Сахна сәні байқауы өтті
Тәуелсіздік күні қарсаңында Әйтеке би кенті әкімі аппаратының кенттік клубында «Сахна сәні» атты аудандық жүргізушілер байқауы өткізілді. Оған ауылдық округтер мен Әйтеке би кентінен барлығы 18 үміткер қатысып, өзара бақ сынасты. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жарыстың мақсаты – тіл тазалығын сақтап, жастардың сөйлеу мәдениетін, көркем шығармашылыққа құштарлығын дамыту бағытында сахна жүргізушілері сабын көбейту.
Өнер мен білім – өмірдің сәні мен бейнесі. Кең даладағы қазақтың тұрмыс-салтының, көшпелі өмірінің өзі ақындық шешендік, әншілік-күйшілік өнердің өркендеуіне жетекші болған. Сол себепті де ауданда өтетін іс-шараларды өткізуге бейімдеуді діттеген мәдениет өкілдері конкурсқа қатысушылардың мәнерлеп оқу дикциясына, сахнада жүріп-тұруы мен киім үлгісіне баса мән берді.
Үш кезеңнен тұратын сайыста қарсыластарынан оза шапқан Самұрат Шарападин бас жүлдені жеңіп алды. Рабиға Әлиева бірінші орынды иемденсе, екінші орынға Назгүл Бақыт пен Мұрат Жанділдаев жайғасты. Ал үшінші орынды Нұргүл Әжіғұлова мен Айлуна Ақайдар және Мереке Меңдібаева қанжығасына байлады.
Жүлдегерлерге арнайы диплом мен сыйлықтар табысталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.