2027 жылы қазақстандықтардың қолға алатын жалақысы өсуі мүмкін
Фото: Pexels
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыдан жеке табыс салығы ұсталмайтын соманы көбейту жоспарланып отыр. Базалық салық шегерімі айына 129 750 теңгеден 140 790 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзгеріс 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында көзделген. Құжатқа сәйкес, айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеден 4 693 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Салық кодексіндегі тәртіп бойынша базалық шегерім 30 АЕК-ке тең. Бұл сома қызметкердің салық салынатын табысын есептегенде шегеріледі.
Шегерім 11 040 теңгеге артса, жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10% болған жағдайда қызметкер айына 1 104 теңгені үнемдей алады. Бір жылда бұл 13 248 теңге болады. Яғни, жалақының жалпы мөлшері өзгермесе де, қолға тиетін ақша сәл көбеюі мүмкін.
Мысалы, айлығы 500 мың теңге қызметкердің міндетті зейнетақы жарнасы 50 мың, медициналық сақтандыру жарнасы 10 мың теңге болса, 2026 жылы жеке табыс салығы 31 025 теңгені құрайды. Ал 2027 жылы жаңа шегерім күшіне енсе, салық 29 921 теңгеге дейін азаюы мүмкін. Айырмасы — айына 1 104 теңге.
Айлық есептік көрсеткіштің өсуі кейбір әлеуметтік салық шегерімдерінің мөлшеріне де әсер етеді. Мәселен, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған 5 000 АЕК мөлшеріндегі жылдық шегерім 21 млн 625 мың теңгеден 23 млн 465 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал. III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға және заңда көрсетілген өзге де санаттарға арналған шегерім де ұлғаяды.
Базалық шегерім бір жұмыс беруші арқылы және қызметкердің өтініші негізінде қолданылады. Ал әлеуметтік шегерім алу үшін оны пайдалануға құқығы барын растайтын құжаттар қажет. 2027 жылға арналған нақты мөлшерлер республикалық бюджет туралы заң қабылданып, оған қол қойылғаннан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда талқыға түсіп жатқан сән-салтанат салығы кәсіпкерлерге әсер етуі мүмкін екені айтылған еді.












