылы алынса, қалған 7 азамат келісім шарт негізінде жасап жатыр. Бұйырса іргетасы қаланып бітсе, қосымша екі бригада жұмылдырылады. Яғни, жергілікті жерден 14 адамды нәпақасын табуға шақырамыз ба деп отырмыз. Тек сырттан арнайы құрылыс көліктері ғана тартылады. Бүгінде клуб құрылысы аудандық құрылыс, сәулет бөлімі басшысының тікелей қадағалауында, – дейді Қызылқұм ауылдық округ әкімі Оңталап Кемаладинұлы.
Айта кетейік, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға құрылысы басталған жаңа нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарын «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізуде.
Серік АҚМЫРЗА